Нөлден басталған бизнес
Нөлден басталған бизнес
557
оқылды

Adilet event group –Қызылорда қаласындағы ең ірі фотостудияның бірі. 2017 жылға дейін жай ғана Әділет студиясы болған орталық бүгінде тойға қажетті дүниенің барлығын қамтамасыз етеді. Студия­да жиырма адамды, ал сән салонында отызға жуық бойжеткенді қызметпен қамтыған мекеме 24 сағат үзіліссіз жұмыс істейді. Ең қызығы, осындай үлкен орталықтың директоры Әділет Байнашев ең алғаш кәсібін көлік жуушы болып бастапты.

Әділет Қызылорда облысы Қар­мақшы ауданына қарасты Жаңақала ауылында дүниеге келген. Алайда отбасымен бірге 2005 жылы Қызылорда қаласына қоныс аударады. Ауылдан қалаға келгенде Әділетті түрлі қиын­дықтар қарсы алады. Себебі өзі­нен бөлек анасы мен ағасы да жұмыссыз еді.

– Қалаға келген алғашқы ке­зең­де көлік жуатын орталықта жұ­­мыс істедім. Сол уақытта қа­лада «Фудифильм» деген фото­салон ашылған. Бірде сол жақтың бас­тығы қармақшылық Руслан деген ағаммен таныстым. Өзі фотограф болып орталық алаңда суретке түсіреді екен. Аз-кем таныстық­тан соң мені жұмысқа шақырып, бағыт-бағдар берді. Осылайша, қаладағы ең алғаш жұмысымды 2007 жылы жаңа жыл қарсаңында бастадым. Алаң­ға 16 желтоқсан күні шығып, де­ма­лыссыз бір ай жұмыс істедік. Күн суық, жаурап жүріп таңғы то­ғыздан түнгі екіге дейін суретке түсіретінбіз. Ол кезде «Мейір фо­то» орталығына барып, суретті плён­кадан шыға­рып, алаңда та­рататын едік, – дейді жас кәсіпкер.

Әділет сол кезде «Фуди­фильм­де» түсірген әр суреті үшін жалпы табыстан 5 пайыз көле­мінде үлес алып тұрады. Ол кезде қазіргідей емес, ақша құнды. Ал суреттердің бағасы 50-70 теңге тұратын. Табысы өз қажетіне жет­кенмен, отбасылық бюджетке аз­дық қылғандықтан, Әділет 2009 жыл­дың қыс айында орта­лықтан бөлініп шығып, осы кә­сіп­пен жеке айналысуға бел буа­ды. Та­ныстардан қарыз алып, фото­графқа керек заттарды сатып алады. Солай ала жаздай паркте, қыста орталық алаңда жүріп, жұрт­­пен таласып, суретке түсіреді.

– 2010 жылдары қалада фото­граф кортежге мүлдем шық­пай­тын. Тек асабалар камерасымен ғана барушы еді, ал арнайы фотограф болмайды. Содан қа­сыма Батыр деген інімді ертіп алып, мешіттің жанына жайға­са­тынбыз. Көп ұзамай мұнда жас жұбайлар кортежбен келеді. Сол кезде өзіміз түсірген суреттерден жинақталған альбомды көрсе­теміз. Көп жағдайда суреттерді қалыңдыққа береміз, ол күйеу жігітті көндіреді. Өйткені ер адам­ға бәрібір ғой, суретті аса бір керексінбейді. Өзімізде несиеге алған машина бар еді. Кортеждегі басты көлік бағдаршамға тоқтаған кезде терезесінен альбомды лақ­тырып жібереміз. Сосын мешіт­тен күтіп аламыз. Жас жұбайлар келген кезде міндетті түрде ке­лісіп, тапсырыс беріп кететін. Бұл да бір қызық кездер еді. Сонда бас-аяғы 10 000 теңге табамыз, кейде екеуміз екі тойға барып, 20 000 теңге тауып келетінбіз, – дейді кәсіпкер.

Әділет тойдан жиған табы­сына 2011 жылы кәсіби камера сатып алып, бір жыл өткен соң облысқа қарасты ауылдарды аралай бастайды. Барған жерінде мектеп директорымен келісіп, мектеп түлектерінің винетка­ларын шығарады. Солай қыста винетка, жазда кортеждерді аң­дып жүріп, жұмыс істейді.

– Біраз тәжірибе жинаған соң, студия ашуды ниет қылып жүр­дім, сол арманыма 2013 жылы бір-ақ жеттім. Ең алғаш Қы­зылор­да қонақ үйінің жанынан студия ашып, кейін Қызылорда медициналық колледжіне қара­ма-қарсы бетке орналастық. Ал жаңа орталық былтыр қолда­нысқа берілді. Ғимаратты да нөл­ден бастап өз қаражатыма сал­дырттым. Жаңаша бағытты бай­қап көрейік деп, ішіне тағы бір­неше кәсіп қостық. Мұнда қа­лың­дық көйлегін сататын орта­лық, сән салоны, той болатын жерді безендіру орталығы және фото-видео студиясы орналасқан. Қазір әкімшілікпен келісіп, түрлі жо­балармен жұмыс істеудеміз. Тап­сырыс қай жақтан түссе де қа­был алып, халыққа қызмет көр­­сетеміз. Бұдан бөлек, биыл Ал­­маты қа­ласынан тағы бір орта­лық ашу жоспарда бар, – дейді Әділет.

 

Гүлдана ЖҰМАДИН,
Қызылорда облысы