Ажал аранынан арашалады
Ажал аранынан арашалады
237
оқылды

Алматы облысы ­бо­йынша төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте өрт кезінде үш бірдей баланы ажал аранынан арашалап қалған Алмас Ризабеков марапатталды.

Ол Ескелді ауданының ор­та­лығы Қарабұлақ ауылындағы кө­шелердің бірімен өтіп бара жат­­қан Алмас сол маңдағы бір үй­­дің лаулап жанып жатқанын көре салып, бірден Алматы об­лыстық төтенше жағдайлар де­пар­таментінің кезекшілігіне ха­барласады. Өрт сөндірушілер кел­генше қарап тұрғанды жөн көр­меген және көмек сұраған ба­лалардың шырқыраған дауы­сын естіген жігіт өз өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, жалынға оранған үйдің те­резесін сын­ды­рып, оттың ішіне қойып кетеді. Ересек­тердің қарауынсыз қал­ған және өрт кезінде қайда ты­ғы­ла­рын біл­мей әбден қорыққан балаларды сыртқа алып шығады.

Алматы облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті басшысы міндетін уақытша атқарушы, полковник Серікхан Тұраров Ішкі істер министрінің 2019 жылдың 9 шілдесіндегі бұйрығына сай, балаларды өрттен құтқару кезінде көрсет­кен ерлігі мен батылдығы үшін Алмас Ризабековті «Өртте көр­сет­кен қайсарлығы үшін» меда­лімен марапаттады.

«Алмас Ризабеков кез келген ересектің өзі бара бермейтін қадамды жасап, үш бірдей баланы ажал аузынан суырып алды. Облыс тұрғындарының арасында қайсарлық сыналар сәт туған кезде басын өлімге тіге отырып, адамдарға көмектесуге дайын жандардың бар екендігі қуантады. Алмасқа амандық пен бақыт тілейміз» деген полков­ник балаларды құтқарған ба­тырдың анасы Әлия Кен­же­­баеваға Ішкі істер министрінің Алғыс хатын тапсырды.


Болат АБАҒАН
Алматы облысы