Редакциямызға Жанар Ағзамова атты оқырманымыздан хат келді. Хат иесі жазбасында ұзақ жыл мемлекеттік қызметте болған, бүгінде зейнет жасына келген әкесі Арғынғали Ағзамов жайында баяндай келе, оның жазған мақаласын газетке жариялауды сұраған екен. Біз де оқырманымыздың өтінішін аяқсыз қалдырмауды жөн санадық.
Тәуелсіздік алып, егемен ел болғанымызға – 28 жыл. Бұл мерзім тарих үшін қас қағым сәт болғанымен, осы уақыт аралығында халық игілігі үшін үлкен жұмыстар атқарылды, еліміз түрлі даму кезеңдерінен өтті. Мемлекетіміздің дамуы жолында жасаған әр қадамымыз үлкен өзгерістерге алып келді. Қазақстан өркениетті елдермен терезесі тең, әлемдік сахнада өз орны бар мемлекетке айналды. Осының бәрі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың іскерлігінің, көреген қасиеттерінің арқасында мүмкін болды. Еліміздің қарқынды дамуы мен оның әлімдік аренадағы беделінің артуы жолында Елбасының сіңірген еңбегі ерен. Қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірдегі барлық жетістіктер мен прогрессивті өзгерістер оның атымен тікелей байланысты.
«Экономиканың жаппай күйреуі халықтың басым көпшілігін күйзеліске ұшыратты. Көптеген сарапшы этносаралық шиеленістер мен қақтығыстар болады деп болжам жасады. Бірақ біз өзіміздің егемен елімізде бейбітшілік пен келісім жағдайында өмір сүруге лайықты екенімізді бүкіл әлемге дәлелдедік. Менің «алдымен экономика, сосын саясат» деген негізгі қағидатым дұрыстығын дәлелдеді, – деді Елбасы.
Елбасы дұрыс жүргізілген саясаттың арқасында еліміздің посткеңестік кеңістіктегі қарқынды дамып келе жатқан мемлекетке айналғанын айтты. «Маған өз халқыммен бірге тәуелсіз Қазақстанды құру мәртебесі бұйырғанын мақтан тұтамын. Қиын заманға қарамастан халқым менің бастамаларыма әрдайым қолдау көрсетті. Соның арқасында біз барлық нәтижелерге қол жеткіздік. Мен халқыма ризашылығымды білдіремін», – деп ағынан жарылды Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясынан Қазақстан Президенттігіне кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды. Ол өз кезегінде Қасым-Жомарт Кемелұлын еліміздегі жоғары лауазымға лайықты үміткер екенін айтып, жаңа Президентіміздің Отан алдындағы сіңірген еңбегі мен жеткен жетістіктеріне жоғары баға берді.
Әрине, ел басқару оңай емес. Өзім мемлекеттік қызметте (ауыл председателі, мектеп директоры) болған адам ретінде мұны жақсы түсінемін. Ел тарихын ерлер ғана жасайды. Бұл орайда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлына Қазақстан халқы үлкен сенім артып отыр.
Айтпағым, халық пен билік арасындағы байланыс берік болғаны жөн. Сол кезде ғана елдің бірлігі бекем болады. Елдің басындағы түрлі түйткілді мәселелерді шешуде депутаттардың атқаратын рөлі зор. Олар өздерін іскер ұйымдастырушы ретінде көрсете білу керек. Халық қалаулылары халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, талап-тілектерін шешуде аянбай еңбек ете береді деп ойлаймын.
Қазақстан жаңа кезеңге қадам басты. Елдегі орын алған өзгерістер алаш жұртының алдына жаңа міндет-мақсаттар қойып отыр. Болашақта да елдігіміз жарасып, ынтымақ пен бірлігімізден ажырамай, бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кеше беретінімізге сенемін. Бастысы, тәуелсіз Қазақстанның дамуы жолында бәріміз бірлікте еселі еңбек ете берейік.