Дәурен Раманқұл, Shoes Republic аяқкиім фабрикасының басшысы: Елімізде етікші тапшы
Дәурен Раманқұл,  Shoes Republic аяқкиім фабрикасының басшысы: Елімізде етікші тапшы
580
оқылды

Ел экономикасын дамытудың кілті – жастарды жаппай жұмыспен қамту, сол арқылы елдің әлеуметтік тұрмысын жақсарту. Қазір білім алам, кәсіппен айналысам деген адамға жол ашық. Елбасы жастармен кездескенде жұмыссыз жүрген жастарды оңай ақшаның соңынан қумай, адал еңбекпен нан табуға шақырған еді. «Мен жұмыс таппай, әркімнің табалдырығын тоздырғаннан кейін оңай ақшаның соңынан кететін жастарға әрдайым айтып келемін. Мұндайды көру аянышты, себебі, істейтін адамға жұмыс бар. Бала бақсаң да, үй тазаласаң да, ас дайындасаң да, әйтеуір еңбек етуге болады. Бірақ өзіңді-өзің ешқашан сатпауың керек», – деген болатын. Осындай «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін?» деп еңбек етіп жүрген азаматтың бірі – Дәурен Раманқұл. Елде тігін фабрикасына қажетті құрал-жабдық тұрмақ, етікші тапшы кезде аяқкиім тігуді қолға алған кәсіпкер қазір жұрттың алғысына бөленгеніне дән риза.

– Қазір кәсіп ашатын азамат­тар­ды қолдайтын мемлекеттік бағ­дарламалар көп. Төмен пайызбен не­сие беру, салықтық жеңілдіктер, отан­дық өнімді жүйелі сатудың да тиім­ді әдістері бар. Мемлекетке ала­қан жаймай кәсіп ашу оңай ма?

– Кез келген кәсіпті ашу – оңай шаруа емес. Оның үстіне ши­кізат пен маман тапшы болса, екі есе қиын. Соған қарамастан, аяқ­киім тігуді қолға алдым. Қазір көп қиындық артта қалды. Ең ал­ғаш кәсібімді 2016 жылы шағын бөл­медегі шеберхананы жалға алып бастадым. Әуел баста екі тігін ма­шинкасы, екі шебер болды. Ті­гін машинкаларын Ресейден сатып ал­дым. Пәкістаннан технолог ша­қыр­дым. Бастапқыда кездескен қиын­дыққа мойымағандықтан, мақ­сатыма жеттім. Аяқкиім тігуді кә­сіп еткелі 3 жылда адам саны он есе өсті. Біз тігетін аяқкиімнің де са­ны артты. 2016 жылы 1 айда 100 жұп аяқкиім тігетін едік, қазір 1000 жұп аяқкиім шығарамыз. Аяқ­киім­ді таза былғарыдан тігеміз. Аяқкиім ті­гетін сапалы өңделген теріні амал жоқтықтан Түркиядан тасимыз. Се­бебі, Қазақстанда сапалы өңдел­ген тері тапшы әрі бағасы өте қым­бат.

– Шикізатты шетелден әкел­сеңіз, өнімдеріңіздің бағасын қа­ра­пайым елдің қалтасы көтере ме?

– Отандық жеңіл өнеркәсіпті да­мытудың бір тетігі – тері өңдеуді жүйелі түрде жолға қою. Бұл мә­селе оң шешімін тапса, аяқкиім өндірісі де дамиды. Халық та сапа­лы аяқкиім киеді. Аяқкиім тігу үшін ең бірінші шикізат керек. Кө­бінесе, күнделікті киюге ыңғай­лы аяқкиімдер тігеміз. Біздің аяқ­киім­дердің орташа бағасы – 15-20 мың теңге. Алматыда екі дүкеніміз бар. Интернет арқылы көбірек са­та­мыз. Көбіне клас­си­ка­лық стильдегі туфлилер тігеміз. Мұ­ғалімдер, мемлекеттік қыз­мет­керлер, банк саласының маман­дары тұрақты сатып алып жатады. Біздің өнімдерді орташа жалақы алатын азаматтар киеді. Отандық өнімді қолдап сатып алатын ше­неу­ніктер мен патриот кәсіпкер азаматтар да жетерлік. Тұрақты тұ­тыну­шылардың алғы­сын алғанға қуанамын.

– Үш жыл бұрын аяқкиім тігетін шебер тапшы дедіңіз. Қазір ше?

– Біздің салада маман жетпейді. Бүгінде елімізде етікші тапшы. Жиһаз, киім фабрикаларында жұ­мыс істеп жүрген тігіншілерді ша­қырып оқытамыз, үйретеміз. Аяқ­киім тігуге икемі бар адамдарды алып қаламыз. Орта арнаулы оқу орын­дары, колледждер етік тігетін ше­берлер дайындамайды. Әсіресе, жо­ғары оқу орындары жеңіл өнер­кә­сіптің ішінде тігін фабрика­лары­на, киім-кешек өндірісінің ма­мандарын көптеп даярлап шы­ғарса екен. Аяқкиім тігудің қыр-сырын білетін технологтарды қазір оқыт­пайды. Сондықтан бұл мәсе­лені шешу үшін тігіншілерді қайта даярлап, етікші етіп шығарамыз. Қарамағымда 25 адам жұмыс істей­ді.


– Соңғы жылдары күнделікті тұтынатын қарапайым заттар өн­дірісіне көңіл бөлініп жатыр. Сапалы аяқкиіммен қамтамасыз етуге қалай қол жеткізуге болады?

– Аяқкиім тігу – өнер. Сапалы, ың­ғайлы, бағасы қолжетімді болса ғана ел сатып алады. Сапасымен қатар сәні де келісіп тұруы қажет. Аяқкиім өндірісін дамыту үшін ең бі­рінші сапалы шикізат пен бі­лім­ді, ізденімпаз кадр керек. Сол кез­де ғана мәселе оңтайлы шешімін та­бады. Тауар өндірісінде әлемге та­нылудың басы өз еліңді аяқ­киім­мен қамтамасыз етуден басталады. Сол кезде ғана күнделікті тұрмыста пайдаланатын заттар импортының үлесін азайта аламыз. Міндетті түр­де әлемге танылған бренд бол­маса да, өз халқыңды аяқкиіммен қамтамасыз етсең, соның өзі – зор еңбек. Дүниежүзіне танылған бренд­тердің өзін бастапқы 10-15 жылда өз елінде де көпшілігі біле бер­мейтін болған. Бүгінгі таңда ин­тернеттің мүмкіндігін тиімді пай­лалансақ, пайдасы көп. Біздің елге келген туристердің арасында «Қазақстанда тігілген сапалы аяқ­киім» деп дүкенге арнайы іздеп келу­шілер бар. Киім-кешек, тұр­мыстық тауарларды өзімізде өн­діруді жаппай қолға алсақ, ұта­ры­мыз көп. Жұмыссыздық азаяды. Ха­лықтың тұрмысы түзеледі. Өн­дірушілер арасында бәсеке қа­лып­та­сады.      

– Бүгінде аяқкиімнің түрі көп. Талғампаз тұтынушыларға таңдау жасауға мүмкіндік бар. Халық сапа мен бағаның қайсысына көбірек мән береді?

– «Дүниенің кеңдігінен не пай­да, аяғыңдағы етігің тар болса» де­гендей, қазір халықтың қаржы­лық жағдайы қиын. Фабриканы ашқандағы мақсатымыз – қара­пайым елдің қаржысы жететін тиім­ді бағада сапалы аяқкиім ұсыну. Біздің тұтынушыларымыз қол­жетімді бағаға таза теріден тігіл­ген, сапалы аяқкиім алғанына риза. Жыл өткен сайын тұрақты тұ­тынушылардың қатары көбейіп келе жатқанына қуанамын. Сон­дықтан оларға сапалы, сән­ді, ба­ғасы қолжетімді аяқкиім ұсы­на­мыз. Қара базардағы шетел­ден әке­лінетін арзан аяқкиімдер жа­санды тері мен синтетикалық тал­шықтардан жасалады. Са­пасына еш­кім кепілдік бермейді. Бір мау­сымнан артық киюге жара­майды. Бағасы арзан аяқкиімнің ден­сау­лық­қа да зияны көп екенін ха­лық жақсы біледі.

– Тұтынушылардың өтініш-ұсы­нысына қаншалықты мән бере­сіз?

– Қазіргі кезде аяқкиім таңдау­ға мүмкіндік көп. Тұтынушы өзі қалағанын алады. Біз де халықтың сұ­ранысына қарай жыл сайын аяқкиімдердің моделін түрлендіріп отырамыз. Тапсырыс жиі түсетін туф­лилерді жыл бойы тұрақты тіге­міз. Оған қосымша халықтың тал­ға­мына, сұранысына қарай, сән әле­мінің көшінен қалмай жаңа мо­дельдер шығарамыз.

– Әңгімеңізге рақмет!


Сұхбаттасқан
Майра ЖАНЫСБАЙ