Мойынқұм ауданы әкімдігінің Сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі 1 285 714 теңге қаражатты негізсіз пайдаланып, оны өтеуге кәсіпкерден талап еткен. Бұл мәселе Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасына «Тараз Гео проект Люкс» ЖШС директоры Шалабай Байділдаевтан келіп түскен арыз негізінде анықталды.
Серіктестік 2019 жылдың 29 мамыры күні Жамбыл облыстық экономикалық сотынан Мойынқұм ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің арыз-талабы бойынша сотқа шақыру қағазын алады. Арызда талапкер мен серіктестік арасында «Жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы» жасалған келісімшартқа қатысты қарама-қайшылық мәселесі көтерілген. Талапкердің арызында көрсетілген дәлелдемелермен келіспеген серіктестіктің құқығын сотта Кәсіпкерлер палатасының өкілдері қорғап шықты. Келісімшартқа сәйкес, шарттың жалпы сомасы 1 миллион теңге және 11 миллион теңге қосымша құн салығынсыз деп көрсетілген. Ал екінші келісімшарттың жалпы сомасы 12 миллион теңгені құрайды. «Келісімшарттарда көзделген міндеттемелер бойынша «Тараз Гео проект Люкс» компаниясы тиісті түрде жұмысты орындаған. Бұл туралы талапкер тарапынан қандай да бір ескертулердің, хабарламалардың немесе талаптардың жоқтығы растайды және де екіжақты қол қойылған жұмыстардың орындалғаны туралы актісі іске тіркелген», – дейді Кәсіпкерлердің құқын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Индира Молдабекова.
«Мемлекеттiк сатып алу туралы» заңның 5-бап 2-тармағына сәйкес тапсырыс беруші тиісті бюджет немесе жеке қаржыландыру жоспары негізінде мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен және нысанда мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын әзірлейді және бекітеді. Аталған тармақтың 2,2-тармақшасына сәйкес Мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында анықтамалыққа сәйкес тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің номенклатурасы, оған қоса мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін бөлінген, қосылған құн салығы есепке алынбайды.
Биылғы жылдың сәуірінде Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті мен Мойынқұм ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне анықталған заң бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы ұйғарым шығарылған болатын. Ұйғарымда көрсетілгендей, әкімдіктегі жауапты тұлғалардың салғырттығынан «Мемлекеттiк сатып алу туралы» заңының «Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі» есеп комитетінің нормативтік қаулысы қатаң бұзылған. Тараз қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы ресми жауабында серіктестік қосымша құн салығын төлеуші емес екені туралы мәлімдеген болатын. Сондай-ақ аталған заңбұзушылық жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан емес, жауапты тұлғаларының жіберген кемшіліктері салдарынан болғанын айтты. Десек те, Мойынқұм аудандық құрылыс бөлімінің мамандары заңнаманың және келісімшарттың жағдайларын бұза отырып, қосымша құн салығын қайтаруды әлі де талап етуді жалғастырған. Қалай дегенде де соттың шешімі бойынша «Мойынқұм ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінің талап-арызы қанағаттандырусыз қалды.
Жамбыл облысы