Мемлекет басшысы облыс, аудан басшыларының жұмысын бағалау олар басқаратын жерлердегі жаңа жұмыс орындарының ашылуына байланысты жүзеге асырылады дегелі аймақтарда халықты еңбекпен қамтуға елеулі түрде көңіл бөліне бастады.
Алматы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Зайда Ілімжанованың айтуына қарағанда, Жетісу жеріндегі жұртшылықтың екі қолға бір күрек тауып беру ісінде айтарлықтай ілгерілеу бар. Биылғы бірінші жартыжылдықта Алматы облысы бойынша барлығы 17 101 жұмыс орны құрылыпты және оның басым бөлігі, нақтырақ айтқанда 14 038-і – тұрақты жұмыс орны болса, қалған 3 063-і – уақытша еңбек. Сонымен бірге, мұндағы мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар шеңберінде ашылғандардың да үлесі қомақты – 6 746 болса, жеке бастамалар бойынша 10 355 жұмыс орны ашылған. Тұрақты жұмыс орындарының басым бөлігі ауыл шаруашылығы, құрылыс, өнеркәсіп, көлік және логистика, білім беру, денсаулық сақтау салаларында екенін де айрықша атап өткен жөн.
Алматы облысы тұрғындарының 80 пайызға жуығы ауылды жерлерде тұратынын ескерсек, жаңа жұмыс орындарындағы ауыл шаруашылығының басымдығы айтпаса да түсінікті. Сонымен бірге, облыста құрылыс қарқынды, өнеркәсіп те өркендеп келеді. Ал көлік пен логистикада жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуы шекаралық аймақтарда, оның ішінде Жаркент өңірінде халықаралық тасымалдың артып отырғанына байланысты.
Биыл облыста нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының бірінші бағыты аясында 3,5 млрд теңгеге 10 477 адамды оқыту жоспарланған. Атап айтқанда, тегін кәсіптік-техникалық білім беруге қарастырылған 1,7 млрд теңгеге 15-24 жастағы 1 535 жас пен қысқамерзімді кәсіптік оқытуға бөлінген 1,8 млрд теңгеге орта жастағы 8 942 адам оқытылмақ.
Техникалық және кәсіптік білім бойынша кадрларды даярлау қыркүйек айында басталады. Қазіргі таңда оқитындар құрамы қалыптастырылуда. Қазіргі кезге дейін өңірдегі 26 колледж бен 22 оқу орталығына 65 сұранысқа ие мамандық бойынша қысқамерзімді кәсіптік оқытуға 4 473 адам жіберілді. Оның 1 711-і оқуды аяқтап, 575-і тұрақты жұмыспен қамтылған.
Болат АБАҒАН
Алматы облысы