Осыдан бір ай бұрын Біріккен Араб Әмірлігінің туристік және сауда орталығы – Дубайда «Ислам бизнесі мен қаржы жүйесіндегі әйел» (WOMANi) атты салтанатты жиын өтті. Cambridge IFA британ қаржы үйіндегі сол басқосуда ислам қаржы жүйесіндегі үздік әрі ықпалды 300 әйелдің тізімі жарияланды. Олардың арасында қазақстандық Мәдина Тукулова 31-орыннан көрінді. Ислам қаржыландыру жүйесінің елімізге келгеніне небәрі он жыл болғанын ескерсек, бұл біз үшін үлкен жетістік.
Еуропа, Орталық Азия, Африка, Қытай, Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия және ASEAN аймағындағы ислам қаржыландыру жүйесінде жетістікке жеткен ықпалды әйелдер тізімін құру кезінде үміткерлер еңбек ететін компанияның нарық секторындағы ықпалы мен үміткердің көшбасшылығы ескерілген. Бағалау үш факторға негізделген: үміткердің кәсіби көшбасшылық қыры, ақпараттық-ағартушылық қызметі және өз саласында мойындалуы.
– Биыл WOMANi ислам бизнесі мен қаржысындағы ең ықпалды әйелдер көшін Датук Норипе Камсо бастады. Ислам қаржыландыру саласындағы халықаралық қайраткер атанған Датук Норипа – бизнесте, инвестициялық банкинг пен активтерді басқару саласында 29 жылдық тәжірибесі бар білікті маман. Қазіргі таңда ол Малайзиядағы Rakyat банкін басқарады. Екінші орынға малайзиялық университеттердің біріндегі Бухгалтерлік зерттеу институтының директоры, профессор Норма Омар жайғасты. Үшінші орын профессор Энгку Рабия Адавия Алиге берілді, – дейді Мәдина Тукулова.
Біздің кейіпкер көп жылдан бері ислам қаржыландыру жүйесінде еңбек етіп келеді. Ол 2009 жылы қабылданған Ислам қаржыландыру жүйесі туралы заң жобасын жасауға қатысқандардың бірі. Бүгіндері Астана халықаралық қаржы орталығы әкімшілігінің Ислам қаржы мен бизнесі хабының бас менеджері қызметінде.
– Елімізде Ислам қаржыландыру жүйесі туралы заң қабылданған соң да бірнеше заңмен жұмыс істедік. Ол кезде Алматы қаласының аймақтағы қаржы орталықтарының жұмысын реттеу агенттігінде істейтінмін. Бұл агенттік Ұлттық банктің құрамында болды, кейін департаментке айналды. Бүгінгі таңда елімізде екі ислам банкі жұмыс істейді, Әл-Хилал мен Заман-Банк ислам банктері. Әл-Хилал банкі қызметін 2010 жылы бастағанын білесіз, Қазақстан және ТМД аумағында жұмысын бастаған ең алғашқы ислам банкі саналады. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында бөлімшелері бар. Заман-Банк дәстүрлі банктен ислам қаржы жүйесіне конвертацияланған банк. Бас кеңсесі – Екібастұз қаласында. Сондай-ақ елімізде исламдық лизингтік компаниялар да бар. Соның бірі – Kazakhstan Ijara Company 2013 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Екіншісі 2017 жылдың басында дәстүрлі лизингтік компаниядан исламдық жүйемен қайта құрылған Al Saqr Finance компаниясы, – дейді Мәдина Тукулова.
Оның айтуынша, Астана қаржы орталығының бір бағыты – исламдық қаржыландыруды дамыту. Себебі, бүгіндері исламдық қаржы нарығы жедел дамып келеді. Былтыр ислам қаржы жүйесінің әлемдегі үлесі 2,5 трлн АҚШ долларын құрады. Әлемде болып жатқан қаржы дағдарысы да ислам қаржы жүйесін айналып өткен. Сол себепті, исламдық қаржы құралдарына мұсылман емес мемлекеттер де қызығушылық танытып отыр. Батыстағы исламдық қаржы саласындағы көшбасшы ел – Ұлыбритания. Англияда 20-дан астам қаржы институты исламдық қаржы өнімдерін ұсынып отыр.
Мәдинамен исламдық қаржыландыру жүйесі туралы үзіліссіз сөйлесуге болады. Еліміздегі ислам қаржы жүйесін дамытуға ерте араласқан маманның айтары көп. Бұған әлемдегі ислам қаржы жүйесіндегі үздік үш жүз әйелдің арасынан табылуы дәлел десек, қателеспейміз.