Нұр-Сұлтан қаласында Nur Otan партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Халыққа көмек» бірыңғай әлеуметтік терезе» партиялық жобасы аясында азаматтардың мәселесі талқыланды.
Алматы, Батыс Қазақстан және Нұр-Сұлтан қалаларының тұрғындары әлеуметтік, құқықтық мәселелерін шешуді сұрады.
Орталық мемлекеттік органдардың өкілдерінен құрылған мобильді топ азаматтардың сұрағына толық жауап берумен қатар мәселесін нақты шешіп берді. Олардың проблемалары «Нақты осы жерде» принципімен талқыланып, аймақтардағы жауапты органдарға нақты тапсырма берді. Тұрмысы төмен отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек бойынша кеңес берді.
Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданының тұрғыны Зүлфия Шынболатқызы тырнақ сәндеудің қыр-сырын меңгергенімен, тұрақты жұмыс таба алмай отырғанын айтты.
– Халықты тұрақты жұмыспен қамтитын қоғамда сұранысқа ие мамандыққа қайта оқыдым. Бірақ тырнақ сәндеу қолымнан келмеді. Сондықтан партиядан көмек сұрап келдім. Маған қолымнан келетін шаштараз болуға кеңес берді. Шалғай аймақтағы елдің өтініш-тілегіне ден қойып, мәселесін тез арада шешіп бергеніне ризамын, – деді Зүлфия Шынболатқызы.
Сондай-ақ қоғамдық қабылдауда Алматы облысынан атаулы әлеуметтік көмек ала алмай жүрген, Қарақалпақстаннан елге көшіп келіп, Қазақстанның азаматтығын ала алмай жүрген азаматтар мәселесін айтты. Алматы облысының тұрғыны Амандос Өмірбаев 15 жастағы ұлының мәселесін жауапты министрліктің араласуымен тез арада шешілгеніне алғысын айтты.
Әбілмансұр ЖАСАН