Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Францияның Экономика және қаржы министрі Бруно Ле Мэрді қабылдады.
Кездесуде Мемлекет басшысы Қазақстан мен Франция арасында сенімді екіжақты ынтымақтастық орнағанын, әсіресе, сауда-экономикалық және саяси салаларда зор мүмкіндіктер барын атап өтті.
– Біз Францияны Еуропа Одағы шеңберіндегі негізгі серіктес ретінде қарастырамыз. ЕО Қазақстанның басты сауда серіктесі болып табылады. Екіжақты сауда көлемі 4,5 миллиард АҚШ долларына жетті. Ал Франциядан ел экономикасына тартылған тікелей инвестициялар көлемі 15 миллиард АҚШ долларынан асты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанда жұмыс істеп жатқан француз компанияларының табысты қызметін атап өтіп, Франция министріне, біздің елде шетелдік компаниялардың тиімді жұмыс істеуі үшін барлық жағдайлар жасалатынын айтты. Б.Ле Мэр Қазақстан Президентіне жылы қарсы алғаны үшін алғысын білдіріп, Франция мен Қазақстан арасында көп жылдық өзара тиімді стратегиялық әріптестік арнағанын атап өтті. Францияның Экономика және қаржы министрі екі ел арасындағы өзара жемісті іс-қимылдарды барынша арттыруға ұмтылатынын білдірді. Соңында Мемлекет басшысы Франция көшбасшысы Эмманюэль Макронға сәлем жолдап, ізгі тілегін білдірді.