Қолдан келсе, қолдау да бар
Қолдан келсе, қолдау да бар
351
оқылды

Осыдан үш жыл бұрын жұмысын бастаған Жамбыл облысының «Нақты көмек мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі негізінен аймақтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетеді. Олардың үй жағдайында қарап отырмай қолынан келетін ісімен айналысып және қосымша мамандық алып, жұмысқа тұруына ықпал етіп келеді.

Қоғамдық бірлестік президенті Шолпан Ахметова – еңбек жолын сауда саласына арнаған адам. Өзі үшінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Алайда жұмыс десе қарап отыра алмайтын қара­пайым еңбек адамы, өзі секілді мүмкіндігі шектеулі жан­дардың екі қолға бір күрек таба алмай, қарап отырғанын жаны қаламай өз жо­басын бастап кеткен еді. Ал қоғамдық бірлестік жұмысы­ның үздіксіз жүруіне мұрындық болып отырған Nur Otan партиясы Жамбыл облыстық филиалының өкілдері «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы арқылы үнемі көмек көрсетіп отырады. Сондықтан Шолпан Ахметова кейінгі екі жыл көлемінде Жамбыл облысы әкімдігінің жұ­мыспен қамтуды үйлестіру және жұмыспен қамту басқармасы тара­пынан лоттарға қатысып келеді. «Жар­тылай ста­ционар жағдайында Тараздағы мүмкіндігі шектеулі аза­маттарды пішу және тігу, фектинг (киіз басу), қолөнер, тоқыма, құрақ құрауға оқыту арқылы жұмысқа ор­наластыру» жобасымен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында азаматтарға қосымша білім беріп келеді. Мұнда облыс орталығындағы І және ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар білім алуда.

– Кейде бір істі бастасаң, алдымен үлкен кедергілерге кез боласың. Бірақ, мен өз ісімді бастағалы Nur Otan партиясы облыстық филиалы көп көмектесті. Алдымен ісімді жүргізіп, кәсібімді дөңгелету үшін сала мамандарынан құқықтық кеңес алу керек болды. Партия қызмет­керлерінің көмегімен кәсіпті мең­герген мамандардың басын қосып, ақыл-кеңес алдым. Біздегі азамат­тардың дені мүмкіндігі шектеулі азаматтар болған соң, оларды жұ­мысқа орналастыруда кедергі көп. Ондай жағдайда Nur Otan партиясы облыстық филиалы көмектеседі. Бұдан бөлек, бізде білім алатын­дардың жасы 18-65 аралығында. Біз, негізінен, тоқыма, қолөнерге бау­лығандықтан, олар қолынан шыққан бұйымдарын әртүрлі жәрмеңке мен көрмелерге қоюға ынталы. Облыс орталығында ұйымдастырылып жат­қан әртүрлі шараларға да қатысып, бұйымын өткізгісі келеді. Мұндай жағдайда аймақтағы нұротандықтар біздің өтінішімізді жерге тастамай, қолдап отырады. Өткен жылы ғана Нұр-Сұлтан қаласында өткен ау­қымды жәрмеңкеге қатысып қайт­тық, – дейді Шолпан Ахметова.

Өткен жылы 40-қа жуық мүмкіндігі шектеулі азамат осы бірлестік ұсын­ған жоба арқылы білім алып, тұрақты жұмысқа тұрмаса да, қолдан тоқыған бұйымдарын көрмелерге қойып, нәпақа тауып отыр. Биыл 20 азамат білім алуда. Оқу мерзімі – жеті ай. Ендігі жерде қоғамдық бірлестік жаңа жобаларымен, ұсыныспен шығуға бастамалар көтеріп отыр. Өйткені, бірлестіктің әлеуеті оған толық жетеді. Республикалық «Нұр Шуақ» байқауының жеңімпазы, өткен жылы аймақта өткен үкіметтік емес ұйымдардың «Азаматтық қоғам және мемлекеттік әріптестік пен жауапкершілік» аймақтық фору­мында облыстағы азаматтық қоғам рөлін нығайтуға қосқан үлесі үшін арнайы марапатқа ие болған Шолпан Ахметованың бұл белсенділігін қара­пайым еңбек адамының жанкештілігі деген абзал болар. Ол төрт азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Биылғы жеткен жетістіктерін еселей отырып, алдағы жылы да тың баста­маларын жүзеге асырмақ.

 

Жамбыл облысы