Премьер-министр Асқар Мамин Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді. Үкімет басшысы жұмыс сапары барысында ферроқорытпалар өндіру зауытының ашылу салтанатына қатысып, тау-кен байыту кешенінің бірқатар кәсіпорындарын аралады.
Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, YDD Corporation құрылтайшылары Ерлан Нығматулин, Давид Кемертелидзе және Дінмұхаммед Ыдырысов болды. Сондай-ақ зауыттың ашылу салтанатына «Русская медная компания» ЖАҚ директорлар кеңесінің төрағасы Игорь Алтушкин, «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Эдуард Огай, Yildirim Group компаниясының президенті әрі бас директоры Роберт Йилдирим, Sigma банкінің бас директоры Стефан Вольф, «КазЦинк» компаниясының бас директоры Александр Хмелеев зауыттың ашылуына қатысты.
Жаңа ферроқорытпа зауыты металлургия саласындағы басты кәсіпорындардың біріне айналады және өңірдің ғана емес, сондай-ақ жалпы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосады. Ферросилицийдің негізгі көлемі Ресейге, Түркияға, Оңтүстік Кореяға, АҚШ-қа және Еуропалық Одақ елдеріне жеткізіледі. Сонымен қатар дайын өнім өндіру кезіндегі қазақстандық қамту 94%-дан астам үлесті құрайды. Премьер-министр Қарағанды облысының Қазақстанның өңдеу, металлургия, тау-кен өндіру өнеркәсібі, қара және түсті металлургия, машина жасау саласын дамытудағы маңызды рөлін атап өтті.
– Зауытты тұрғызуға 1 500 жұмысшы жұмылдырылған. Өндіріс ашылған бетте 350 жұмыс орны ашылады. Ал екінші кезең іске қосылғанда жұмысшылар саны 550 кісіге ұлғаяды. Жоба металлургия кешенін арттырып, Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға оң ықпалын тигізеді. Кәсіпорын басшылығы мен барлық қарағандылықты жаңа кешеннің іске қосылуымен құттықтаймын» деді Асқар Мамин.
Кәсіпорын алғашқы кезеңде жылына толықтай экспортқа бағытталған 180 мың тонна өнім шығару көзделіп отыр.
– Осы ашылған жаңа ферросилициум зауыты Қазақстан индустриясының жоғары деңгейінің көрсеткіші деп айтуға болады. Бұл – еліміздің инвестиция тарту жолындағы тағы бір құтты қадамы. Бүгінде өндіріс орнында индустрия 4.0 бағдарламасының барлық талабына сәйкес келетін ең озық инновациялық технологиялар қолданылды. Сонымен қатар зауыттан шығатын өнімдер 100 пайыз экспортқа жіберілетін болады»деді YDD Corporation ЖШС құрылтайшысы Ерлан Нығматулин.
Асқар Мамин, Ерлан Нығматулин, Давид Кемертелидзе және Дінмұхаммед Ыдырысов жаңа зауытты салтанатты түрде іске қосты. Осы сәтте, арнайы алаңда алғашқы ферроқорытпа балқымасы құйылып, зауыт жұмысын бастады.
– Бұл зауыттың ашылу салтанатына қатысу – мен үшін үлкен құрмет. Бұл жобаны осыдан үш жыл бұрын көрген едім. Үш жылда түрленіп үлгерген жобаны көріп, таңқалып тұрмын. Бұл – табандылық пен жүйелі жұмыстың жемісі. Қиялдағы арман өмір шындығына айналды. Қазақстанның өсуі мен өркендеуі жолындағы бұл үлкен жетістік. Сондықтан осы мемлекетке, оның адамдары мен экономикасына қосқан үлесім барын мақтанышпен айта аламын. Ежелден бауырлас Қазақстан мен Түркия мемлекеттері достық қарым-қатынасын үзбейтініне сенімдімін, – деді Роберт Йилдирим.
Асқар Мамин Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында «Алайғыр» кен орнынның қорғасын-күміс кенін өңдейтін және байытатын, катодты мыс өндіретін кәсіпорындарына, сондай-ақ «Көктасжал» кен орны базасындағы тау-кен байыту кешеніне барды. Премьер-министр «SES Сарань» күн электр стансасын тексеріп, Қарағанды қаласының солтүстік және шығыс айналма жолы реконструкцияланған автокөлік жолымен танысты. Ұзындығы 20 шақырымнан астам «Қарасор көлінен айнала Көкпекті-Қарағайлы» айналма теміржол желісі құрылысы жобасын қарау барысында су тасқыны салдарынан зиян келтірілген теміржол бөлігін қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы баяндалды.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА
Қарағанды облысы