Үкімет жетекшісі Асқар Мамин Түркістан облысына жасаған жұмыс сапарында Арыстағы құрылыс жұмыстарын тексеріп, қаланы қалпына келтіру жөнінде кеңес өткізді. Премьер-министр әскери қалашықтың тұрғын аймағын қарап шыққан соң И.Журба атындағы мектеп, қалалық аурухана мен теміржол вокзалы, сондай-ақ тұрғын үйлерді қалпына келтіру, орталық стадионды реконструкциялау жұмыстарының нәтижесімен танысты.
Қысқа мерзімде Арыс қаласында ауқымды жұмыс атқарылды. Қаланың 90 пайызы, соның ішінде, тіршілікті қамтамасыз ететін нысандар мен инфрақұрылымдар қалпына келтірілді. 6,5 мыңнан астам тұрғын үй қалпына келтіріліп, 6,5 мың отбасы жөнделген үйлеріне кірді. Барлық инженерлік инфрақұрылым толық жөндеуден өткізілді. Көшелер ауқымды түрде реконструкцияланды. 62 әлеуметтік нысан, соның ішінде – ауруханалар, мектептер, балабақшалар, спорт нысандары 20 тамызға дейін дайын болады.
Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев, Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев, Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ.Өскенбаев, Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры басқарма төрағасы Б.Сандықбаев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары О.Ордабаев өздері жетекшілік ететін бағыттар бойынша баяндама жасады.
Кеңес барысында өңірлердің, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының басшылары да сөз сөйледі.
«Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Арыс қаласын қалпына келтіру мақсатында еліміздің барлық өңірі, ұлттық компаниялар, ірі бизнес өкілдері белсенді түрде атсалысты. Бір ай ішінде ауқымды жұмыс атқарылды. Қаланы қалпына келтіруге 10 мыңнан астам құрылысшы қатысты», – деген Үкімет басшысы Арыс қаласын қалпына келтіруге араласқан, көмек қолын созған отандастарға, бизнес, әкімдік өкілдеріне, құрылысшыларға алғыс білдірді.
Кеңесті қорытындылаған ол қаладағы негізгі құрылыс жұмыстары аяқталғанын айтып, тиісті министрліктер мен ведомстволарға бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Айта кетсек, қазіргі таңда зардап шеккен бір қабатты 7 516 жеке үйдің 6 611-і немесе 90 пайызы жөндеуден өткізілді. Қалған бір қабатты 905 жеке үйді жөндеу жұмыстарын 10 тамызға дейін аяқтау қажет. Көпқабатты 67 үйді қалпына келтіру жұмыстарын 20 тамызға дейін аяқтау керек. Барлық 66 әлеуметтік нысанды қалпына келтіру 20 тамызға дейін бітуі тиіс. Осыған орай, штабтардың жұмысы 20 тамызға дейін жалғасады.
Өңірлер бекітілген секторларындағы нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын аталған мерзім ішінде толығымен аяқтауды қамтамасыз етуі тиіс. Әсіресе, Нұр-Сұлтан қаласы және Алматы облысы бекітілген секторларында жұмыс қарқынын күшейтіп, құрылыс барысын қатаң бақылауға алуы қажет.
Түркістан облысының әкімі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, Арыс қаласының және қала маңындағы елдімекендер тұрғындарына бір реттік өтемақы төлеу жұмыстарын толығымен аяқтауы тиіс.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп, қаланың барлық коммерциялық нысанын қалпына келтіру жұмыстарына нүкте қоюға міндетті.
Қорғаныс министрлігі бекітілген Жол картасы бойынша қоймалардағы қару-жарақтарды шығаруды жүйелі түрде қамтамасыз етіп, Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп әскери қалашықтағы әскерге қатысы жоқ 58 отбасының мәселесін пысықтауға міндеттелді.
А.Мамин Арыс қаласының тұрақты тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерді жұмылдырудың қажетін айта келе, «Үкімет Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Арыс қаласының одан ары даму мәселесін бақылауда ұстайтынын» жеткізді.
Айдана БЕГІМ