Ұлт қауіпсіздігінің негізі – су қауіпсіздігін сақтау
Ұлт қауіпсіздігінің негізі – су қауіпсіздігін сақтау
537
оқылды

Адамзат та, табиғат та сусыз өмір сүре алмайтыны шындық. Қазіргі кезде әлем­де халықтың саны өскен сайын, ғаламдық климаттың жылынуы тұщы су мәселесінің өзектілігін арттырып отыр. БҰҰ тұжы­рымы бойынша, әлемде 2 миллиардтан астам халық ауызсу тапшылығынан зардап шегіп отыр.

Дүниежүзінде қалыптасқан ауызсу тапшылығы Қазақстанда да көрініс тауып отыр. Қазіргі кезде су ресурстары мәселелерін кең көлемде қарастыратын бол­сақ, алдағы уақытта Қазақстан үшін бұл күрделі сұраққа айна­ла­тыны анық. Еліміздің аймақ­та­рындағы су ресурстарының бірқа­лыпты таралмауы, жаһандық жы­лыну, климаттың өзгеруі, ан­тро­­погендік факторлар, сондай-ақ республикадағы басты өзен­дердің трансшекаралық болуы, яғни су бастау алатын көрші мемлекет­тердің экономикасының қарқын­ды дамуы, ондағы халық санының өсуі суға деген сұранысты жо­ғарылатып отыр.

Еліміздің Тұңғыш Президен­ті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ­стан – 2050» стратегиясында ха­лықты сапалы ауызсумен қамта­масыз ету басты бағыт болатынын және су тапшылығы ХХІ ғасыр­дың он жаһандық сын-қатеріне жатқызылуы тектен тек емес еке­нін ескерткені баршамызға мә­лім. Елбасының 2008 жылдың көктемінде берген тапсырмасына сәйкес Қазақстанның беделді су мамандары жүргізіп отырған «Табиғи-шаруашылық жүйелерін ұлттық қауіпсіздік тұрғысында сумен тұрақты қамтамасыз ету саласындағы ғылыми жұмыстар циклы» сәтті жүзеге асырылуда.

Мысалы, 2009-2011 жылдары География институтында, рес­пуб­ликаның су саласындағы жетекші ұйымдарында, атап айтқанда География институты, ҚазҰАУ, ҚазСШҒЗИ, әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Дулати атындағы ТарМУ, Қазгидромет, Қазақ Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты және т.б. ұжымдардың қатысуымен «Климаттың және антропогендік өзгерістер әсері жағдайында Қазақстанның табиғи су ресурстарын бағалау және болжау» тақырыбында ар­найы ғылыми-техникалық бағ­дарлама дайындалды. Бұл жұ­мыс­тың нәтижесі еліміз үшін маңызы зор. Сонымен қатар ғалымдар да­йындаған «Қазақстанның су ресурстары: бағалау, болжау, бас­қару» атты 30 томдық монография жарыққа шықты. Моногра­фия­ның өткен ғасырдың 70-жыл­дарында жасалған жұмыстардан өзгешелігі нарықтық қатынастар дамыған уақыттағы бірінші тың ғылыми еңбек екенін айта кеткен жөн болар. Монографияның негізгі жетістігі – Қазақстандағы климаттың өзгеруін және оған өнеркәсіп орындары мен ауыл­шаруашылық салаларының теріс іс-әрекеттерінің әсерінен туын­дайтын гидрологиялық қатерлерді бағалау, су ресурстарын басқару саласының нәтижелері, суды үнемдеу және аумақтық қайта үлестіру жолдары. Монографияда қоршаған ортаны қорғау, су ресурстарын кешенді пайдалануда жүйелік тәсілдерді қолдану, оған климаттың өзгеруінің әсері және шаруашылықтардың әрекеттерін ескере отырып ұзақ мерзімге бол­жау жасалған. Өзен ағындысын ұзақ мерзімге болжау халықты және экономика салаларын сумен қамтамасыз етуді жоспарлау бойынша маңызды тәжірибелік тапсырмаларды шешу, сонымен қатар мемлекеттер арасындағы су алаптарын өзара бөлісу, өзен ағындысын реттеу барысындағы ірі су шаруашылық іс-шараларды негіздеумен тікелей байланысты.

Бұл ғылыми 30 томдық еңбек 500-ден аса су қауіпсіздігі мәсе­лелері жеке зерттеуші ғалым­дардың монографияларымен халықаралық рейтингті басы­лымдарда жарияланған ғылыми мақалаларымен толықтырылған теңдесіз тәжірибе екенін атап өту керек. Тіршілік көзі – су мәселесін зерттеумен айналысушы сарап­шылардың пікіріне қарағанда, қазіргі кезде су ресурстарына бай­ланысты өзекті мәселенің бірі – халықаралық су ағысын пайда­лануды реттеу. Себебі, аймақтық және ғаламдық гидрологиялық цикл­дарды құрайтын өзен жүйе­ле­рінің шекарасы болмайды: әлем­­де 261 су алабы – халықа­ра­лық (трансшекаралық) болып та­­бы­ла­ды; олар жер бетінің 45%-ын алып жатыр. Соңғы 50 жыл ішінде ха­лықаралық алаптарда су проб­ле­маларынан туындаған 500-ден аса қақтығыс жағдайы қалыптасып, кейбір жерлерде әскери іс-қи­мыл­дарға дейін баруына мәжбүр етті. Бұл мәселені шешу жолдарын зерттеген еліміздің ғалымдарының жұмыстары туралы атап айтпасқа болмайды. Мысалы, Қазақстан мен Қытай арасын бірнеше ха­лықаралық өзендер байланыс­тырады. Олардың ішіндегі ең ірі­лері – Ертіс пен Іле. Екі ел ара­­сындағы келіссөздер бары­сында халықаралық өзендердің су ресурстарын бөлу туралы келісім­дер­дің бірнеше нұсқасы даяр­ла­нып, ол мемлекетаралық су бөлу­дің маңызды мәселелерін шешуде айтарлықтай оңтайлы шешімдер қабылдауға мүмкіндік берді.

Еліміз халықаралық өзендер бойынша Ресеймен де келіссөздер жүргізуде. Атап айтқанда, Қазақ­станды сумен қамтамасыз етудің бірыңғай жүйесі қалып­тасты­рыл­ды. Бүкілқазақстандық кана­лы­ның жолы ұсынылып, Омбы об­лы­сына келетін Ертіс ағын­ды­сы­ның азаюын өтеу үшін, со­ны­мен бірге, жөнекей гидроэнер­ге­ти­калық ресурстарды тиімді игеру қолға алынды. Нәтижесінде, Ресей өзендерінің өзара тиімді жаңартылған сызбасы дайын­далып, түйінді мәселелер оң шешімін тапты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 12 мау­сымы күні ұлықтау салтана­тында алдағы шешілетін өзекті мәселелер қатарына қоршаған ортаны сақтау, халықты таза ауыз­сумен қамтамасыз ету туралы нақ­ты айтқан болатын. 

Қазақстанның халықаралық өзен алаптарындағы, яғни Арал-Сырдария, Іле-Балқаш алабын­дағы сумен байланысты дағ­дарысы аумағында экологиялық тұрақсыздықтың жаңа ауданда­рының дамуы мен пайда бо­луының болжамы жасалынды. Сонымен қатар келешекте Қытай аумағынан келетін халықаралық Іле өзені ағындысының азаюы жағдайында мемлекеттік маңызға ие су нысаны – біртұтас Балқаш көлін сақтап қалу жобасы дайын­далды. Осы ғылыми жұмыстын нәтижесінде Балқаш көлінің акваториясына тиімді жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ Үкімет Қаулысына сәйкес География институтына Көксарай су қойма­сының құрылысын салу мен жобасы мен ғылыми-техникалық негіздеме жасау тапсырылған. Институт нәтижелерінен алынған негіздемеге сәйкес жүзеге асқан жобаның мақсаты – Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы­ның тұрақтылығын жоғарылату, Сырдария өзені сағасындағы тұрғын үйлер мен өзге де құрылыс нысандарының көбеюіне бай­ланысты жыл сайын болатын су тасқынын болдырмаудың мүм­кіншілігін жоғарылату.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 12 мау­сымы күні ұлықтау салтана­тында алдағы шешілетін өзекті мәселелер қатарына қоршаған ортаны сақтау, халықты таза ауыз­сумен қамтамасыз ету туралы нақ­ты айтқан болатын. Қазақ­станның су қауіпсіздігі – еліміздің ұлттық, сонымен қатар эколо­­гиялық және азық-түлік қауіп­сізді­гін қам­тамасыз ету себеп­те­рінің бірі. Неге десек, тұщы су – орны толмас көп­салалық табиғи ресурс, соны­мен қатар қоршаған ортаның негізгі арысы және зар­даптар мен апат­тарға соқтыратын табиғат күші. Республикадағы тұщы су ресурс­тары тапшылығын жою және онымен байланысты жүктемені азайтудың екі жолы анықталған.

Бірінші – суды үнемдеу. Эко­но­мика саласында су үнемдеу, су пайдалану нәтижесін арттыру ба­рысында өзен ағындылары эко­логиялық шығындарын оң­тай­ландыру арқылы іс-шараларды жүзеге асыру және су пайдалану кешенін дамытуды қарастырады.

Екінші – сумен қамтамасыз ету. Балама су көздерін игеру, өзен ағындысын кеңістік пен уақыт бойынша қайта үйлестіру, іргелес мемлекеттермен су ресурстарын халықаралық ережемен бөлісу, қолда бар су ресурстарын ұлғайту.

Қазақстанның алаптық таби­ғи-шаруашылық жүйелерін қам­тамасыз ету бойынша стра­те­гиялық іс-шараларды жүзеге асыру ұзақ уақытты қажет етеді. Жобалау, құрылыс және жүйелі нысандардың пайдалануға берілуі 10-15 жылға дейінгі уақытты ала­ды. Яғни, стратегиялық іс-шара­лар­ды ғылыми тұрғыдан қамта­масыз ету үлкен дайындықпен, алдын ала басталуы тиіс (орта есеппен алғанда шамамен 25 жыл бұрын). Ұлттық су шаруашылық кешеннің дамуында осы іргелі ұстанымды елемеген жағдайда үлкен экономикалық залал және табиғи ортаның орнына келмейтін қателіктер орын алуы мүмкін. Осы айтылған әлеуметтік-эко­номикалық және экологиялық маңызы зор мәселе еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Елбасының қойған «2050 жылға қарай Қазақстанда сумен қамта­масыз ету мәселелерін біржолата шешу» міндетінің орындалуының негізгі шарттарының бірі. Себебі, республикамыздың экономи­калық, демографиялық және әлеуметтік тұрғыдан тұрақты даму стратегиясының жүзеге асуы халық пен қоғамның таза ауызсу ресурстарының қамтылуына байланысты болып келеді.

Осыған орай, қазіргі таңда су мәселесінің өзектілігін қарас­тыратын География институ­ты­ның авторлық ұжымының (А.Ме­деу – ғылыми жетекші, Т.Есполов, С.Әлімқұлов, Ж.Достай, И.Маль­ковский, И.Северский, Л.Төлеу­баева, А.Тұрсынова) «Қазақстан Республикасы табиғи-шаруа­шылық жүйелерін ұлттық қауіп­сіздік тұрғысында сумен тұрақты қамтамасыз ету саласындағы ғылыми жұмыстар циклы» тақы­рыбындағы әл-Фараби атындағы ғылым және техника ғылымдары саласындағы Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік сыйлы­ғына бірден лайық деп санауға болады.


Төлеген СӘРСЕМБЕКОВ,
Су ресурстары комитетінің экс-төрағасы,
Су шаруашылығының ардагері