Экономика әлсіз болса, ел дәрменсіз
Экономика әлсіз болса, ел дәрменсіз
584
оқылды

Қазақстан бәсекеге қабілетті болу жағынан дәл қазір әлемде 34-орынға тұрақтапты. Су жаңа деректі дәл осы мәселені (бәсекеге қабілет) жіті зерттейтін халықаралық орталық ұсынған. Кеңес одағының шекпенінде бірге ғұмыр кешкен елдер ішінде біз тіпті Ресей (45) мен Украинаны да (54) артта қалдырыппыз.

Көш басында Сингапур тұр­са, рейтингтің соңында Вене­суэла елі орналасқан. Оңтүстік Америка елінің дәл бұлай құл­дырайтындай жөні бар. Себебі, соңғы бірер жылда Венесуэлада болған саяси және экономикалық қиындықтар ел еңсесін тү­сірмей қойған жоқ. Осы жылдың 21 қаң­тарында аталған елде пре­зидент Николас Мадуроға қарсы жап­пай оппозициялық қозға­лыстар бастау алып, Ұлттық ассамблея басшысы Хуан Гуаидо парал­лельді түрде ел билігіне келген еді. Тіпті АҚШ бастап, бірқатар Батыс елдері қостап Гуаидоның билігін заңды деп те таныған. Бұл жағдай әлі күнге бір арна­сына түскен жоқ. Оның үс­тіне экономикалық қиындықтар да «жау жағадан алғанда, бөрі етек­тен» деген тәмсілді еске тү­сіреді. Соңғы айда Венесуэ­лада­ғы мұнай экспортының көлемі күрт төмендеп, шілде айында экс­порттық көрсеткіш 17,5 па­йызды құраған. Ал былтыр елдегі мұнай өндіру көлемі екі есеге азайып кеткен.

Ал көш басындағы Синга­пурдың мүмкіндігі мен бағын­дырып отырған биігін көріп тән­ті боласың. Азия-Тынық мұ­хит аймағындағы ең ірі эконо­микалық орталыққа айналған бұл елден бірде-бір табиғи ресурс табылмайды. Соған қарамастан экономикалық еркіндік индексі бойынша әлемде алдына қара түсірген емес. Жалпы ішкі өнім­нің (ЖІӨ) негізгі үлесі өңдеуші сектордан келіп түседі екен. Бұл ел негізінен электроника, хи­мия­лық өнеркәсіп, биотехноло­гия, логистика және машина құрастыруға баса көңіл бөлген. Сондай-ақ қаржылық қызметтер көрсетуді жолға қойғаны, сол себепті қазіргі таңда әлем бо­йынша 200-ден астам банктің Сингапурда жұмысын жандан­дырып отырғаны да оның эконо­микалық бәсінің артуына үлкен үлес қосуда. Мемлекеттің бәсе­кеге қаншалықты қабілетті еке­нін бағалайтын ұйым оның эко­номикалық мүмкіндігіне көбірек көңіл аударатыны түсінікті. Ұлттық экономика министр­лі­гінің мәліметінше, Қазақстан­да­ғы 5 негізгі фактор біздің артық­шылық болып тұр. Олар – елдегі саяси тұрақтылық, қаржы ре­сурс­тарына қолжетімділік, эко­номиканың динамикасы, бизнес ортаның жайлылығы және тиімді салық жүйесі. Әрине, бұл факторлардың барлығы салыс­тырмалы түрде ескерілген болуы тиіс. Әйтпесе, дәл осы айтылған бағыттар бойынша Қазақстан өзін «суда жүзген балықтай» сезіне қояды деп айту да қиын. Әсіресе, бизнес ортаның жай­лы­лығы – азаматтар үшін аса ма­ңызды фактор. Қазір көпшілік бизнес ашпас бұрын оның құ­жаттарын реттеу, бастан аса­тын салығын төлеу, бәрін заң­ды реттеген күннің өзінде қай­та-қайта бас сұға беретін тексе­рушілерден шаршап, ша­руасын шатқаяқтатып алып жатады. (Осыны ескерген Пре­зидент Қасым-Жомар Тоқаев биыл сәуір айында «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңна­малық актілеріне кәсіпкерлік ортаны дамыту және сауда қыз­метін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын).

Есесіне Қазақстан эконо­ми­калық еркіндік бойынша түзіл­ген рейтингте төмен құлдыраған. Америкалық The Heritage Foundation зерттеу орталығының хабарлауынша, Қазақстан дәл қазір 59-орында. Біздің ел был­тырдан бері 12 бағалау көрсет­кішінің төртеуін ғана әупі­рім­деп жаңарта алыпты. Бізге қарағанда Әзірбайжан мен Арменияның жағдайы тәуір. Өгізаяңмен өсіп жатқан еліміздің ЖІӨ көрсеткіші биыл маусым айында 4 пайызды құрады. Соның 90 пайыз үлесі шикізат экономикасына, тасымалдау қызметіне, алғашқы өңдеу мен шикізат саудасына тиесілі. Жерасты байлығының молынан табылуы, металл мен мұнайдың, газ бен уранның белсенді экс­портталуы әзірге ел экономи­ка­сына көлеңке түсіріп тұрған жоқ. Дегенмен экономиканы әрта­раптандыру да сәтті жүргізіліп жатыр деуге келмейді. Шикі­зат­тық емес сектордағы өсімнің артпауы, жеке бизнестің әлі де болса жөнді қарқын алмауы, технологиялық жабдықталудың кемшін тартуы, елдегі қаржы жүйесінің – банктердің, қор нарығы мен сақтандыру компа­ния­ларының әлі де болса эконо­микадағы басты факторға айнала алмауын – экономиканың шал­ғайына жармасқан маңызды проблемалар десе болғандай.

Ұлттық экономика минис­тр­лігі Статистика комитеті ұсынған мәліметке сүйенсек, 2019 жыл­дың қаңтар-шілде айларында Қазақстандағы инфляция көлемі 2,8 пайыз болған. Жеті ай ішінде азық-түлік тауарларының бағасы 6 пайызға өсіп, азық-түлік емес заттар құны 2,4 пайызға қымбат­таған.

Экономист Берлин Ири­шев­тің айтуынша, экономиканың дамуына кері әсер етіп жатқан басты нәрселер бар.

– Трамптың билікке келуімен біз «Үшінші дүниежүзілік со­ғысқа» жақындап келе жатқан­даймыз. Әрине, бұл «соғыста» қан төгілмейді, бірақ салдары Екін­ші дүниежүзілік соғыстан кем түспейді. Ал өз еліміздегі жағ­дайға келсек, дәл қазір Ұлт­тық Банк теңгені қорғау үшін оған ең жоғары мөлшерлеме қойып отыр. Федералдық резерв жүйесі мен Еуропалық орталық банк өнді­рісті ынталандыру үшін арзан ақша тактикасын таңдай­ды. Бұл ретте Ұлттық Банк қол­да­натын әрекет әлемдік үрдіс­тер­ге қайшы келеді, – дейді сарапшы.

Осыдан бірер ай бұрын Пре­мьер-министр Асқар Мамин экономикалық өсімді арттыру туралы тапсырма берген еді. «Соңғы уақытта өсім көлемі бә­сеңдеп қалды. Сарапшылар мен даму институттары өсім биыл 3,6 пайыз көлемінде төмендейді деп болжам жасап отыр. Сон­дықтан экономиканы сапалы және инклюзивті дамытуды жолға қою қажет. Сонымен қатар тікелей шетелдік инвесторларды тарту да өте маңызды» деген еді Үкімет отырысында.

Ал Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрі Ро­ман Склярдың айтуынша, Қазақстанның шикізаттық емес экспорт көлемі 1 пайызды құра­ған. Осының өзі 15,7 млрд доллар табыс әкелген. Министрдің ай­туынша, қазір еліміз әлемнің 120 еліне 800-ден астам тауар түрін экспорттайды екен. Біз көбінесе ферроқорытпалар, өң­дел­меген цинк, бал, уран, мұнай газы, трансформатор және акку­мулятор сатамыз. Өңделмеген экспорттың 51 пайызын әзірге металлургия беріп тұр. Дүние­жү­зілік банктің мәліметі бойынша, биыл бізде ғана емес, жалпы әлем­де экономика өсімі 2,9 па­йызға дейін әлсірейді. Аталған орталық экономика өсімінің Қазақстанда 3,5 пайызға дейін төмендеп кететінін ескерткен. Төмендеуге басты себеп болатын факторлар – мұнай өндіру көле­мінің азаюы және бюджетті са­уықтыруға байланысты қол­да­нылатын шаралар.

Ұлттық экономика минис­тр­лігі Статистика комитеті ұсынған мәліметке сүйенсек, 2019 жыл­дың қаңтар-шілде айларында Қазақстандағы инфляция көлемі 2,8 пайыз болған. Жеті ай ішінде азық-түлік тауарларының бағасы 6 пайызға өсіп, азық-түлік емес заттар құны 2,4 пайызға қымбат­таған. Бұған дейін Ұлттық эко­номика министрі Руслан Дәле­нов: «Өңдеуші өнеркәсіп, қыз­мет көрсету саласы, құрылыс және ауылшаруашылық сала­сындағы тұрақты динамиканың арқасында ЖІӨ көлемі артты. Тауарлық нарықтағы жағдай тұрақты. Төрт айда мұнай бағасы барреліне 65 доллар болды. Ал металл бағасы төмендеп жатыр. Ғаламдық жағдайлар бізге де әсерін тигізеді» деп пікір біл­дірген еді.

Осы жақында ғана Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-ми­нистрі Ержан Жылқыбаев: «Жұ­мыссыздардың минимал дең­гейін ұстап тұру үшін Қазақ­станда жыл сайын 370 мың жұ­мыс орнын құру қажет» деп мә­лім­деді. Қазір еліміздің еңбек нарығында 8,7 млн адам жұмыс істеп жатыр екен. Бұл дегеніңіз экономикаға артылар үлкен жүк дегенді аңғартса керек. Ел эко­номикасы еркін һәм серпінді болған кезде ғана жаңа жұмыс орындарын ашуға деген мүмкін­дік туындайды. Ал жыл сайын вице-министр айтқан жұмыс ор­нын ашып, оны қызметкермен қамтып, оған тиісті жалақысын төлеп, жұмыс істейтін техно­ло­гиясын сатып алып беріп, шикі­заттық емес жеке сектордың жұ­мысын даңғыл жолға салып кеп жіберуге дайынбыз деп айту қиын-ақ.