Қоғамға пайдалы кеңес
Қоғамға пайдалы кеңес
579
оқылды

Соңғы үш жылда жиі айтылатын сөз тіркестерінің бірі – қо­ғамдық кеңес. Оның мақсаты мен міндеті қандай? Кімдер мүше бола алады? Кімге бағынады? Осы сұрақтардың жауабын іздеп көрелік. Негізінде, қоғамдық кеңес – қоғамдық бас­­тамамен, дербес жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші, бай­­қаушы орган. Қоғамдық кеңестер – коммерциялық емес ұйым­дар, Үкімет құрамына кірмейтін атқарушы органдар, Қа­зақстан Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдар.

Кеңес мүшелері мемлекеттік ор­гандарға, жергілікті мемле­кет­тік басқару органдарына кіруге, ор­талық атқару органдарының, жер­гілікті мемлекеттік басқару ор­гандарының жұмысына ара­ласуға, қоғамдық маңызы бар мә­селелер бойынша мемлекеттік ор­гандарға, жергілікті мем­ле­кет­тік басқару органдарына жү­гіну­ге құқылы. Оған он сегіз жасқа тол­ған Қазақстанның кез келген аза­маты мүше бола алады. 2016 жы­лы 26 сәуірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ас­самб­леясының XXIV сес­сия­сын­да «Бүгінде үкіметтік емес ұйым­дар­мен қатар Қазақстан халқы ас­самблеясының өкілдері бел­сене қатысатын қоғамдық кеңес­тер құрылып, жұмыс істеп жа­тыр. Сыбайлас жемқорлық пен ше­­неуніктердің ысырапшыл­ды­ғы­на қарсы ең сенімді тосқауыл – азаматтық бақылау. Біз бұл бағыттан таймаймыз. Бірақ бұл да – азаматтық қоғам үшін маңыз­ды сәт. Оның қоғамдық кеңес­тер жұмысына қатысуы бас­тамашылдық, кемелдік және аза­маттар алдындағы жауап­кер­шілік қағидаттарына негізделуі тиіс» деген болатын.

Мемлекеттік органдардың ашық­тығы мен есеп беруін қам­та­масыз ететін жаңа нысан ре­тін­де қазіргі таңда респуб­ли­ка­мызда 231 қоғамдық кеңес қыз­мет атқарып келеді. Олар ба­қы­лау­дың мынадай 4 түрін жү­зеге асы­рады: қоғамдық бақылау, қоғам­дық тыңдаулар, қоғамдық са­рап­тама және мемлекеттік ор­гандардың жұмысының қоры­тын­дылары туралы есептерді тың­дау. Ақпарат және коғамдық да­му министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қол­дау орталығы» КЕАҚ-ның «Ақ­па­раттандырудың ин­нова­ция­лық әдістері халықпен жұмыс тех­нологиясы ретінде» мемле­кет­тік гранты аясында «Жамбыл об­лысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің мәліметінше, 2017-2018 жылдар аралығында өз өкі­леттіктерін жүзеге асыру ая­сында қоғамдық кеңестер аза­­­­маттардың құқығы, бос­тан­ды­ғы мен міндеттері туралы 12 мың­ға жуық нормативтік құ­қық­тық акт жобаларын қарады. Су проблемалары, мемлекеттік қыз­мет көрсету сапасы және т.б. бойын­ша 1 069-дан астам қо­ғамдық тыңдау ұйымдастырыл­ған. Әртүрлі деңгейдегі 213 әкім мен орталық және 1 300-ден ас­там жергілікті өзін-өзі басқару ор­гандарынан 16 жетекшінің есе­бі тыңдалған.

 

Исламбек ДАСТАН