Қостанай облысында бал арасын өсіретін зауыт ашылады.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, Қарабалық ауылшаруашылық тәжірибе стансасының 90 жылдық мерейтойына орай өткен іс-шарада Қазақстан омарташылар одағы Қостанайда бал арасын өсіретін зауыт салуды ұсынған.
Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов Қарабалықтың аймақ үшін маңызы зор екенін айтты.
– Биыл Қарабалықта омарта шаруашылығы қолға алдық. Қарабалық ауылшаруашылық тәжірибе стансасы осы уақытқа дейін көптеген табысқа қол жеткізді. Еліміздің астық өндірісінде бұл ғылыми-тәжірибелік орталықтың қосқан үлесі орасан зор. Бүгінде Қарабалық ғылыми-тәжірибелік стансасының ғалымдары бидай, арпа және тағы басқа да дәнді және майлы дақылдардың, көпжылдық шөптің 150 сортын шығарды. Бұл еліміздің астық индустриясына қосылған үлкен үлес деп білемін, – деді ол.