Бес әлеуметтік бастаманың бірі – жастарды қолдау. Мемлекет басшысы «Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді. Мұнда, ең алдымен, инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары туралы сөз болып отыр. Бұл – жастарға мемлекет қамқорлығының айқын көрінісі. Сонымен бірге, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша барлық жоғары оқу орындары гранттарының құнын ұлттық жоғары оқу орындарының гранттары деңгейіне дейін көтеру керек» деп айтқан болатын.
Президент жастарға жоғары білім беруде санға емес сапаға мән беруге баса назар аударып отыр. Сапалы білім алу, әлеуметтік тұрмысын жақсартуға жағдай жасау мемлекет тарапынан қолдауға ие.
Осы мақсатта жыл сайын бөлінетін 54 мың оқу грантына биыл қосымша тағы 20 мың грант бөлінеді. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі.
Қазіргі таңда оқу орындарындағы студенттердің әлеуметтік мәселесін шешуді мемлекет-жекеменшік серіктестік қағидасымен бірлесіп шешімін тауып жатыр. Оның ішінде сапалы кадр даярлау мәселесіне өндірістік кәсіпорындар да үлес қосып отыр. Теориялық білімді практикамен шыңдау кадр даярлауда өте өзекті.
Павлодар мемлекеттік университеті жанындағы колледж студенті Нұржан Анатольев практикада көзбен көріп, қолмен ұстап, тәжірибе жинаудың артықшылығы көп екенін айтты.
Президент тапсырмасынан соң техникалық мамандықтарға кадр даярлау мәселесі кезең-кезеңімен іске асса, өндіріс саласында кадр тапшылығы жойылмақ.
«ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының орынбасары Орал Ыдырысов жастарды практикадан өткізіп, тұрақты жұмысқа орналастыру бастамасын өзге компаниялар да жалғастырса дейді.
– Жастар жылы болғандықтан, біз де арнайы жол картасын жасадық. Оған себеп, компания қызметкерлерінің орташа жасы шамамен – 43 жас. Соны ескере отырып, болашақта өзімізге мамандар дайындау үшін арнайы бағдарлама қабылдадық. Білім және ғылым министрлігімен Меморандумға қол қойдық. Мұнай саласына маман дайындайтын Назарбаев университеті, Қазақ-Британ техникалық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-мен өзара келісімшарт жасадық. Соның негізінде студенттер бізде практикадан өтеді. Біз 12 өңірмен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Үйлері кәсіпорындардың жанында орналасқан студенттерді практикаға шақырамыз. Диплом алған соң, үйінің қасынан жұмысқа орналасқан тиімді. Биыл аймақтардағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан жалпы 430 студент практикадан өтіп жатыр. Практиканың ерекшелігі – студенттерге еңбекақы төлейміз. ЖОО-ның студенттері – 100-120 мың теңге, колледж студенттері – 70-80 мың теңгеден еңбекақы алады. Батыс өңірінде күнкөріс мөлшері қымбат болғандықтан, Ақтау, Атырау, Құлсары, Жаңаөзен, Орал өңірінің колледжде оқитындарға – 80 мың, ЖОО студенттеріне 120 мың теңге төлейміз. Еліміздің өзге өңірлерінде – 70-100 мың теңге. Тегін тамақ, жұмыс киімі, қауіпсіздік құралдарымен толықтай қамтамасыз етеміз. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін студенттердің жұмыс жүктемесі өзге жұмысшылардан 1-1,5 сағатқа аз. Жатын орнынан бастап толық жағдай жасалған. Биылғы 3-4 курстың студенттері келесі жылы тағы практикаға өтеді. Өндірісте жүріп, диплом жұмысын жазады. Практикадан өте жақсы өткен студенттерді конкурс негізінде тұрақты жұмысқа қабылдаймыз. Осы бастамамызды өзге ірі кәсіпорындар қолдаса нұр үстіне нұр болар еді. Жергілікті жерлерде кадр тапшылығы мәселесі өздігінен шешіледі, – дейді Орал Ыдырысов.
Сұранысқа ие білікті кадрларды даярлау бағдарламасы үздіксіз жалғасын табады.
Майра БАҚЫТ