Табиғатқа бір табан жақындап, баласына жабайы аңдарды таныстырғысы келген қала халқының баратын жері – зообақ. Жануарлардың сан түрін қызықтап, белсенді демалыс өткізуге қолайлы жердің айналасында туатын дау да, талас та көп. Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде жануарлар құқығын қорғаушы ұйымдар тордағы аңдардың тіршілігіне алаңдап, зообақтарды жабу туралы бастаманы жиі көтереді.
Жағдайы нашарлаған немесе зообақ ішінде өлген жануар туралы ақпарат шықса, қоғамдық талқылаудың бір шеті «зообақтардың не қажеті бар?» деген ескі тақырыпты қайта қаузайды. Жақында Алматыдағы зообақта бір айдың ішінде алты жануардың өлгені анықталып, құқық қорғаушылар бұған мекеме әкімшілігін айыптады. Мәселені зерттеуге құрылған қоғамдық комиссия «жануарлар қасақана өлтірілмеген» деген қорытынды шығарғанымен, зообақтың ветеринарлық бөлімінің жұмысынан көп кемшілік тапты. Комиссия қорытындысында зообаққа жеке тұлғалардың қолынан түсетін жануарлардың көбі аурушаң болатыны, ал ветеринарлық бөлім оларды алғашқы тексерістен өткізбейтіні, аурудың алғашқы симптомдарымен дұрыс жұмыс істемейтіні, заманауи тәжірибелік тәсілдер қолданбайтыны аталған. Нәтижесінде, Алматы зообағы директорының орынбасары Айбол Күдерин мен ветеринарлық бөлім басшысы Азамат Дүйсенов жұмыстан босатылды. Оқиғаға қоғамдық комиссия араласпас бұрын, зообақта жиілеген жануарлар өлімі әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын туғызып, Бота Мұхит есімді бойжеткен Алматы зообағының алдында бір адамдық пикет өткізген еді. Қолына «Зообақты жабуды талап етемін! Жануарлар өмір сүруі керек!» деген сөздер жазылған плакат ұстап, болған жағдайға азаматтық қарсылығын білдірген Бота Мұхит акцияға шығу себебін бір айда бірнеше жануардың өлуімен байланыстырған.
Зообақ жұмысына қарсы белсенділер көбіне тордағы жануарлардың жағдайы табиғи ортадағы өмірге мүлде ұқсамайтынын, бұл көбіне олардың өліміне әкеп соғатынын алға тартады. Ғалымдардың дерегіне сәйкес, жолбарыстар мен арыстандар зообақта жабайы табиғатта жүретін аумағынан 18 мың есе аз жерде тұруға мәжбүр. Ұлыбритания үкіметі қаржыландырған зерттеу нәтижесінде зообақтағы пілдердің 75 пайызы артық салмаққа ие болғандықтан, еркін қозғала алмайтыны анықталған. Зерттеу қорытындысына сәйкес, африкалық пілдер жабайы табиғатта үш есе артық өмір сүреді. Сондай-ақ арыстан балаларының 30 пайызы жабайы табиғатта жыртқыштарға жем болса, зообақта басқа аңдардан оқшау торда тұрған аңдардың 40 пайызы қауіпсіз ортаның өзінде мерт болады екен. Ұзақ уақыт шектелген кеңістіктегі өмірге бейімделген жануарлардың мінез-құлқында да үлкен өзгерістер байқалатын көрінеді. Мәселен, Ұлыбританиядағы пілдердің 48 пайызында «стереотипия» – бір әрекетті үздіксіз қайталай беру әрекеті тіркелген.
Алматыдағы зообақтың айналасында туған дау қаладағы хайуанаттар бағын жабу туралы талапқа ұласты. Белсенділер Батырхан Тоғайбаев пен Мария Жилякова онлайн петиция жариялап, Алматы тұрғындарын зообақты жабу идеясын қолдауға шақырды. Біз Батырхан Тоғайбаевпен байланысып, оның Алматыдағы хайуанаттар бағының жұмысына неге көңілі толмайтынын білдік.Зообақ қызметін қолдаушылардың бірқатары жабайы табиғатта жойылу қаупі төнген жануарларды осындай мекемеде сақтап қалуға болады деп сенеді. Шын мәнінде, қазір табиғи ортада кездеспейтін Пржевальский жылқысы мен Давид бұғысын тек қана зообақтардан көруге болады. Онда арнаулы мамандар аталған жануар түрін көбейтуге күш салады.
– Алматы зообағының жұмысында жануарлардың өмір сапасы, ветеринарлық-санитарлық нормалар, қауіпсіздік техникасы мен қызметкерлердің кәсіби біліктілігі сияқты мәселелерде көңілім толмайтын тұстар көп. Барлық талапқа сай жұмыс істейтін заманауи зообақтарда жануарларға уақытылы, белгіленген мөлшерде ең пайдалы ас беріліп, олардың күтіміне ерекше назар аударылуы керек. Олардың денсаулығын қатаң бақылауға алып, дер кезінде екпе жасап тұрса, жануарлардың жаппай өлімі болмайды, – дейді ол.
Онлайн петиция мәтінінде белсенділер зообақ әкімшілігінен жағдайды түзету туралы уәде күтпейтінін, мекемені талқылаусыз жабу керегін жазған. Батырхан Тоғайбаев келісімге келуге тырыспауының себебін былай түсіндірді.
– Алматы зообағында басшылар жиі ауысады. Соңғы тағайындалған Банщиков мырзаның келуімен, мекеме жұмысы қоғаммен ашық жұмыс істей бастағанымен келісемін. Бірақ ол да қызметінде мәңгі қалмайтыны белгілі. Тағы да басшы ауысады, дағдарыс болады, жануарлар қайта өле бастайды. Мәселен, жолбарыс тәулігіне 8-10 келі ет жеу керек. Біз одан «Саған тиісті ас белгіленген мөлшерде беріле ме?» деп сұрай алмаймыз. Сондықтан «түбінде заманауи зообақ аталымына лайық қызмет көрсетіле бастайды» деген үмітпен жануарлардың жаңа өлімін күтудің қажеті жоқ деп есептеймін.
Зообақ қызметін қолдаушылардың бірқатары жабайы табиғатта жойылу қаупі төнген жануарларды осындай мекемеде сақтап қалуға болады деп сенеді. Шын мәнінде, қазір табиғи ортада кездеспейтін Пржевальский жылқысы мен Давид бұғысын тек қана зообақтардан көруге болады. Онда арнаулы мамандар аталған жануар түрін көбейтуге күш салады. Батырхан Тоғайбаевтың пікірінше, зообақ – жануарларға зерттеу жүргізуге арналған жал-ғыз орын емес.
– Зообақты қолдаушылардың көбі хайуанаттар бағының ғылыми мақсатта жұмыс істейтін мекеме екенін айтады. Бірақ қазір жануарларды олардың табиғи ортасынан ажыратпай-ақ зерттеуге болады. Заманауи зообақтарда жануарлар торда отырмауы керек. Олар тұратын жер барынша табиғи ортаға ұқсас болғаны жөн. Табиғатта бірін-бірі жемейтін жануарлар үшін арасы бөлінбеген территория жасап, адамдарға оларды арнаулы терезелер мен бункерлер арқылы бақылауға мүмкіндік жасауға болады. Бұл жануарларды да артық стресстен арылтады. Лондон хайуанаттар бағында болғанымда қонақтарға экскурсия жасайтын гидпен кездестім. Ол өзі жұмыс істейтін зообақтың ғылыми мақсатын жануарларды торда ұстау емес, олардың осы жерде ұрпақ көбейтуіне жағдай жасау деп түсіндірді. Жері кішкентай Сингапурда зообаққа үлкен территория бөлінген. Онда жануарларға мүлде басқаша қарайтынын түсіну үшін, біздің зообаққа бір рет барып, интернеттен Сингапур хайуанаттар бағының видеосын көру керек.
Қоғамдық бастамалардың бәрі бірдей билік тарапынан қолдау таба бермейді. Біз Алматы зообағын жабу туралы петиция авторынан өз белсенділігінен қандай нәтиже күтетінін сұрадық.
– Қазір петицияға 924 адам қол қойды. Кемі бес мың қол жиналғанын қалаймыз. Петиция туралы ақпаратты таныстарымыз бен достарымызға таратып, үлкен қолдауға ие болдық. Онлайн петицияның заңды күші жоқ екенін білеміз. Одан бөлек, Алматы зообағын жабу мүмкін емесін, ондағы көп ақша мен үлкен территорияны қорғаушылар табылатынын да түсінеміз. Бізді қолдайтын 50 мың адам болса, мүмкін жағдай басқаша болар ма еді? Өз бастамамыз арқылы бұл мәселеге көпшілік назарын аударғымыз келеді. Халық ойланып, зообаққа баруды, тордағы жануарларды тамашалауға ақша төлеуді доғарса дейміз. Қоғамдық сана өзгеріп, баласын «жануарлар торда отырмауы керек» деп тәрбиелейтін ата-ана көбейер деп үміттенеміз.