Кеше мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі жарияланды. Осыған орай, Білім және ғылым министрлігі брифинг өткізіп, вице-министр Фатима Жақыпова республикалық конкурс қорытындысымен бөлісті.
Министрлік дерегінше, биыл мемлекет 53 785 грант бөлген. Республикалық конкурсқа 64 452 түлек қатысқан. Бір грантқа 1,29 адам таласқан. Вице-министр алдыңғы жылдармен салыстырғанда грант үшін бәсекенің төмендеуін мемлекет тарапынан берілетін жоғары білім алуға деген мүмкіндіктердің кеңеюімен түсіндірді.
– Биыл грант иегерлерінің тізімі жылдағы уақытынан бес күн ерте жарияланды. Үмітін үкілеп, осы күнді асыға күткен мыңдаған түлекті ойлап, республикалық конкурстық комиссия жедел жұмыс істеді, – деді Ф.Жақыпова.
Гранттардың 45 пайызы инженерлік, құрылыс және IT мамандықтарына бөлінген. Педагогикалық мамандықтардың еншісіне 8 мыңнан астам грант тиген. Биыл республикалық конкурсқа 5 800-ден астам «Алтын белгі» иегері қатысып, олардың ішінде 4 600 түлек грант иеленген. Ең жоғары балл жалпы медицина, стоматология, фармация, шет тілі, инженер, саясаттану, IT мамандықтарында тіркелген.
Грантқа ілінбеген түлектер үшін министрліктің жақсы жаңалығы да бар. Арнаулы үкімет қаулысымен мемлекет басым бағыттар бойынша тағы 3 мыңнан астам грант бөлуді жоспарлап отыр. Жаңа гранттармен толығатын басым бағыттарға инженерлік, педагогикалық және жаратылыстану салалары кіреді. Жақыпова грантты үлестіруде түлектің емтиханда жинаған балынан бөлек, көпбалалы отбасының балаларына да бірінші кезекте назар аударылатынын айтты.
Гранттардың 45 пайызы инженерлік, құрылыс және IT мамандықтарына бөлінген. Педагогикалық мамандықтардың еншісіне 8 мыңнан астам грант тиген. Биыл республикалық конкурсқа 5 800-ден астам «Алтын белгі» иегері қатысып, олардың ішінде 4 600 түлек грант иеленген.
Вице-министрдің сөзінше, гранттарды бөлу кезінде «аппеляция» деген ұғым жоқ. Бірақ республикалық конкурсқа қатысып, грант ала алмай қалған азаматтар Ұлттық тестілеу орталығына, Білім және ғылым министрлігіне арыз жаза алады. Вице-министр әр жағдайды жеке қарап, грант үлестіру механизмін түсіндіруге уәде берді. Министрлік өкілі гранттарды бөлуге адам факторы қатыспайтынын, жүйе толықтай компьютер жұмысына негізделгенін атап өтті.
Жыл сайын жергілікті әкімдіктер де қосымша гранттар бөледі. Былтыр өңірлердің атқарушы органдары 3 мың грант берген. Жақыпованың айтуынша, биыл гранттар саны былтырғымен бірдей немесе одан көп мөлшерде бөлінуі мүмкін.
Фатима Жақыпова балалары соңғы сыныптарда оқитын ата-аналарға мемлекет ерекше басымдық беріп отырған мамандықтар тізімін шолып шығып, жауапты кезеңге алдын ала дайындалуға кеңес берді.