Елбасы Бауыржан Байбекке Nur Otan партиясының жұмысын жандандыруды тапсырды
Елбасы Бауыржан Байбекке Nur Otan партиясының жұмысын жандандыруды тапсырды
5,298
оқылды

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдады.

Кездесуде Тұңғыш Президентке партияны жаңғырту жоспарының орындалуы, сондай-ақ Түркістан облысының Арыс қаласын қалпына келтіруде Nur Otan партиясының атқарып жатқан жұмыстары жөнінде есеп берді.

– Nur Otan партиясы – елдің басты саяси күші. Партия халыққа жақын болып, олардың мұң-мұқтажын біліп, оны жоюға барын салу керек. Қоғамдағы мәселелерді шешуге атсалысуы керек. Сонымен қатар, партиямыздың кадрлық құрамын мұқият зерделеу қажет. Nur Otan партиясы одан әрі дамуын жалғастыруы керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Партия төрағасы ел аймақтарындағы бастауыш партия ұйымдары мен Nur Otan партиясы филиалдарының жұмысын күшейтудің маңыздылығын атап өтті.

– Бастауыш партия ұйымдарының жетекшілерімен, Саяси кеңес мүшелерімен, партияның облыстық филиалдарының басшыларымен болатын кездесулер таяп қалды. Ұйымның барлық бөлімшесінің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету маңызды. Сондай-ақ, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардағы партия фракцияларының Үкіметтің және әкімдердің қызметіне бақылауды түбегейлі арттыру қажет, – деді Елбасы.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев орталықтағы және елдімекендердегі партиялық бақылауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңестердің жұмысын жетілдіру қажеттігін атап өтті.

Халықпен етене жақын байланыс тетіктерінің тиімділігін арттыру мәселелеріне, оның ішінде партияның қоғамдық қабылдау қызметіне баса назар аударылады. Кездесу соңында Елбасы партияны қайта жаңғырту, іске қосу бағдарламасын әзірлеуді және оны Nur Otan партиясы Саяси кеңесіне жіберуді тапсырды.