Сан емес, сапа керек
Сан емес, сапа керек
348
оқылды
Бес әлеуметтік бастаманың бірі – жастарды қолдау. Мемлекет басшысы «Бұл төртінші өнер­кә­сіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді. Мұнда, ең алдымен, инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология сала­сының мамандары туралы сөз болып отыр. Бұл – жастарға мем­­лекет қамқорлы­­ғы­ның айқын көрінісі. Сонымен бірге, техни­калық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша барлық жоғары оқу орындары гранттарының құнын ұлттық жоғары оқу орындарының гранттары деңгейіне дейін көтеру керек» деп айтқан болатын.  

Президент жастарға жоғары білім беруде санға емес сапаға мән беруге баса назар аударып отыр. Сапалы білім алу, әлеуметтік тұрмысын жақсартуға жағдай жасау мемлекет тарапынан қол­дауға ие.

Осы мақсатта жыл сайын бө­лінетін 54 мың оқу грантына биыл қосымша тағы 20 мың грант бөлінеді. Оның 11 мыңы тех­ни­калық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі.

Қазіргі таңда оқу орында­рындағы студенттердің әлеумет­тік мәселесін шешуді мемлекет-жекеменшік серіктестік қағи­дасымен бірлесіп шешімін тауып жатыр. Оның ішінде сапалы кадр даярлау мәселесіне өндірістік кәсіпорындар да үлес қосып отыр. Теориялық білімді прак­тикамен шыңдау кадр даярлауда өте өзекті.

Павлодар мемлекеттік уни­вер­ситеті жанындағы колледж студенті Нұржан Анатольев прак­тикада көзбен көріп, қолмен ұстап, тәжірибе жинаудың артық­шылығы көп екенін айтты.

– Техникалық мамандық иелеріне сұраныс өте көп. Кол­леджде теория жүзінде өткенді практикада жүзеге асырудың айырмашылығы жер мен көктей екен. Себебі, сабақта өткеніңді өндіріс орнына келгенде іске асыру үшін ең бірінші қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау – міндет. «ҚазТрансОйл»-дан практикадан өтудің жаңа әдіс-тәсілдерін көр­дім. Артықшылығы – прак­тикадан өткенің үшін еңбекақы төленеді. Тегін тамақ пен жұмыс киімін береді. Мамандар теория жүзінде оқығанымызды рет-ре­тімен, сатылап түсіндіреді. Бұрын ірі өндіріс орындарына прак­ти­каға барғанда, тек нұсқаулықпен танысып қайтатынбыз. Бұл жолы тәжірибе жинау үшін бастапқы сатыдан күрделіге қарай тап­сыр­маларды орындадық. Өндірістің ішкі аумағында тапсырманы орын­дау маман ретінде өзіңе се­німділікті қалыптастырады. Әр қадамыңда қауіпсіздікті қаперден шығармау керек екенін түсіндім. Теориялық білімнің практикасыз нәтижесі жоқ екен. Оқу бітірген соң барлық қауіпсіздік талапта­рын қатаң сақтайтын ірі өндіріс орындарында жұмыс істегім ке­леді. Жастарды қолдап, жол көр­сеткен мамандардың тәжірибесі үлкен сабақ болды, – дейді Нұр­жан Анатольев.

Президент тапсырмасынан соң техникалық мамандықтар­ға кадр даярлау мәселесі кезең-кезеңімен іске асса, өндіріс са­ласында кадр тапшылығы жо­йылмақ.

«ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының орынбасары Орал Ыдырысов жастарды практика­дан өткізіп, тұрақты жұмысқа ор­наластыру бастамасын өзге ком­паниялар да жалғастырса дейді.

– Жастар жылы болғандықтан, біз де арнайы жол картасын жа­садық. Оған себеп, компания қызметкерлерінің орташа жасы шамамен – 43 жас. Соны ескере отырып, болашақта өзімізге ма­мандар дайындау үшін арнайы бағдарлама қабылдадық. Білім және ғылым министрлігімен Ме­морандумға қол қойдық. Мұнай саласына маман дайындайтын Назарбаев университеті, Қазақ-Британ техникалық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-мен өзара келісімшарт жасадық. Соның негізінде студенттер бізде практикадан өтеді. Біз 12 өңірмен тығыз байланыста жұмыс істей­міз. Үйлері кәсіпорындардың жанында орналасқан студенттерді практикаға шақырамыз. Диплом алған соң, үйінің қасынан жұ­мысқа орналасқан тиімді. Биыл аймақтардағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан жалпы 430 студент практикадан өтіп жатыр. Практиканың ерекшелі­гі – студенттерге еңбекақы тө­лейміз. ЖОО-ның студенттері – 100-120 мың теңге, колледж сту­денттері – 70-80 мың теңгеден еңбекақы алады. Батыс өңірінде күнкөріс мөлшері қымбат болған­дықтан, Ақтау, Атырау, Құлсары, Жаңаөзен, Орал өңірінің кол­леджде оқитындарға – 80 мың, ЖОО студенттеріне 120 мың тең­ге төлейміз. Еліміздің өзге өңір­лерінде – 70-100 мың теңге. Тегін тамақ, жұмыс киімі, қауіпсіздік құралдарымен толықтай қам­тамасыз етеміз. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін студенттердің жұмыс жүктемесі өзге жұмысшы­лардан 1-1,5 сағатқа аз. Жатын ор­нынан бастап толық жағдай жасалған. Биылғы 3-4 курстың студенттері келесі жылы тағы прак­тикаға өтеді. Өндірісте жүріп, диплом жұмысын жазады. Практикадан өте жақсы өткен студенттерді конкурс негізінде тұрақты жұмысқа қабылдаймыз. Осы бастамамызды өзге ірі кә­сіпорындар қолдаса нұр үстіне нұр болар еді. Жергілікті жерлерде кадр тапшылығы мәселесі өз­дігінен шешіледі, – дейді Орал Ыдырысов.

Сұранысқа ие білікті кадрлар­ды даярлау бағдарламасы үздіксіз жалғасын табады.

Майра БАҚЫТ