Мемлекет басшысының өмірлік қиын жағдайда қалған қазақстандықтардың борыш жүктемесін азайту жөнінде Жарлығын халық жақсы қабылдады. Несиесін өтей алмай қиналып жүргендер бұл жаңалықты несиеміз жабылады деп түсінгені рас. Алайда бұл жеңілдік несие алушылардың белгілі бір тобына ғана арналған-ды. Ол жөнінде жарлықта егжей-тегжейлі жазылған.
Бұл жеңілдік екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарына кепілсіз тұтынушылық қарызы бар көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан бала жасынан мүгедектер бар отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған. Олардың қарыз бойынша жалпы берешегі 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 000 000 теңгеден аспайтын болуы керек.
Айта кетерлігі, бұл – бір реттік акция. Мұны 15 шілде күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент қадап айтты. Өйткені несиені кешіре беру, нарықтық экономика заңына қайшы және бюджетке салмақ салады.
Президенттің жарлығында тиісті мекемелерге табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыздар беруге тыйым салу туралы да тапсырма берілген. Ол туралы сәл кейінірек. Әуелі кешірілетін несие туралы айтсақ. Сонымен, Жарлық жария болысымен елдің бәрі банктердің мазасын алды. Соны сезгендей, Жарлық күшіне енген күннің ертесіне Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков несиесі кешірілетін отбасыларға банктерге барудың қажеті жоқ екенін мәлімдеді.
«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен мәлімет алғаннан кейін, Ұлттық банк мемлекеттік бюромен, банктермен қосылып 1 маусымға дейінгі мәліметтерді ала отырып, барлық цифрды салыстырады. Қарыз алушылардың ішінде әлеуметтік көмек алатындардың айыппұлдары мен өсімпұлдары қаралады», – деді ол.
Қарыз кешіру рәсімі
18 қыркүйекте аяқталады
Яғни, несиемді кешір деп банкке яки басқа мекемеге жүгінудің қажеті жоқ. Кімнің несиесі кешірілетінін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі анықтайды. Жарлықта аталған санаттарға сәйкес келетін азаматтардың тізімін қалыптастырады. Бұл тізім Мемлекеттік кредиттік бюроға ұсынылады, ол екінші деңгейдегі банктермен және микроқаржы ұйымдарымен борышкерлер тізімін қалыптастырып, берешек соманы есептеп, ол ақпаратты Проблемалық несиелер қорына береді. Қор әрбір екінші деңгейлі банкпен және микроқаржы ұйымдарымен 9 тамызға дейін берешекті өтеу туралы келісім жасайды.
Сондай-ақ аталған тізім негізінде қор өтінім қалыптастырып, оны қайтадан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қаржыландыру үшін ұсынады. Министрлік үш жұмыс күні ішінде қаражатты қорға аударады.
Аталған министрліктің ресми сайтындағы дерекке сүйенсек, 2019 жылғы 2 қыркүйекке дейін Қор банктер мен микроқаржы ұйымдарының шоттарына ақша аударып, азаматтардың қарыздарын 2019 жылғы 5 қыркүйекке дейін өтейді де, борышкерлерді берешектің өтелгені және берешек қалдығының мөлшері туралы хабардар етеді.
Екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары 9 қыркүйекке дейін қарыздар бойынша төлемдер графигін қайта қарайды және қорға әрбір борышкер бойынша берешектің өтелгені және оның қарызы туралы ақпаратты ұсынады. Қор 13 қыркүйекке дейін Ұлттық Банк пен пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне берешектің өтелгені мен берешегі өтелген адамдардың тізімін ұсынады.
Яғни, бұл процеске борышкерлер араласпайды. Барлық жұмыс олардың сыртынан атқарылады. Ал борыш жүктемесі азайтылғанын білгісі келгендер 18 қыркүйектен бастап, яғни барлық рәсім аяқталған соң «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына хабарласып немесе Электрондық үкіметтің www.egov.kz веб-порталы арқылы алуға болады.
Қаржы қайдан беріледі?
Несие қарызы кешіріледі деген сөз шыққанда, оны сіз бен біз төлеген салықтан төлеуге қарсы екенін білдіргендер аз болған жоқ. Несие алып, уақытында төлеп жүргендер өздеріне әділетсіздік жасалғандай күй кешкені рас. Бірақ өтелмеген несиені кешіру әлемдік тәжірибеде бар. Арыға бармай, былтыр банктер мен басқа да қаржы ұйымдарында қарызгер ретінде қара тізімге кірген Грузияның 600 мыңға жуық азаматына жасалған несие рақымшылығын айтуға болады. Осылайша, Грузия мемлекеті жалпы 565,3 млн долларды құраған өтелмеген несиені басы бүтін жойып тастады. Қарызы жойылғандар қатарында әлеуметтік қорғалмаған 150 мыңдай азамат болған. Он мыңнан астамы мүмкіндігі шектеулі жандар екен. Грузия қарызды жою шарасын 15-31 желтоқсан арасында, екі аптада реттей салды. Себебі, министрлер кабинеті бұл бастаманы ұзақ зерттеп-зерделеп барып қолға алған. Ал бізде өтелмеген несиелердің белгілі бір бөлігі, яғни несие қарызы бар бір адамның 300 мың теңгесі ғана кешіріледі. Осы мақсатта 105 миллиард теңге бөлу қарастырылған. Оның 17 миллиарды проблемалық несиелер қорының облигацияларын сатудан түссе, қалған басым бөлігі республикалық бюджеттен алынады. Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, 2019 жылға арналған республикалық бюджетте осы мақсатта 88,5 млрд теңге, сондай-ақ төлем қызметтерін көрсеткені үшін комиссияны жабуға 707 млн теңге көзделген.
Қаласақ та, қаламасақ та, қоғамның әлсіз тобы өтей алмаған несиені кешіруге жұмсалатын қаржының басым бөлігі бәрібір бюджеттен бөлінетін болды.
Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы
заң қабылданса...
Сарапшы, Zertteu орталығының директоры Шолпан Айтенованың пікірінше, бұл акцияны жариялаудан бұрын оған негіз болар заңнамалық база жасалуы керек еді.
– Бұл шараға қатысты пікірім екі түрлі. Бір жағынан, біз екі жылдан бері банк жүйесін мемлекет қаржысы есебінен 2 трлн теңгеге құтқарып қалдық. Ал егер жеке тұлғалар банкрот болып, банк алдындағы өз міндеттемелерін атқаруға қабілетсіз болса, онда аз қамтылған 250 мың адамның несиесін неге кешірмеске? Оның үстіне Хорватия, Грузия мен Біріккен Араб Әмірліктерінде несие мен салық қарызына жасалған рақымшылық мысалдары бар. Екінші жағынан, 5 млн қазақстандықтың тұтынушылық несиесінің көлемі 4 трлн теңгеден асып кетті және бір реттік акция тұрғындардың несие мәселесін шешпейді. Менің пікірімше, бұл шараны қолға алмас бұрын, ол шараға негіз болатын жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдануы керек еді. Сонда бұл заң аталған акцияны өткізуге негіз болып, акцияға несиесі енбей қалған халықтың несиесінің бір бөлігін кешіруді талап ету тәуекелінің алдын алар еді, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, ертеңгі күні акцияға кірмей қалғандардың бізге де жеңілдік жасалсын деп талап етпесіне кепіл жоқ.
– Тұтастай алғанда, айтылып жатқан әлеуметтік мәселелерге кедейшілік пен халық табысының төмендігі негіз болды, ал біз дәл осы мәселеге жеткілікті көңіл бөле алмадық, – дейді Ш.Айтенова.
Президенттің несиені кешіру туралы жарлығында табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға несие беруге тыйым салу туралы тапсырмасын орындауға Үкімет кірісіп те кетті. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша, «Банктер мен банктік қызмет туралы» заңға және «Микроқаржылық ұйымдар туралы» заңға 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздарға тұрақсыздық айыбын, комиссияларды және өзге де төлемдер есептеуге тыйым белгілеу бойынша түзетулер енгізіледі. Бұл түзетулерді Ұлттық банк Парламенттің қарауына алдағы қыркүйекте енгізбекші.
– Азаматтардың борыш жүктемесінің коэффициентін есептеу кезінде қарыз беру кезінде қарыз алушының барлық міндеттемелері, оның төлем қабілеті мен әлеуметтік мәртебесі есепке алынады. Мәселен, борыш жүктемесі коэффициентінің шекті мөлшерін есептеу кезінде отбасының кәмелеттік жасқа толмаған әрбір мүшесіне тиесілі ең төменгі күнкөріс мөлшері шегеріледі. Пруденциялық реттеу аясында кепілсіз тұтынушылық кредиттер беру кезіндегі банктердің меншік капиталына қойылатын талаптар күшейеді. Бұл шектен тыс кредит беру саясатының алдын алуға бағытталады», – деді Е.Досаев.
Түйін
Бізде бір комплекс бар: кедейшілік барын мойындағымыз келмейді. Өтелмей қалған несиенің өсуі кедейшілік көрінісі емей немене? Демек, бізге бұдан кейін де өтелмеген несие көлемі көбейіп кетпес үшін кедейшілікпен күресуге жіті көңіл бөлу қажет шығар? Бәлкім екі мыңыншы жылдары жұмыс істеп кейін «өз міндетін атқарды» деп тоқтатылған кедейшілікпен күрес жөніндегі бағдарламаны жаңғырту керек болар? Әйтпесе, бармақ басты, көз қыстымен несие алған тұтынушы мен несие берген банк қызметкерлерінің жауапсыздығынан жинақталған өтелмеген несиелерді қашанғы бюджет есебінен жабамыз? Бұл жолғы бір реттік акцияда кімнің қарызы кешіріледі, ол қарызды кім кешіреді деген сауалға жауап іздесек, қоғамның әлсіз тобының қарызы кешірілетінін көріп отырмыз, жөн делік. Ал оны кім кешіреді, әрине, халық. Себебі, бюджеттен бөлінген 88,5 млрд теңгеде халықтың үлесі жоқ дей алмаймыз. Ал егер осы шара барысында несие қарызын кешіруге екінші деңгейлі банктер мен микроқаржылық ұйымдар да үлес қосқанда таразы басы тең түсер еді. Олай болмады. Әдеттегідей, бұл шарада да қаржы институттарының ұпайы түгел шықты.