Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласы ұсынылған күннен бастап ізгілікті мұрат еткен, руханиятты жандандыруға ұмтылған жобалардың саны артып, ел арасында жақсы ісімен көзге түскен азаматтардың қатары артып келеді. Биыл да осы үрдіс жалғасын тауып, Таразда «Жомарт жүрек» сыйлығының иегерлері анықталды.
Шара бизнес-құрылым өкілдерін, кәсіпкерлер мен меценаттарды, үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілерді ынталандыру, көтермелеу, азаматтар белсенділігінің үздік тәжірибесін паш ету, қайырымдылық пен мейірбандық идеяларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Атаулы оқиғаның төрінен табылған қала әкімі Қайрат Досаев мұндай мазмұндағы игі шараның маңызына кеңінен тоқталып өтті.
– Рухани жаңғыру қағидаттарының негізі болған қасиетті ұғымдардың бірі – туған жер. Бұл бағытта елімізде «Туған жер» жобасы жүзеге асырылып, жомарт жандар өзінің туған өлкесіне шарапатын тигізіп, қайырымдылық іс-шаралар жасауға үлкен үлес қосты. Бүгінде «Туған жерге туыңды тік» ұранына қолдау білдіріп, қалада әлеуметтік-мәдени ғимараттарды, саябақтар мен музейлерді қалпына келтіру мен құрылысын жүргізу бағытында ауқымды істер атқарылып жатыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қалада 2 саябақ қалпына келтіріліп, қайта жаңғыртылды. Бір мәдениет нысаны, 4 әмбебап спорт алаңшасы пайдалануға берілді. Меценаттарымыз көпбалалы отбасыларға екі пәтер кілтін табыстаса, спорт чемпионы мүгедек бала асырап отырған отбасына автокөлік табыс етті. Биыл да мұқтаж жандарға қол ұшын созып, көмек көрсететін азаматтар саны арта түседі деп сенемін, – деді Қайрат Әскербекұлы.
Жиында марапатталғандардың барлығы – өз саласында белгілі бір белесті бағындырып, бұқараның көңілінен орын алған жандар. Жылдағы дәстүр бойынша биыл да «Жыл меценаты» аталымының жеңімпазы анықталды. Бұл сыйлық «Таразэнергоорталық» АҚ президенті Бақберген Мәуленовке табысталды. Бақберген Бөлдешұлы жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардың 50 миллион теңге көлеміндегі коммуналдық төлемақы қарыздары мен өсімпұлдарына қайырымдылық көмек көрсеткен. Өзінің туған жерінде Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш орнатып, тоғызқұмалақ ойынының дамуына үлес қосқан. Ал «Жыл тұлғасы» аталымы «Агроспецстрой» ЖШС директоры Марат Рахимбердиевке бұйырды. Ол өз құрылыс компаниясымен көптеген ірі құрылыс нысандарын салып, пайдалануға берген. Серіктестік жыл сайын қарттар үйіне, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымдылық көмек көрсетеді. Ауған соғысының ардагері қала тұрғыны А.Можаровтың тұрғын үйін күрделі жөндеуден өткізіп берді. Сондай-ақ мекеме жұмысшыларының баспаналы болуына ықпалын тигізді. «Жеңіс» саябағының абаттандырылуына демеуші ретінде үлес қосты. «Туған өлке» аталымымен «Мейірім» медициналық орталығының құрылтайшысы Гүлдара Нұрымова, «Жүректен жүрекке» аталымымен жеке кәсіпкер Меруерт Лештаева, «Жылдың үздік ұйымы» аталымымен Тараз қалалық №1 ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Әбілдаев, «Ерен еріктілік» аталымымен «Жасыл ел» еңбек отрядының белсендісі, волонтер Мариям Кенжемұратова, «Батыл жүрек» аталымымен Тараз қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Данияр Заурбек марапатталды. Шарада «Жүректен жүрекке» аталымы бойынша үздік деп танылған Меруерт Лештаева өзін осындай биік марапатқа лайық деп тапқан ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
– Қайырымдылық жасау кәсібімнің алға басуының негізгі сыры деп білемін. Бұл ізгі қадам болмаса, ісіміз алға баспас еді. Бизнеске аяқ басқан күннен бастап ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға шама-шарқым жеткенше қолдау көрсетіп келемін. Мұнымен қоса ұжымымда 10 жылдан аса жұмыс істеген қызметкерлерге пәтер сыйладым. Биыл осындай үш бірдей қызметкерге пәтер беруді жоспарлап отырмын. Сонымен қатар Қ.Сарымолдаев атындағы «Өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау» орталығында тәлім алып, оқуға түскен екі баланы шәкіртақымен қамтамасыз етіп отырмын. Осы ретте ізімнен еріп келе жатқан жас кәсіпкерлерді әрдайым тапқан табыстарының 10 пайызын қайырымдылыққа жұмсауға шақырамын. Бұл – адами тұрғыдан да, бизнес тұрғысынан да жақсылыққа бастайтын іс, – деп ағынан жарылды Меруерт Кәттабайқызы.
Тараз қаласы