Ферроқорытпа өндіру зауыты ашылды
Ферроқорытпа өндіру зауыты ашылды
511
оқылды

Премьер-министр Асқар Мамин Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді. Үкімет басшысы жұмыс сапары барысында ферроқорытпалар өндіру зауытының ашылу салтанатына қатысып, тау-кен байыту кешенінің бірқатар кәсіпорындарын аралады.

Премьер-министрдің орын­басары Жеңіс Қасымбек, Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрі Роман Скляр, Ұлттық экономика ми­нистрі Руслан Дәленов, Эко­логия, геология және табиғи ре­сурстар министрі Мағзұм Мыр­зағалиев, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, YDD Corporation құрылтайшылары Ерлан Нығматулин, Давид Кемер­те­лидзе және Дінмұхаммед Ыдырысов болды. Сондай-ақ зауыттың ашылу салтанатына «Русская медная компания» ЖАҚ директорлар кеңесінің төрағасы Игорь Алтушкин, «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Эдуард Огай, Yildirim Group компаниясының прези­денті әрі бас директоры Роберт Йилдирим, Sigma банкінің бас директоры Стефан Вольф, «КазЦинк» компаниясының бас директоры Александр Хмелеев зауыттың ашылуына қатысты.

Жаңа ферроқорытпа зауыты металлургия саласындағы басты кәсіпорындардың біріне айна­лады және өңірдің ғана емес, сондай-ақ жалпы еліміздің әлеу­меттік-экономикалық дамуына зор үлес қосады. Ферросили­цийдің негізгі көлемі Ресейге, Түркияға, Оңтүстік Кореяға, АҚШ-қа және Еуропалық Одақ елдеріне жеткізіледі. Сонымен қатар дайын өнім өндіру кезіндегі қазақстандық қамту 94%-дан астам үлесті құрайды. Премьер-министр Қарағанды облысының Қазақстанның өңдеу, металлур­гия, тау-кен өндіру өнеркәсібі, қара және түсті металлургия, ма­шина жасау саласын дамыту­дағы маңызды рөлін атап өтті.

– Зауытты тұрғызуға 1 500 жұ­мысшы жұмылдырылған. Өндіріс ашылған бетте 350 жұмыс орны ашылады. Ал екінші кезең іске қосылғанда жұмысшылар саны 550 кісіге ұлғаяды. Жоба металлургия кешенін арттырып, Қарағанды облысының әлеу­меттік-экономикалық ахуалын жақсартуға оң ықпалын тигізеді. Кәсіпорын басшылығы мен барлық қарағандылықты жаңа кешеннің іске қосылуымен құт­тықтаймын» деді Асқар Мамин.

Кәсіпорын алғашқы кезеңде жылына толықтай экспортқа бағытталған 180 мың тонна өнім шығару көзделіп отыр.

– Осы ашылған жаңа фер­росилициум зауыты Қазақстан индустриясының жоғары дең­гейі­нің көрсеткіші деп айтуға бо­лады. Бұл – еліміздің инвес­тиция тарту жолындағы тағы бір құтты қадамы. Бүгінде өндіріс ор­нында индустрия 4.0 бағ­дарламасының барлық талабына сәйкес келетін ең озық иннова­циялық технологиялар қолда­нылды. Сонымен қатар зауыттан шығатын өнімдер 100 пайыз экс­портқа жіберілетін болады»деді YDD Corporation ЖШС құры­лтайшысы Ерлан Нығматулин.

Асқар Мамин, Ерлан Нығ­матулин, Давид Кемертелидзе және Дінмұхаммед Ыдырысов жаңа зауытты салтанатты түрде іске қосты. Осы сәтте, арнайы алаңда алғашқы ферроқорытпа балқымасы құйылып, зауыт жұмысын бастады.

– Бұл зауыттың ашылу сал­танатына қатысу – мен үшін үл­кен құрмет. Бұл жобаны осыдан үш жыл бұрын көрген едім. Үш жылда түрленіп үлгерген жобаны көріп, таңқалып тұрмын. Бұл – табандылық пен жүйелі жұмыс­тың жемісі. Қиялдағы арман өмір шындығына айналды. Қазақстан­ның өсуі мен өркендеуі жолын­дағы бұл үлкен жетістік. Сон­дықтан осы мемлекетке, оның адамдары мен экономикасына қосқан үлесім барын мақта­нышпен айта аламын. Ежелден бауырлас Қазақстан мен Түркия мемлекеттері достық қарым-қатынасын үзбейтініне сенім­дімін, – деді Роберт Йилдирим.

Асқар Мамин Қарағанды облысына жұмыс сапары бары­сында «Алайғыр» кен орнынның қорғасын-күміс кенін өңдейтін және байытатын, катодты мыс өндіретін кәсіпорындарына, сондай-ақ «Көктасжал» кен орны базасындағы тау-кен байыту кешеніне барды. Премьер-министр «SES Сарань» күн электр стансасын тексеріп, Қа­рағанды қаласының солтүстік және шығыс айналма жолы ре­конструк­ция­ланған автокөлік жолымен та­нысты. Ұзындығы 20 шақырым­нан астам «Қарасор көлінен ай­нала Көкпекті-Қа­рағайлы» ай­налма теміржол желісі құрылысы жобасын қарау ба­рысында су тас­қыны салда­рынан зиян кел­тірілген теміржол бөлігін қалпына келтіру жұ­мыс­тарының барысы туралы баян­далды.

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА
Қарағанды облысы