Заңсыз дәрі сатқандар сазайын тартады
Заңсыз дәрі сатқандар сазайын тартады
Фото: Интернеттен алынды
221
оқылды
Бұрнағы кезі кез келген дәріханадан сатып алатын парацетамолдың өзін қазір шаһарды шыр айналсаң да таппайсың. Бұл мәселе Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың да жіті назарына алынып, тиісті тапсырмалар берілген. Сондай-ақ дәрілерді заңсыз, әрі  қымбат бағада сатып жүрген алыпсатарлардың жолын кесу үшін арнайы жедел топ та құрылған. Аталған тексеру тобының құрамына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті , Қ.Р Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен кауіпсіздігін бақылау комитетінің  облыс бойынша департаменті , Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті , облыс  бойынша полиция департаменті,  кірістер басқармасы, облыс  әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы мен  «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық офисінің  қызметкерлері де еніп, алғашқы күннен-ақ нәтиже көрсете бастады. Атап айтсақ,  рейд барысында құны  170 теңге тұратын Цеф3 антибиотигін 1500 теңгеден саудалаған  Тараз қаласының тұрғыны  №7 ықшамауданынан ұсталды. Тексеру барысында оның қалтасынан   антибиотиктің 30  ампуласы шыққан. Дәрі-дәрмектер тәркіленіп, жинақталған материал шара қабылдау үшін уәкілетті органға жіберілген. Негізі «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық офисі дәрі-дәрмек саудасын заңсыз немесе қымбатқа саудалап жатқан азаматтар жайлы ақпарат беру үші тұрғындарға арналған байланыс желісі мен әлеуметтік парақшаларда сілтеме ашқан болатын. Кеше міне осы   «Talas Adaldyq Alańy»  жобалық кеңсесінің фейсбук әлеуметтік парақшасындағы тікелей эфир барысында  Қаратау қаласындағы «Диас» сауда орталығында аспирин медициналық таблеткалары ашық саудаланып жатқаны туралы ақпарат түскен. Тексеріс барысында бұл жайт өз дәлелін тауып,  842 аспирин тәркіленген. Бұл сауда заңсыз болып табылатындықтан іс  аудандық полиция бөліміне тапсырылды. Тағы бір факт – дәрі тапшылығын  пайдалана отырып, фармацевтикалық компаниялардағы  таныстары  арқасында  дәріханадан көп мөлшерде дәрі-дәрмек  сатып алып, оны қымбат  бағада сатқан  кәсіпкерлер де қолға түсті. Облыста құрылған жедел топ  дәл осындай «жұмыртқадан жүн қырыққан» бірнеше азаматты құрықтап отыр. Атап айтсақ, Шу қаласының 35 жастағы тұрғыны бір бумасы 80 тенге тұратын цитрамонды 250 теңгеден сатқан. Тараздық фармацевт парацетамолды 215 теңгеден ұсынса,  тараздық тұрғын 80 теңге тұратын  524 дана аспиринді 150 теңгеден саудалаған. Аталған медициналық препараттардың барлығы тәркіленіп, тәртіп бұзушыларға ҚР ӘҚБтК-нің 426-бабына сәйкес 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Жедел топ өз жұмысын ары қарай жалғастыра бермек.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы