Өткен ғасырдың басында ұлт ақыны Мағжан Жұмабаев түптің түбінде қазақтың басын қосатын тіл екенін: «Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім!» деп айтып кеткен екен. Шынында, қазір бар қазақтың басын қазақ тілі қосып келе жатқаны мәлім. Соның бір дәлеліндей жақында Атырау өңірінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша шет елдердегі қазақ диаспорасына арналған «Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім» атты XVI халықаралық олимпиада өткен еді.
Бұл олимпиаданың негізгі мақсатына келсек, әлемнің 40-тан аса елінде өмір сүріп жатқан қандастардың мектеп жасындағы ұл-қызын ата жұртына шақырып, елімен табыстыру, жұртымен қауыштыру, тілінің қадір-қасиетін ұқтыру болатын. Бұл білім сайысына алыс-жақын жеті мемлекеттен 62 оқушы қатысты.
Оқушылардың білімін бағалайтын қазылар алқасында әдебиет пен тілдің білгірлері, профессорлар Қадыр Жүсіп, Дандай Ысқақ бастаған ғалымдар жұмыс істеді. Олар ата жұртына келген әр баланың жүрек лүпіліне жете мән беріп, шынайы қамқор ниеттерін танытты. Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінің базасында талапкерлер жазбаша, ауызша және шығармашылық таланттары бойынша емтихан тапсырды. Емтиханнан кейінгі уақытта олар өңірдегі киелі орындармен, әсіресе, «Хан ордалы Сарайшық» музей қорығында болып, бабаларының өткен тарихымен танысты.
Олимпиаданың ресми жабылу салтанатында Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары С.Шапкенов қатысып, атамекеніне табан тигізген жастарға шынайы ілтипат танытып, бағалы сыйлықтар тапсырды. Сол секілді, жеңімпаздар Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов белгілеген І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарға ие болды. Бұған қоса, 11 түлек, нақты айтсақ, Өзбекстаннан, Қытайдан, Ресейден, Моңғолиядан келген жастар Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқуға мүмкіндік беретін гранттар алды. Алыста жүрген ағайын баласына грант берген білім ордаларының қатарында А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік, Семейдегі Шәкәрім, Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік, Павлодар мемлекеттік педагогикалық, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеттері бар. Осы оқу орындарының ішінде С.Бәйішев университеті өзгелерге үлгі боларлық қадам жасады.
Қолда барда алтынның қадірін біле бермейтініміз ақиқат. Өз ел, өз жерімізде жүргенде тіл қасиетіне, жер киесіне, тіл құдіретіне көңіл бөлмейді екенбіз. Осы жолы аңғарғанымыз, көздері ботаның көзіндей мөлдіреген ұл мен қыз бала болса да, халқына деген шынайы сезімдерін сөзбен айтып жеткізе алмай, кейде жанарлары мөлтілдеп кете берді. Күнкөрісіміз болады дей отырып, қазақ топырағына табаны тигенде қатты толқығандарын, «Біздің сыртта жүргенде алтын басымыз тордағы балықтай болушы еді. Шекарадан өткенде алдымыздан кең дүние шыққандай болды, көз аясы кеңіді, көңіл көкжиегі алысқа самғады» десе бірі, екіншісі: «Біз үшін жұмақ осы Қазақ елі екен ғой» дейді. Қазақ ақындарының өлеңдері мен қара сөздерін жатқа айтқанда жанарлары жасаурайды. Шетінен ән айтып, күй тартады. Ағыл-тегіл сөйлеп, өздері шығарған өлеңдерін жатқа айтады. Оқып көрелік: «Сәлем бердім, Атырау, Мен туғанда жан атам, Ақсарбасын сойыпты. Есімімді сол атам, Ерге лайық болсын деп, Исатай деп қойыпты. Атыраудай жеріңе, Исатай боп келген соң, Махамбеттің аруағын бір аунатпай кетпем бе?!», – десе Исатай Жоламан, «Ей, адамдар, тоқтаңдар, Қараңдар айналаға, Не болып кеткесіңдер? Ниетің пайда ғана, Ағайын туысқанмен, Кездесіп тойда ғана, Өтірік беттен сүйіп, өтірік аймалама», – дейді ирандық қазақ Айдын Асқар.
Ал оқушыларды басқарып келген жетекшілерімен сөйлескенде қазақ тіліне қатысты біраз мәселелерді алға тартты. Айталық, Өзбекстанда қазақ мектептері бар екені белгілі. Бірақ сол қазақ мектептерінде қазақ мұғалімдерінің кемшілдігінен, әсіресе, жаратылыстану пәндерінен сабақты өзбек мұғалімдері өткізеді екен. Бұл оқушылар үшін көп жағдайларда қиындық туғызатынын, соның кесірінен қазақ тіліндегі оқулықтардан гөрі, өзбек тіліндегі оқулықтарға ден қоятындарын оқушылар өкінішпен алға тартады. Кириллица әрпімен мектеп бітіріп, колледж бен институттарға барғанда латын әліпбиінде оқу да оңай түспейтінін жеткізеді. Іргелес жатқан Қырғыз мемлекетінде қазақтар болғанмен, бірде-бір қазақ мектебі жоқ екенін, мұның себебін ол елден келген оқушы да, жетекші де түсіндіріп бере алмайды. Ресейдің Самара, Саратов өңірлерінде қазақ мектебі емге табылмайтыны мәлім. Омбы облысының 100 пайыз қазақ тұратын ауылында 13 қазақ мектебі бар екен. Аты қазақ болғанмен, заты орыстілді. Мектеп орыс тілінде болған соң, ол ауылдардың болашағы бұлыңғыр ғой. Омбыдағы басқа білім ордаларын айтпағанда, қазақ жиі қоныстанған жерлердегі 4 мектеп те орыстілді екен. Әйтсе де, ондағы оқушылардың 50 пайызын қазақтың қара көздері құрайтын көрінеді. Омбыдан келген жетекші Бәткен Төлеулинова биылғы жаңа оқу жылынан бастап, ол елдегі өзге ұлттар үшін «Ана тілі» пәні енгізіліп жатқанын айтып, «Мұның қазақ балаларына қатысы болмай тұр. Себебі, Ресей өз құрамындағы ұлттарға солай қамқорлық жасап отыр. Біздің талабымызға айтар уәждері «Қазақ елі Ресей құрамына кірмейді. Оның үстіне, оқулық жоқ, білім стандарты жасалмаған» дейді. Мәселен, татар, башқұрт, чуваш, тағы басқа ұлыстар үшін арнайы оқулықтар жазылып, сол мемлекеттің стандартына сай бағдарлама жасалған. Осы жайды ата-жұртымыздағы «Хабар-24» телеарнасына өтініш жасаған едік. Арнайы журналистер барып, проблеманы жан-жақты қарастыра түсіріп, көрсетті. Біз осыны облыстық білім министрлігіне айтқанымызда, олар жоғарыға мұны жазбаша түрде жеткізгенін алға тартып, екі елдің білім министрлері бірігіп шешсе, құба-ғып деді. Біз бұл тілегімізді отандастарымыздың да құлағына салуды парыз санаймыз. Шеттегі бауырластарына қажет дүниелермен, әсіресе, оқулықтармен қамтамасыз етіп жасаса, нұр үстіне нұр болар еді» дейді.
Киелі Тараз өңірінде өткен осындай олимпиадада ұлт сөзін сөйлеп өткен Шерхан Мұртаза ағамыз әкімқараларға қарап тұрып: «Боталарымыз келді, жылы жүзбен қарсы алайық. Бала кезде көрген көрініс естен кетпейді. Бұлар сол сезіммен күндердің күнінде аталарын жетелеп ата-жұртына оралады» деген еді. Шынында, осы сөз ақиқатқа айналды деуге болады.
Бұрын Ираннан бала аз болатын еді. Бұл жолы 13 оқушы келіпті. Олар да қазақ тіліне деген ерекше ынталарын білдіріп жатты. Әсіресе, шығармашылық сайыста ән айтып, Нұрғиса Тлендиевтің «Әлқисасын» төгіп-төгіп жібергенде көңіл шіркін толқымай қалмады. Шетінен халық әндеріне жетік екендерін де көрсетті. «Бізге бұл өнерді үйрететін Иранда өнерлі жан кемде-кем. «Ұстазымыз» интернет болып тұр» дейді Ескелді Ясер Мұрат. Тоғызыншы сыныпта оқитын Алланияз деген бала: «Мен енді Иранға кетпеймін. Егер ата-жұртым қабылдап жатса, келмеймін деп әке-шешеме де айтқам. Мен ол жаққа барғаннан кейін әскерге жасым жетсе, ешқашан атамекеніме келе алмаймын. Сондықтан маған бір жанашырлық танытыңыздар!» деп қара торы жүзі мың құбылғанда ет жүрек елжіремей қалай тұрсын?! Оның осы бір жан тебіренісін ұққан атыраулық азаматтар заң көтерсе, алып қаламыз десті. Оның өтінішінен құлақтанған өзге оқушылар да біз де қаламыз деген ниеттерін білдіріп, байтақ еліміздің ыстық құшағын қимай тұрды.
Киелі Тараз өңірінде өткен осындай олимпиадада ұлт сөзін сөйлеп өткен Шерхан Мұртаза ағамыз әкімқараларға қарап тұрып: «Боталарымыз келді, жылы жүзбен қарсы алайық. Бала кезде көрген көрініс естен кетпейді. Бұлар сол сезіммен күндердің күнінде аталарын жетелеп, ата-жұртына оралады» деген еді. Шынында, осы сөз ақиқатқа айналды деуге болады. Оған осы олимпиадаға ұйытқы болып келе жатқан «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Камила Башарова келтірген деректер мысал бола алады. «16 жыл ішінде 1 500-ге тарта шетелдегі қандастардың ұл-қызы ата-жұртына келген екен. Олардың ішінен 250-ге таяуы жоғары оқу орындарында білім алып, қазір көбі тәуелсіз еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосып жүр. Араларынан ғылым жолына түсіп, профессор атанғандар да, ұлттық демографияға екі-үш балалы болып, үлес қосып жүргендер де аз емес», – дей келе, «Атырау өңірінде өткен білім сайысына ерекше үлес қосқан облыстық әкімдікке, білім басқармаларына, Н.Тлендиев атындағы мамандандырылған Кіші өнер академиясына айтар алғысым шексіз. Алдағы уақытта да бұл олимпиада жалғасын таба береді. Бір айта кетейін дегенім, осы игілікті іс Отанымыздың барлық облыстары мен ірі қалаларында өтті. Біз бұл арқылы шетелдегі қандастардың баласына тіл үйрете отырып, келешекте Отанына оралуға жол ашу ниетін алға оздырып отырмыз», – дейді К.Башарова.
Сүлеймен МӘМЕТ