Бүгінде ауыл және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған «Құтты мекен» партиялық жобасы сәтті жүзеге асып келеді.
Партия жобаның іске асырылуын қатаң бақылайды. Бағдарлама бойынша өңірлерде салынатын нысандардың құрылысын арнайы мониторинг тобы тексереді. Бұл жобаға жауапты инспекторлар да бекітілген. Олар нысан құрылысын жіті қадағалағаннан бөлек, тұрғындардың ұсынысын да ескеруге міндетті. Осылайша, партиялық жоба негізінде келешегі бар ауылдарды дамыту қарқын алып жатыр.
«Құтты мекен» партиялық жобасы аясында Қостанай облысы Алтынсарин ауданындағы Новоалексеевка ауылына жұмыс сапарымен келген мониторинг тобы жергілікті жердегі су тарату жүйесінің құрылысымен танысып, құрылысқа бөлінген қаржының дұрыс игерілуіне қатысты арнайы тексеріс жүргізді. Топ мүшелері бақылау барысында мердігерлік ұйым «Инсект» серіктестігінен жұмыстардың сапалы болуына аса мән беру керегін ескертті. Партиялықтар сондай-ақ құрылыс орнындағы техникалардың, су таратқыш нысанның жұмысын тексеріп, қызметкерлермен құрылыс төңірегінде тілдесті.
– Бұл жоба конкурстық рәсімдерге байланысты кеш қолға алынды. Дегенмен қазіргі күні барлық жұмыстар жоспарға сай орындалып жатыр, – дейді «Инсект» ЖШС өкілі Қадыр Сегізбаев.
Nur Otan партиясы Алтынсарин аудандық филиалының қызметкерлері мен арнайы мониторинг тобының тексерісі барысында комиссия мүшелері тарапынан түрлі ұсыныс айтылды. Айта кетейік, «Құтты мекен» партиялық жобасы 7,5 млн ауыл тұрғынының жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Ол үшін республикалық бюджеттен 3 жылға 90 миллиард теңге қарастырылды. Бұл қаржыға елдімекендердің түйткілді мәселелерін шешу көзделіп отыр.
Әбілмансұр ЖАСАН