Адам баласы жоқ жерден проблема тапқыш-ақ. Оларды «Сау басқа сақина тілеп алушылар» дейді. Одан кейін жүргені отқа да, сотқа да тү-сіп. Соңғы кездері ұялы телефонмен, әлеуметтік желіде, мессенджерде және басқа да қосымшаларда қоғамдық қауіпсіздікке қауіп-қатер туғызатын азаматтарға, ұйымдар мен мемлекетке зиян келтіретін жалған ақпарат тарату жағдайлары жиілеп кеткен.
Осы әрекеті үшін қылмыстық жауаптылық барын әркім біле бермейтіні қынжылтады. Қылмыстық кодексте жалған ақпарат таратқаны үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылық көзделген 274-бап бар. Негізі терроризм актісі туралы жалған хабарлама деп шындыққа жанаспайтын мәлімет ұғынылады. Бір жерде бомба қойылған деп хабарлау түріндегі қалжыңның өзін құқық қорғау органдары алты жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмыс ретінде саралайтынын есте сақтаған жөн.
Мысалдарға көшсек. Сәтпаев қаласының сотында жарылғыш зат туралы жалған ақпарат берген ер адамға қатысты үкім шықты. Орталық аллеяда арақ ішіп отырған оның шарадай басына терроризм әрекеті жайында жалған ақпарат беру туралы ой келеді. Содан ұялы телефонмен 101 нөмірі арқылы қаланың өрт сөндіру бөліміне қоңырау шалып, «Престиж» дүкенінде бомба бар» деп, телефонын тастай салады. Бір қоныраудың кесірінен ол сот үкімімен үш жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Осындай жалған хабар берген Маңғыстау облысының тұрғыны 2 жыл 6 айға темір тордың арғы жағынан бірақ шықты. Ол да ұялы телефонынан 102 нөміріне хабарласып, дүкенге бомба қойып кеткені жайлы жалған мәлімет айтқан. Полиция департаментінің экстремизмге қарсы күрес басқармасының ақпараты бойынша, тек соңғы екі жылда Атырауда жарылғыш құрылғы салынғаны туралы 6 жалған хабарлама түскен. Бұл қылмыстың барлығы ашылған.
Әйел адамдар да бұл статистиканы «жетілдіре» түскен. Астанада 38 жастағы келіншек күйеуінің жұмыс орнына бомба қойылғаны туралы жалған хабар беріп, шұғыл қызметтерді аяқтарынан тік тұрғызған болатын. Мәлім болғандай, Нұр-Сұлтан ІІД-нің жедел басқару орталығына қаладағы бизнес-орталықтардың бірінің күзетшісінен хабар түскен. Оның жұмыс телефонына белгісіз әйел қоңырау шалып, ғимараттың үшінші қабатына бомба қойылғанын айтқан. Сөйтсек, оған күйеуінің жұмыс кестесі мен оған сыйластықпен қарамайтын ұжымы ұнамаған. Әйел оларды осындай әдіспен жазалағысы келген. Бұл кісінің үстінен де 273-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Қылмыстық заңнама талаптарына сай, жалған хабар таратқан адамға 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке, яғни 346 200 теңгеден 865 500 теңгеге дейін айыппұл салу және жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған.
Ал Оралда жалған шақырту кесірінен полицейлер Карев пен Мұхит қиылысындағы жол учаскесін жауып тастады. Жалған бомба туралы хабарлаған адам анықталуда. Жаңаөзенде сауда орталығына бомба қойылды деп жалған ақпарат таратқан күдікті ұсталды. Оқиға 17 шілде күні болған. 1986 жылғы азамат сағат түнгі 22.05-те өзінің ұялы телефонымен Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасы жедел басқару орталығына қоңырау шалып, «Самал» шағын ауданында орналасқан «Зиба» сауда орталығының жертөлесінде бомба қойылғанын хабарлаған. Ойын-сауық орталығының ішінен 80 адам эвакуацияланып, айналасы 500 метр қашықтық қоршауға алынып, іші-сырты тексерілген. Алайда ешқандай жарылғыш зат табылмаған. Жалған хабарлама берген күдікті сол күні қолға түскен.
Ақтөбе қалалық соты 69 жастағы зейнеткерге үкім шығарды. Тергеу органдары Жақсылық Батановқа Қылмыстық кодекстің 273-інші, яғни «Терроризм актісі туралы жалған хабарлау» бабымен айып таққан еді. Оны рақымшылық заңын қолдана отырып, түпкілікті 10 ай 16 күнге соттады. Ол жазасын қоныс колониясында өтемек. Бұған қоса зейнеткер «жарылғыш қойылды» деп әлекке түскен мекемелерге 1 ай ішінде 360 мың теңге төлеуі тиіс. Өйткені сол күні оқиға болған жерге 43 полиция мен 16 техника барған.
Терроризм актісі туралы жалған ақпараттан кейін атқарылатын қауіпсіздік шаралары бойынша ішкі істер бөліміне, төтенше жағдайлар бөліміне, жедел құтқару қызметіне едәуір материалдық шығын келеді. Сонымен қатар қазіргі кезде қылмыстық қудалау органдарымен техниканың дамуына байланысты қылмыскерді анықтау ешбір қиындық туғызбайды. Қылмыстық заңнама талаптарына сай, жалған хабар таратқан адамға 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке, яғни 346 200 теңгеден 865 500 теңгеге дейін айыппұл салу және жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған. Міне, «бір қоңырау» өміріңіздің тас-талқанын шығаратынының тағы да дәлелі. Олай болса, жалған ақпарат жарға жығатынын ойлап қойғаныңыз жөн!
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ