Кім болсаң да анда-санда алыста сағымдай бұлдырап қалған балалық шағыңды аңсайтының анық, кейде тай-құлындай тебісіп ойнап өткен достарыңды қатты сағынасың, білім бұлағына бас қойғызған мектептегі сыныптастарыңды елжірей еске алып, таңды таңға ұрып сырласуды, жақсылықпен жолығысуды армандайсың. Иә, араға сандаған жылдар салып, бірге оқу іздеген олармен кездесе қалсаң, ерекше сезімге бөленесің, мұндай сәттерде, шынымен де бақытты күй кешесің. Бұл да, тегінде, адамға тән қасиет болса керек.
Өткен ғасырдағы 1974 жылы Кеген ауданы Ұзынбұлақ ауылындағы Ыдырыс Көшкінов атындағы орта мектепті бітірген түлектердің басқосуы болды. Ешкімге де жалынан ұстатпайтын уақытта ешбір тоқтау жоқ қой. Содан бері де зымырап 45 жыл өткен екен. Сол кездегі түбіт мұртты бозбалалар мен ақ бантикті кішкентай қыздардың жасы бүгінде алпыстың ар жақ, бер жағына жеткен. Ұлдар болса, бір-бір үйдің бас-иесі атанып, ал қыздар өздері отын жаққан бір отбасының түтінін түзу ұшырып отыр.
Олар асқақ Алатау баурайында, Қарасай ауданы аумағындағы Aul Resort атты жақсы демалыс орнында тамаша кездесу өткізді. Алдымен дүниеден өткен сыныптастарының рухына арнап құран оқытты. Өйткені мектепті сол уақытта төрт оныншы сыныпқа топтастырылған 120 бала бітірсе, бүгінде олардың 28-і дүние салыпты, бұл да өмірдің өзгермес заңы демеске амалың жоқ. Ал мына басқосуға 78-і қатысып отыр екен. Айтқандай, сонда олардың қатарынан алтауы орта мектепті медальмен аяқтапты!
Сонымен, қазіргі кезде жүріс-тұрысы байсалды, сөз саптастары салмақты, әрбір ісі байырқалы көрінетін көптен көріспеген достар осы кездесуде тұп-тура жас балалардай, шат-шадымен күйде әбден мәз-мейрам болысты. Баяғыдағы бал күндеріндегідей айқайласты, шуласты. Бір-бірінің қызық қылықтарын айтып, күлкіден ішек-сілелері қатты. Жастық шақ әндерін толғана, толқи айтты, өртеніп өлең оқығандары да болды. Белгілі «Қоңыр» тобының әншілері әдемі ән салып, ағалары мен әпкелерінің ақ алғысын алды. Бірақ осының бәрінен де жүректеріндегі сағыныш сезімінің орны алабөтен айрықша еді.
Бүгінде еліміздің батысындағы Орал қаласында тұратын, 1980 жылы ҚазПИ-дің тіл-әдебиет факультетін бітірген, үш бала өсіріп, сегіз немере сүйіп отырған Зинагүл Қапаеваның мына көптен күткен кездесуге келуі, тіпті, қызық әңгіме...
– Оралда ұшаққа кешігіп қалдым, – дейді ол. – Содан 500 шақырымдағы Атырау қаласына таксимен жетіп, сол жерде басқа ұшаққа отырдым. Сөйтіп, бір күн, бір түн ұйықтамай жол жүріп, әйтеуір, үлгердім ғой! Достарымды көргенде барлық шаршағаным бірден басылды. Тіпті, өзімше жас қыздай жайнап кеттім, жүгіріп кеттім десем де болады. Бұл ненің күші? Әрине, сағыныштың күші! Бірақ кейбір сыныптастарымды танымай да қалып құдай ұрды ғой...
Ал ерлі-зайыпты Қанат Ахман мен Әлия Жұматаева мына тұрған алып шаһар Алматыдан екен. Әкесі кезінде Ы.Көшкінов атындағы мектепте директор болған Қанекең Алатау ауданындағы №152 мектеп-гимназияда тарихшы болса, жолдасы математикадан сабақ берген. Екеуі 1978 жылы отау тіккен, бүгінде өскен-өнген үлкен әулет. Төрт ұлынан тоғыз немере көріп отырған жайы бар. Балалары Самат пен Абзал – кәсіпкер, Дархан полковник, төтенше жағдайлар комитетінде істейді. «Болашақ» бағдарламасымен Англияда магистратурада оқыған Нұрым қазір келіншегімен екеуі Біріккен Араб Әмірліктері елінің астанасы Әбу-Дабиде докторантурада оқитын көрінеді. Осы кездесуге сағынып жеткен Қанат қажының отбасы, міне, осындай.
Қазіргі кезде құрметті демалыстағы полиция полковнигі Ержан Жолаев та – бірқатар өмір белесінен белі бүгілмей өткен жан. Кезінде Нарынқол, Кеген, Ұйғыр аудандық ішкі істер бөлімін басқарыпты. Өзі Райымбек ауданының Құрметті азаматы.
– Бүгін сыныптас балалар мен қыздарды көріп, қатты қуандым. Бәрін әбден сағынып қалыппын, – дейді ол.
Бөкен Дәуталиев зайыбы Назгүл екеуі алты баланың әке-шешесі, сегіз немеренің ата-әжесі. Он бес жыл мектеп басқарған, қазір Іле ауданындағы М.Мақатаев атындағы мектептің мұғалімі. Бөкеңнің өлең жазатын өнері де бар екен, осы жолы сыныптастарына арнаған жырын оқып, жан дүниесін билеген сағынышын тебірене жеткізді.
Сонымен, қазіргі кезде жүріс-тұрысы байсалды, сөз саптастары салмақты, әрбір ісі байырқалы көрінетін көптен көріспеген достар осы кездесуде тұп-тура жас балалардай, шат-шадымен күйде әбден мәз-мейрам болысты. Баяғыдағы бал күндеріндегідей айқайласты, шуласты. Бір-бірінің қызық қылықтарын айтып, күлкіден ішек-сілелері қатты.
974 жылғы түлектердің бірі Есенжол Намазбаев «Қазселденқорғау» мекемесінің Қарасай, Талғар, Жамбыл аудандық бөлімшесіне жемісті жетекшілік етіпті. Ал Жарылқасын Көшкінов (Ыдырыс Көшкіновтің туған інісі Әуестің баласы) еңбекке етене жақын шофер-механизатор болса, Марат Құрмантаев «Ұзынбұлақ» кеңшарында уақытында білдей бөлімше басқарушысы болған.
Жиналғандар шаруасы шалқыған фермер сыныптастары әкелген бал татыған қымыз ішіп көңілдерін көтерді.
Былайша айтқанда, барлығы жер ортасы жасына жетіп қалған, өнегелі ұрпақтың ұйытқысы болып отырған, отбасыларын орнықты ету үшін жұмыла жұмыс істеулерімен қатар, өздерінің егемен еліне де еңбектерін аямай арнаған азаматтар болып қалыптасқан. Жастарға айтар ақылдары да аз емес, басқаларға берер керекті кеңестері де, тәлімге толы тәрбиелері де жетіп артылады.
Иә, сыныптастардың кейбіреуі үшін 45 жылға созылған сағыныштан соң осындай керемет кездесуді ұйымдастыру оңайға соқпайтыны белгілі. Өйткені бұл мектептің өрендерінің бірқатары өмір ағысымен өзге өңірлерде өрісін кеңейтіп жүргені де мәлім. Арнайы жоспар-жоба жасау, ұйымдастыру комиссиясын құру, бәрімен хабарласу, кеңесу, кездесу өтетін жерді белгілеу, жатын орын дайындау сияқты шаруалар бастан асады. Осының бәрін негізінен Гүлжан Рыскелдіқызы мойымай мойнына алыпты. Соның арқасында бәріміздің басымыз қосылып, думанды кеште бір жасап қалдық.
Гүлжан досымыз 1981 жылы медицина институтын бітірген балалар дәрігері. Бұрынғы Шелек аудандық ауруханасы балалар бөлімшесін көп жыл басқарған. Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы. Аудандық мәслихаттың депутаты да болған.
...Кездесуде ол сыныптастарын жас баладай жүгіртіп, әртүрлі ойынға қатыстырып, би алаңына шығарып, кештің көңілді өтуіне атсалысты. Біз Гүлжанның іскерлігіне, еңбекқорлығына тәнті болдық. Қай жерде де, қандай жағдайда да бәрімізге осындай бір көпшіл көшбасшы, барлығын дерлік білетін басқарушы керек-ақ.
Сонымен қатар аталған сағыныш сезімі жүректі айырықша шымырлатқан жүздесудің жуан ортасынан табылып, қол ұшын берген жан елге сыйлы азаматтың бірі, Қарасай ауданы Райымбек ауылының тұрғыны Тұрсынбек қажыны да атап өткен абзал. Сыныптастардың ұзақ жылдан кейінгі кездесуі есте қаларлықтай болды. Арамызда 45 жыл өтсе де, бәрі сол кездегі ақкөңіл, қарапайым қалпын сақтап қалыпты. Әсерлі кештен соң бәріміз байланыста болып, қуанышты сәттерде қауышып тұруға уәделесіп тарқастық.
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
Алматы облысы