Абайдың жаңа өлеңін шығаруға қаржы керек
Абайдың жаңа өлеңін шығаруға қаржы керек
457
оқылды

Биыл – ұлы ақынның мерейтойы. Семейдегі Абай кітапханасында ғалым Асан Омаровтың «Абай жаңаша үлгідегі басылым» атты 2 томдық кітабының тұсаукесері өтті. Қазақтың көрнекті ақыны Абай Құнанбайұлының ұмытылып бара жатқан шығармалары жинақталып, қайта жарық көрді.

Көптомдық еңбектің басты ерекшелігі – Абай шығармаларының қайсысы қай жылы жазылғаны нақты деректермен дәлелденіп, жазылған. Осы кезге дейін Абайдың өлеңдерінің ұзын-саны 170-тен астам деп көрсетілсе, абайтанушы Асан Омаров шығармалардың нақты саны 195 екенін дәлелдеген.
Ғалым Асан Омаров ақынның шығармаларын қайта жаңғыртты. Соның бірі – «Жаңа закон» өлеңі. Шығарманы алғаш рет Омбы архивінен академик Әлкей Марғұлан тапқан. Бірақ сол кездегі саяси жағдайға байланысты 34 шумақты өлең жайлы дау бітпейді. Соңында филологиялық кеңес ұлы ақынның «Жаңа закон» өлеңін ұмыт қалдырады. Абайтанушы Асан Омаров ақ-қарасын дәлелдеген. Қазақ қоғамындағы жемқорлық, рухани құлдырап бара жатқан ел тағдыры туралы ойлар ұлы ақынның көзқарасымен үйлеседі. Осындай 175 шығарма табылған.

Зерттеушінің айтуынша, соңғы жылдары классиктің 10-15 жаңа өлеңі табылған.

–  «Жаңа закон» өлеңнің маңыздылығы – 1878 жылы Абай сотты болғаннан 1883 жылдың арасы бос қалды. Не өлең жоқ, не бір ешқандай аудармасы жоқ сияқты болып қалған. Осы бес жылда Абайдың ғылымды меңгеріп, орыс жолдастарымен кездесіп өлеңді жазғаны анықталып отыр. Абайдың өлеңі екеніне ешқандай күмән жоқ. Ең соңғы бес шумағы, әсіресе, Абайдың өзінің тергеуде отырған кезін суреттеп береді, – дейді ғалым 24 арнасы берген сұхбатында.

Асан Омаровтың абайтануға арнаған 20 жылдық жұмысының нәтижесі қазақ әдебиетін тың деректермен толықтырды. Ғалымның екі томдық еңбегі бар болғаны 100 данамен автордың өз қаражатымен жарық көрген.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай қос томдықты көбейтіп шығаруға қаржы қажет.