Елордада  ЖОО мен колледждің 200 түлегі пандемиямен күреске жұмылдырылды
Елордада  ЖОО мен колледждің 200 түлегі пандемиямен күреске жұмылдырылды
фото: ашық дереккөз
277
оқылды
Нұр-Сұлтанда Астана медицина университеті мен медициналық колледждің 200-ден астам түлегі пандемия жағдайында жұмыс істеуді үйреніп, арнайы оқудан өтті. Қала әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, қазіргі уақытта олардың барлығы жұмысқа алынып, COVID-19-бен күреске атсалысып жатыр. «Бүгінде тағы 120 түлек оқудан өтуде. Медицина университеті мен колледждің жалпы 500-ден астам түлегі COVID-19-бен күреске жұмылдырылатын болады. Оларды емханалар, ауруханалар, стационарлар мен жедел жәрдем станцияларына жібереміз. Бір бөлігі жұмысқа кірісіп те үлгерді. COVID-19 науқастарын емдеуге арналған төсек-орындар санын көбейту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Пандемия басталғалы жұқпалы аураулар төсек-орындары саны мыңнан 4 мыңға дейін ұлғайтылды. Осылайша, стационарлар саны 3-тен 14-ке дейін артты. Эпидемиологиялық ахуал күрделенуі мүмкін екені ескеріліп, тағы 1,5 мың орындық резерв дайындалды. Ол үшін арнайы жабдықталған 800 төсек-орын сатып алынады», - деп жазды А.Көлгінов Instagram-да. Жақын арада өкпені жасанды желдететін 200 аппарат, 500 флуометр, 500 оттегі концентраторы, екі компьютерлік томограф жеткізіледі. Бұған дейін елорда әкімі Алтай Көлгінов медициналық білім ұйымдарының ректорларымен түлектерді пандемиямен күреске тарту және жұмысқа орналастыру мәселесін талқылаған болатын.