Мал шаруашылығына инвестиция қажет
Мал шаруашылығына инвестиция қажет
402
оқылды

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің агроөнеркәсіп саласына стратегиялық инвесторлар тарту туралы міндет қойған болатын. Себебі, бүгінгі таңда мал шаруашылығы өнімдерін өндеу көлемі төмен деңгейде қалып отыр – 35 пайыздан аспайды. Ал Ресейде бұл көрсеткіш – 40, Беларусь елінде – 50 пайыз. Еуропа одағы елдерінде 80 па­йыз­дан асады. Үкімет­тің кешегі отыры­сында да Премьер-министр Асқар Мамин мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласына келетін инвестиция кө­лемін жыл сайын 30 пайызға арттыруды жүктеді.

Үкімет жетекшісінің пікі­рінше, отандық өңдеуші кәсіпо­рындардың толық жұмыс қуа­тына шықпауы, жабдықтардың тозуы, шикізаттың жетіспеуі қосымша өсімді қамтамасыз етуге қолбайлау болып отыр. Сал­дарынан ет өңдеу бойынша биылғы жарты жылда Алматы облысында өсім қарқыны тө­мендеген. Ақмола облысы мен Шымкент қаласында өсім байқалыпты.

«Қазіргі кезде жалпы құны 200 млн доллардан астам 7 ин­вес­тициялық жоба бар. Осы жо­балар бойынша мал шаруа­шы­лығы өнімдерін өңдеуге инвес­ти­ция салуға дайын стратегиялық инвесторлардың жұмысы пы­сық­талып жатыр. Біздің мін­де­тіміз – салаға келетін инвести­ция­ны жыл сайын, кем дегенде 30 пайызға арттыру», – деді Премьер-министр.

Айта кетсек, былтыр Агроө­неркәсіп кешенін дамытудың 2021 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы әзірленді. Бағ­дар­ламада саланы дамытудың са­лалық және жүйелік шаралары жоспарланған. Асқар Маминнің айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашы­лығындағы еңбек өнімділігін арт­тыру мен өңделген өнім экс­портын дамыту бойынша міндет қойып отыр. Бұл ретте Үкімет ауыл шаруашылығының қар­қынды дамуына тың серпін беретін жобалар мен нақты шараларды қолға алуы керек.

Ал өз кезегінде сөз алған Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың дерегінше, алғашқы жартыжылдықтың қо­рытындысы бойынша мал ша­руа­шылығының жалпы өнімі өт­кен жылдың осы кезеңімен са­лыстырғанда 962,2 млрд тең­геден 1063,5 млрд теңгеге өскен, пайызбен айтсақ, 10,5%-ға ұл­ғайған.

Министрдің дерегіне сүйен­сек, соңғы жылдары мал ша­руашылығы өнімдерін өндіруде оң өсім байқалады. Сиыр еті 477 мың тоннаны құрады, бұл ішкі тұтынудың 98 пайызын қам­та­мамыз етті. Жалпы, ішкі тұты­нуда қой еті 150 мың тон­наны, шошқа еті 86 мың тоннаны құ­рады. Өткен жылдың қоры­тын­дысы бойынша сиыр еті экс­пор­тының көлемі 19,9 мың, қой еті 3 мың, шошқа еті 400 тон­наны құрады. 5 жыл ішінде тұ­рақты тұтыну өсімі кезінде құс етін өндіру көлемі 40 пайызға артып, 192 мың тоннаны құрады. Былтыр 680 млн дана жұмыртқа экспортталды. Сүт өндіру көлемі 5,7 млн тоннаға жетті. Ірі қара малдың саны – 7,2 млн, қой – 18,7 млн, жылқы 2,6 млн басқа дейін өскен. Құс 44,3 млн басқа көбейген.

Ауыл шаруашылығы сала­сымен айналысуға халық та кө­ңіл аудара бастаған. Мысалы, жыл басынан бері 683 отбасылық ферма 66,7 мың бас малға несие алып, 42 мың бас аналық ірі қара мал алған. 536 фермерлік ша­руашылыққа 210 мың аналық қой сатып алуға қаржы берілген. Сүтті мал шаруашылығын да­мыту бағдарламасы шеңберінде былтыр 7 өнеркәсіптік кешен мен 22 отбасылық ферма жаң­ғыртылып, іске қосылды. Түр­кістан облысында түйе және бие сүтін қайта өңдеу бойынша Golden Camel Group ЖШС (Қытай), Павлодар облысында «Лакталис» ЖШС (Франция) жо­балары іске қосылды. Өңір­лерде мал соятын жоғары техно­логиялық кәсіпорындар құру, етті терең өңдеу технологияларын игеру жөніндегі жобалар іске асы­рылып жатыр. Мысалы, биыл Алматы облысында тәу­лі­гіне 100 ірі қара мал мен 1 500 ұсақ мал соятын «Емпайр фуд» ЖШС іске қосылды. Ал Нұр-Сұл­тан қаласында жылына 5 мың тонна ет өндіретін ет-өңдеу кешені пайдалануға берілмек. Америкалық Трансұлттық ком­паниялар өз инвестициялары есебінен сиыр етін өндіруге ар­налған заманауи ет өңдеу кеше­нін салуды жоспарлап отыр екен. Дүниежүзілік банк, Азия даму банкімен бірлесіп ет өңдеу сала­сын дамытуды қолдау бағдар­ламасы әзірленіп жатыр.

Жобаны оңтайландыру ке­зінде жолаушылар санын еске­ріп, жоба аясында пойыз санын 19-дан 12-ге дейін қысқарту қа­растырылыпты. Бұл 40 млн АҚШ долларын үнемдеуге мүм­кіндік береді екен.

Агроөнеркәіп кешені сала­сындағы осынау жұмыстармен танысқан Премьер-министр Асқар Мамин сала министрлігіне халал өнімдер экспортын дамы­туды тапсырды. Себебі, отандық халал өнімдері мұсылман елдер нарығында жоғары сұранысқа ие. Олай болса, бәсекеге қабі­летті өнімдердің халықаралық талаптарға сәйкестігін бақылау жүйесін дамытуы қажет-ақ.

«Ауыл шаруашылығы минис­трлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 15 тамызға дейін халал өнімдерін дамыту жөнінде жол картасын Үкіметке енгізуді қамтамасыз етуді тап­сырамын», – деді А.Мамин. Ауыл шаруашылығы министрі аталған жол картасын келісу аяқ­талуға жақындағанын жеткізді.

Үкімет отырысында қаралған келесі мәселе – елордадағы LRT жобасы туралы Нұр-Сұлтанның әкімі Алтай Көлгінов есеп берді. Әкім Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жобаны оңтайландыру жұмыстары жүр­гізілгенін, Үкімет тарапынан Қытай даму банкінің қарызынан бас тарту туралы шешім қабыл­данғанын айтты.

«Бұл 800 млн АҚШ доллары немесе 300 млрд теңгеден астам сомада қарызға кететін шы­ғыс­тар бөлігінде республикалық бюджетке түсетін салмақты азай­туға мүмкіндік берді. Сонымен бірге, инвесторлармен келіс­сөздер жүрігізіліп, Қазақстанның екінші деңгейлі банктерімен, қаржы институттарымен обли­гацияларды орналастыру шарты қарастырылды. Бұдан бөлек, ­Қы­тай тарапымен келісімшарт құ­ны­на салықты қосу туралы ­ке­­ліс­сөздерді бастадық, бұл шара жо­ба шығындарын 200 млн дол­ларға азайтуға жол ашады», – деді ол.

Жобаны оңтайландыру ке­зінде жолаушылар санын еске­ріп, жоба аясында пойыз санын 19-дан 12-ге дейін қысқарту қа­растырылыпты. Бұл 40 млн АҚШ долларын үнемдеуге мүм­кіндік береді екен.

«Пойыздардың жүру интер­валы қазіргі уақытта 3 минуттан 10 минутқа дейін өзгертілді. Егер алдағы уақытта халық саны артса, оны қайта қалпына кел­тіруге болады. Сонымен бірге, осы кезеңде 7 аялдама стансасын қысқарту қарастырылып отыр, қазіргі уақытта 18 станса болса, соны 11-ге дейін қысқарту көз­делді. Жерасты жаяу жүргіншілер жолы да қысқарады, бұл 110 млн доллар қаржыны үнемдеуге мүм­кіндік береді. Аталған шаралар жоба шығынын 350 млн долларға немесе 135 млрд теңгеге дейін оңтайландыруға септігін тигізеді», – деді Алтай Көлгінов.

Әкімнің айтуынша, бұл ша­ралар бойынша бастапқы есеп­теулермен салыстырғанда, бюд­жет қаржысын 1,2 млрд долларға үнемдейді. Бұл 800 млн доллар­дан астам займға қызмет көрсету және 350 млн доллар құрылыс-монтаж жұмыстары есебінен қысқарады.

Премьер-министр Асқар Ма­мин атқарылған жұмыстар нә­тижесінде Астана банкіне ауда­рылған 258 млн доллар көлемін­дегі қаржы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне жобаны одан ары жүзеге асыруға қайтарылатынын жеткізді. Көктемнен бері көптің көңілін күпті еткен жоба жүзеге асатын болды.

Айтқандай, Үкімет отыры­сынан кейін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында «Астана LRT» ЖШС-ның бұрынғы бас­қарма төрағасы Талғат Арданға халықаралық іздеу жария­лан­ғаны мәлім болды. «Астана LRT» компаниясының қазіргі бас­шы­сы Бекмырза Игенбердиновтің айтуынша, экс-төраға Талғат Ар­данға қатысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті тарапынан қылмыстық іс қозғалып, оны қамауға алу туралы өтінішхат жолданған. Сот Т.Арданға қа­тыс­ты сырттай шешім шығарған.


Тұмар МЫРЗА