Жас кәсіпкер Алмас Атаханов 1992 жылы Тараз қаласында туған. Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін және Хьюстон қоғамдық колледжін бітірген. Халықаралық бизнес университетінен білім алған. Елордадағы «Мир багета» багет шеберханасының иесі. Бір қарағанда қарапайым көрінетін, бірақ өзіндік қыры мен сыры көп бұл істің адамдарға қуаныш сыйлайтыны өз алдына, оның үстіне бұл бизнес біздің эстетикалық талғамымызды тәрбиелейтіні де рас. Биылғы Жастар жылы біз Алмаспен сұхбаттасуды жөн көрдік.
– Багет шеберханасын ашу идеясы қалай келді?
– Еңбек жолымды 17 жасымнан АҚШ-та бастадым. Жалақым пәтерімді төлеуге, тамағыма, жүріп-тұруыма, тіпті ата-анама ептеп көмектесуіме де жететін. Бірақ елге қайтып оралуға бүйрегім бұрды да тұрды. Ақыры осында оралдым.
Шет елден кенеп алып келген едім. Оған кескіндеме салып, багет кигізіп, керемет өнер туындысындай етіп, ата-анама сыйлағым келді. Үйіміздің төрінде тұрса қандай жақсы болар еді деп ойладым. Алайда, қас қылғандай бүкіл қаладан дұрыс багет шеберханасын таппадым. «Бұл қалай?» деп тіпті таңғалдым. Осылайша «маған бизнеспен айналысу керек» деген ой пайда болды.
Бизнесте ең бастысы – идея. Менің идеямды қолдаушылар табыла кеткеніне қатты қуандым. Өйткені, инвесторсыз істі қарқынды бастап кету өте қиын. Осылайша тәуекел деп іске кірістім. Әрине, бастапқы кезде қиын болды. Мамандар тапшы еді. Оларды оқытуға тура келді.
– Жалпы багет туралы түсінік бере кетсеңіз...
– Иә, багет туралы дұрыс сұрадыңыз. Бұл қазақта кең тараған кәсіп түрі болмағандықтан бастапқыда көп адамдар біле де бермейтін. Багет (француздың baguette деген сөзінен шыққан) тура мағынасында таяқ деген ұғымды білдіреді. Бірде қызық оқиға болды. Біздің шеберханаға келген бір келіншек «немене, сіздер нан сатпайсыздар ма?» дегені бар. Ол кісі ұзынша таяққа ұқсас формадағы нанның атауы «багет» туралы айтып тұр. Иә, нағыз багеттің не екенін де білмейтін адамдар көп. Багет о басында негізінен бейнелеу өнерінің туындыларын көркемдеуге пайдаланылған. Уақыт өте келе адамдар бұған қоса көптеген заттарды да багетпен әрлендіруді әдетке айналдыра бастады.
– Нарықта қанша жыл жұмыс істеп келесіздер? Негізгі тұтынушыларыңыз кімдер? Қажетті тауарды қайдан аласыздар?
– Нарыққа шыққанымызға оншақты жыл болып қалды. Астана, Алматы және өңірлердегі суретшілермен жұмыс істейміз. Біздің тұтынушыларымыз суретшілер ғана емес, музейлер мен мемлекеттік органдардың да, сонымен қатар жеке тұлғалардың да тапсырысын орындаймыз.
Қазір астанамызда құрылыс қарқынды жүріп жатқанын жақсы білесіздер. Салынып жатқан әрбір нысанда, әрбір тұрғын үйде біздің тұтынушыларымыз бар. Олар жаңа қонысқа кірген кезде үй интерьерін көркемдеуде біздің қызметімізге жүгінеді. Сондықтан да әрбір үйде біздің қолтаңбамыз барын мақтанышпен айта аламыз. Өйткені, біз өз қызметіміздің сапасына ерекше назар аударамыз. Өндірушілермен тікелей байланыста жұмыс істейміз. Тауарларымызды негізінен Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея және Ресей мемлекеттерінен тікелей тапсырыспен алдырамыз.
– Қандай қызмет түрлерін көрсетесіздер? Тапсырыс берушілер жылдың қай мезгілінде белсенді?
– «Мир багеттің» менеджерлері мен шеберлері кез келген өнер туындысын жоғары деңгейде көркемдеп береді. Сапасы да жоғары. Өйткені, біздегі жұмыстар арнайы станок-қондырғылар көмегімен атқарылады.
Шеберхана сонымен қатар тапсырыс берушінің қалаған өлшемі бойынша айна, айнаға багет дайындап, жеткізіп беру және іліп беру қызметтерін де көрсетеді.
Біз жылдың төрт мезгілінде де бос отырмаймыз. Тапсырыс берушілер толассыз келіп жатады. Мысалы, қазір жаз айларында, демалыс маусымында алыс-жақын шет елдерде демалып келгендер табиғат аясындағы естелік суреттерін, антиквар бұйымдарын, теңіз маржан тастарын алып келеді. Осы бұйымдарды багеттеу жұмыстарында толас жоқ. Сондай-ақ жаз айларында той-томалақ та көп. Өз сыйлықтарын көркемдеуге келетіндер де бар. Қазіргі кезде пәтер жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқандар да аз емес. Сондықтан да картиналар мен репродукциялардың сатылымы шарықтайтын шағы дәл осы кез.
Суретшілердің және жас суретшілердің пленэрлік демалыс уақыты да жаз айларына дәл келеді. Осы кезде подрамник (ағашқа тартылған кенеп) көптеп сұранысқа ие. Бұған балалардың әртүрлі шығармашылық орталықтарын қосыңыз. Қазір қалада балалар орталығы көптеп саналады. Олардың бәріне де сурет салуға дайын құрал-жабдықтар керек. Біз олардың да сұранысын қанағаттандырып келеміз.
Біздің шеберханада бейнелеу өнерінің туындыларын багеттеуден басқа да қызметтер көрсетіледі: ірі көлемді заттар (футбол жейделері, боксшы қолғабы, теннис ракеткасы), медаль және ордендер, сонымен қатар сыйға алған немесе беретін құнды нәрселерді де әкеліп, постер (рамкада әйнекке салынған) жасатады. Сондай-ақ гобелен, папирус, диплом, графикалармен де жұмыс істейміз. Олардың стилі мен техникасы да әртүрлі. Біз әр жұмысқа кәсіби тұрғыда қарап, оның қайталанбас дүниеге айналуына ерекше мән береміз.
– Бизнесті дамытудың басқа қандай жолдарын қолданасыздар? Жұмыстарыңыздың сапасы туралы айта кетсеңіз.
– Инстаграм парақшамыз (@mirbageta) бар. Бірақ онда барлық жұмыстарды орналастыра бермейміз. Себебі, кейбір клиенттер жасалған жұмыстарын қайталамауды қалайды.
Сапа мәселесіне келсек, шынында да эстетикалық тауар сапалы болуымен құнды екенін біз жақсы түсінеміз. Сондықтан өзіміз жасаған жұмыстарымызға міндетті түрде кепілдік береміз. Жұмыстарымыз тек оң баға алып, қайта қайтарылған емес.
Сұхбаттасқан
Набат БАКИРОВА