Атырауда ауырғандар көп
Атырауда ауырғандар көп
205
оқылды
Ақиқатын айту керек,  еліміздің барлық қалалары мен облыстарында жағдай мәз емес. Айталық, өткен апта атыраулықтар үшін жанайқайға толы болды.  Аптап ыстықта дәрі іздеп сабылған жұрт, дәріханалардағы ұзын кезек, шарасыздықтан жылаған халықтың көз жасы. Атырау облысында да  корона­вируспен күрес жөніндегі шұғыл штаб  қайта құрылды. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің арнайы өкімінде «Жедел штабтың жұмыс орны болып Атырау облысы Жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасы белгіленсін. Осы өкімнің орындалуын бақылау және жедел штаб жұмысын қадағалау Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаевқа жүктелсін» делінген. Өзге аймақтардағы ахуал республиканың доноры болып отырған Атырау аймағын айналып өтпеді. Бір аяғы төрде, бір аяғы көрде тұрған кезде халықтың ішінен шыққан еріктілер көрші Астрахан қаласынан дәрі-дәрмек әкелуге демеуші тауып, дәрі-дәрмекті тұрғындардың үйлеріне жеткізіп берді. Облыстағы бірреттік шприц шығаратын «БРАНДО» зауыты басшылығы 2мг-дық  2 млн 950 мың шприцті облыс халқына тегін жеткізіп берді. Облыстың бас имамы бастап жомарт жандар отыздан аса сиыр малын сойып, етке мұқтаж болып отырған отбасыларға таратып берді. Жақсылық жасаймын деп басы пәлеге қалған жастар да болды. Олардың тапсырыс арқылы әкелген дәрілерді ашық алаңда тұрғындарға таратып беру бастамасы сәтсіз ақталды. Дәрі іздеп сабылып кеткен жұрт бір-бірімен арадағы арақашықтықты сақтамай, дәрі үлестірушілерге қарай жапа-тармағай ұмтылып, сақтық шараларын бұзды. Полицейлердің араласуымен бұл оқиғада жастықпен білместік істеген жастарға ескерту берілді. Атырау тұрғындары осылай өз-өздеріне демеу болып тұрған шақта Алматыдан дәрі-дәрмектер де келіп жетті. Атырау облысы әкімінің орынбасары Ержан Әбілханов: «Бірнеше күн бұрын облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов дәрі тапшылығын жедел түрде шешуге қатысты тиісті тапсырма берген болатын. Соған орай, Алматыдан қажетті дәрі-дәрмектің түрлерін шұғыл түрде жеткізілуін қамтамасыз еттік. Сонымен қатар дәрілер дәріханаларға бұрынғы бағасымен беріледі. Ал дәріханалардың оларды қымбаттатып жібермеуі қатаң қадағаланады», – деді. INKAR ЖШС Атырау филиалының директоры Светлана Липатованың айтуынша, дәрі-дәрмектің 430 түрі әкелінген. Оның 50-ге жуы­ғы қазір тапшы болып тұрған антибиотиктер, азитромицин, цефазолин, цефтриаксон және инъекцияға арналған лидокаин ерітіндісі сынды препараттар. Әкелінген дәрілік өнімдер облыс орталығынан өзге аудан орталықтарына да жеткізіледі. Бұл партия облыстың сұранысын қамтамасыз етеді деп айтуға болады, – дейді компания өкілдері. Атырау облысының әкімдігі қажетті дәрі-дәрмекті облыстың барлық дәріханаларына жет­кізуді ұйымдастырып, бақы­лауға ұстайтын болды.Сондай-ақ алдағы уақытта пре­параттардың бағасының белгіленген мөлшерден аспауын қадағалау және олардың әр адамға тиесілі мөлшерден артық сатылмауына қатысты облыс әкімдігі мен Атырау облысы фармацевтика саласында еңбек ететін жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың қауымдастығы «ФармҚауымдастық» қоғамдық бірлестігі және Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапа­сы мен қауіпсіздігін бақы­лау комитетінің Атырау облы­сы бойынша департаменті меморандумға қол қояды деп жоспарланып отыр.  

Букмекерлік кеңселер жабылып,  дәріхана қызметінің уақыты ұзарды

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары және коронавируспен күрес жөніндегі өңірлік шұғыл  штабтың төрағасы Нұрлан Таубаев: – Штаб шектеу шараларының орындалуын қадағалап, жағдайды бақылауда ұстайды.  Қажеттілік туындаса, штаб қатаң карантин шараларын енгізу туралы ұсынысын білдіре алады. Бұл туралы алдағы 3-4 күнде белгілі болады. Азаматтар жеке  автокөлігімен сағат 23.00-ге дейін жүре алады (демалыс және мереке күндерін қоспағанда), оған ешқандай рұқсат құжаты қажет емес, яғни тыйым салынбайтынын атап өткім келеді.  Сондай-ақ тұрғындар бетпердені міндетті түрде тағып жүруі шарт, әрі  әлеуметтік қашықтықты сақтағаны жөн.  Егер ереже сақталмаған болса, азаматтар жауапқа тартылады.  Бұдан бөлек, мобильді топ күн сайын полиция және эпидемиологтермен бірлесіп санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың орындалуын бақылау мақсатында рейд өткізеді.  Талапқа сәйкес келмейтін қызметтер болса,  рұқсат етілген объект иелері де жауапқа тартылады және олардың мекемелері жабылады.  Мәселен,  талаптарды орындамағаны үшін букмекерлердің қызметіне тыйым салынды, – деді Нұрлан Таубаев. Сайып келгенде, дәріханалардың қызмет көрсету уақыты ұзарды. Енді дәріханалар түнгі сағат 22.00-ге дейін халыққа қызмет көрсететін болды. Бірақ өңірде  пневмония шарықтау шегіне жетіп қалды. Шілденің 9-ы күнгі дерек бойынша,  бір тәулікте 658 адамнан ауру белгілері анықталды.  

Денсаулық министрі – Атырауда

Денсаулық сақтау министрі А.Цой Атыраудағы №2 облыстық аурухана мен облыстық медициналық жедел жәрдем стансасын вир­туалды түрде аралап шықты. Денсаулық сақтау министрі қабылдау бөлімінің, ауыр науқастарға арналған реанимация мен инфекциялық бөлімшенің жұмысымен танысты. №2 облыстық ауруханада COVID-19 коронавирус инфекциясы бар пациенттер үшін арнайы 180 орын дайындалған. Қазіргі уақытта 162 науқас ем алуда, яғни арнайы қойылған төсек-орындардың 90 пайызы бос емес. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Қабдықапаров атап өткендей, ауруханада 100 орын оттекті консольмен қамтамасыз етілген, сондай-ақ 12 ИВЛ аппараты бар. Одан бөлек, өңір басшысының қолдауымен қосымша ИВЛ ап­паратын алу жоспарлануда. – Қосымша тағы 30 ИВЛ аппараты мен демеушілік көмек аясында оксигенацияға арналған 100 аппарат сатып алу жоспарлануда. Сонымен қатар Құрманғазы ауданы үшін компьютерлік томография аппараты сатып алынбақ. Сонымен бірге 90 орынға арналған стационардың қосымша корпусын салу жұмысы алға қойылды, – дейді Нұрлыбек Қабдықапаров. Сондай-ақ министр инфекциялық стационарда жатқан ем алу­шылармен тілдесіп, тез арада сауығып шығуларын тіледі. Ал облыстық жедел жәрдем стансасының қызметкерлерімен өткен онлайн кездесуде Аты­р­ауда қазіргі таңда 42 жедел жәрдем бригадасының тәулігіне шамамен 1 100-1 200 шақыру қабылдап, науқастарға қызмет көрсететіні және оларға артылған жауапкершілік пен жүктеменің екі есеге артқаны аталып өтті. Облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының базасында Атырау облысының халқына консультациялық көмек көрсету мақсатында 103, 109 және 112 нөмірлері бойынша тәулік бойы сall-орталығы жұмыс істеуде. Мұндағы медицина қызметкерлері күніне орташа есеппен алғанда 240 өтінішке жауап береді. Онлайн жиынды қорытындылай келе, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Атырау облысында жылжымалы әмбебап бри­гадалардың жұмысын күшейтіп, амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде дәрілік заттарды жеткізу бойынша жұмыстарды қолға алуды ұсынды. Сондай-ақ министр инфекциялық стационардан амбулаторлық емдеуге көшкен науқастарға ерекше назар аударуды тапсырды.    width=     Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы