Жұмыссыздықты жою, кәсіпкерлікті дамыту, үймен қамтамасыз ету үшін бүгінгі таңда түрлі бағдарламалар түзілуде. Алайда осы шаралар ел құлағына жете бермейді. Насихат аз. Әрі халықтың өзінде немқұрайдылық басым. Әйтпесе, шынымен де әр адамға қолына бір күрек тауып беру, баспаналы қылу үшін көптеген іс атқарылуда.
Соның бірін жақында көрдік. Нұр-Сұлтан әкімдігі жария қылған мынадай бағдарлама көңілге медеу болды. Онда былай делінген: «Нұр-Сұлтан әкімдігінің тұрғын үй қоры 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында Солтүстік Қазақстан облысында жалға берілетін баспана алуға құжаттар қабылдауды бастап кетті. Баспаналы болғысы келгендерге жалға берілетін тұрғын үй ретінде Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданындағы Ковыльное, Новоишимское, Шөптікөл, Пески, Разгульное ауылдарындағы үйлерді ұсынып отыр. Баспаналардың жалпы ауданы 70-90 шаршы метрді құрайды. 5 жыл өткеннен кейін пәтерді жекешелендіруге болады, ал ай сайынғы жалдау ақысы – 7 000-9 000 теңге. Бұл ретте бағдарламаға қатысушылардың әрбір отбасы мүшесіне 88 375 теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек төленеді. Бағдарламаға қатысу үшін Нұр-Сұлтандағы тұрғын үйге кезекте тұру қажет, отбасында 3 және одан да көп бала болуы тиіс. Үміткерлерге талап: механизатор, электрик, токарь, құрылысшы, мал дәрігері, малшы, камаз жүргізушісі, энергетик сынды мамандық иесі болуы тиіс. Ал егер жоғарыда аталған мамандық болмаса, тегін оқу мүмкіндігі де ұсынылады».
Бұндай бастама әрине, қуантады. Бірақ жарнамалау жағы жеткіліксіз болып тұрғаны шынымен қынжылтады. Біраз жеңілдіктер қарастырылғанмен, мұнда жеткіліксіз түйткілдер бар. Бұл бағдарлама аясына тек көпбалалы отбасыларды ғана емес, жаңадан үйленгендерді де қосуға болмас па еді? Өйткені әр отбасыдан отау құрып бөлек шыққандар да жұмыссыз әрі үйсіз, біреудің пәтерін жалдап тұруға мәжбүр.
Осы кезеңде солтүстікте ауылдар қаңырап бос қалуда. Ол жерлерді халықпен толтыру жұмысы да мардымсыз. Солтүстік Қазақстан облысының билігі Прогресс ауылын «болашағы жоқ» деп таратқан. Мамлют ауданы Белое ауылдық округіне қарасты Прогресс ауылында Борис Петренко мен Валентина Курчаева тұратын жалғыз түтін қалған. Бұдан он жыл бұрын бұл ауылда отыз мың тұрғын болған деп кім айтады?
2018 жылы Солтүстік Қазақстан облысында «болашағы жоқ» деген таңбамен 15 ауыл жабылған. Облыс әкімдігі биыл тағы да 20 ауылды таратпақ.
Ал енді осы облыс әкімдігінің дерегінше, облыстағы 649 ауылдың 111-інде халық саны елуге жетпейді екен. 2018 жылы Солтүстік Қазақстан облысына келген сол кездегі Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова аймақта тұрғындар саны он адамнан аспайтын 38 ауыл таратылатынын айтқан. «Тұрғын саны неғұрлым көп болса, жұмыс орны да көбейеді. Сонымен бірге, шағын және орта бизнесті дамытуға негіз болады», – деген сол кезде Әбілқасымова.
2018 жылы Солтүстік Қазақстан облысында «болашағы жоқ» деген таңбамен 15 ауыл жабылған. Облыс әкімдігі биыл тағы да 20 ауылды таратпақ.
Солтүстікті қазақыландырамыз деп бағдарламалар түзіліп жатыр, бірақ көбінің шамасы жетпей жарты жолда желкесі үзілуде. Ол да рас. Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасының шарттары жасалған болатын. 2015 жылы жүзеге асырыла бастаған бағдарлама жақсы жүргізілді. Кейін бағдарламаға өзгерістер енгізіліп, бұған дейін отбасылы не туған-туысын ерткен адам жұбы қатыса алса, енді үйленбеген, не тұрмыс құрмаған адам да жалғыз қатысуға мүмкіндік алады. Бір жылға бағдарламаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 1 706 отбасыға квота бөлінген. Павлодар облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көші-қон бөлімінің бір топ маманы оңтүстік өңірін аралап, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының үшінші бағыты: халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бойынша «Оңтүстіктен солтүстікке» жұмыстарын халыққа түсіндіру мақсатында арнайы келіп түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Ал кейбір өңірлердегі әкімдіктердің бұл шараға атсалысып жатқанынан бейхабармыз. Өйткені Солтүстік Қазақстандағы ауылдарды тарату емес, қайта жандандыру жұмыстары жүргізілуі керек еді ғой. Астаналықтардың бағдарлама аясындағы жазған: «Бағдарламаға қатысу үшін Нұр-Сұлтандағы тұрғын үйге кезекте тұру қажет, отбасында 3 және одан да көп бала болуы тиіс» дегені де ой салғандай. Бағдарлама бар, бірақ әр аймақтың атқару жұмысы бір-біріне кереғар. Неге? Осыны бірізділікке салуға болмай ма деген сұрақ әркімді мазаласа керек!