Қазақ күресінен әлем чемпионы, үш дүркін «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев өз қаржысына облыс орталығынан 200 орынды бөбекжай бақшасын ашып, үлкен іске бастамашы болды. «Қазақстан барысы» салып берген «Барыс» бөбекжай бақшасының екі қабатты еңселі ғимараты әсемдігімен алыстан көз тартады.
Аталған бөбекжай бақшасының меңгерушісі, Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Айша Ниязбекова мұнда 1 жастағы бөбектер тобынан бастап, 6 жастағы мектепалды даярлық тобына дейін қабылдана беретінін айтты. Әзірге 50-ге жуық бала 4 топ бойынша қабылданып, жұмыс басталып кетіпті. Негізі ғимарат 200 орынға арналған, осынша балаға барлық жағдай жасауға мүмкіндігі бар. 8 топ болады, осында 35 адам жұмыспен қамтылады. Қазірдің өзінде бұл мекемеде 15-ке жуық адам еңбек етеді. Бірқатар мамандар резервте тұр. Жаңа топ ашылса, солар жұмысқа қабылданады.
Мұнда бір үйден бірнеше бала бергендерге де жеңілдік бар.
– Былтыр Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжін тәрбиеші мамандығы бойынша бітірген едім. Бір жыл мамандығым бойынша жұмыс табылмай, басқа салада жүрдім. Бұл бөбекжай бақшасының ашылуының нәтижесінде жұмыс тауып отырмын. Балалармен жұмыс істеу көңілді, – дейді тәрбиеші Нұргүл Шекербек.
Ал мейірбике Жанар Әбдіхалықова осында облыстық ауруханадағы жұмысынан ауысыпты. Ол жалақыдан сәл айырмашылық болғанымен, бұл жақта бірыңғай, жүйелі жұмыс екенін айтады. Бөбекжайдың асхана, мәжіліс залы, үйірме залдары да көз тартады. Кең, заман талабына сай. Төсек-орын, ыдыс-аяқ, қажеттіліктің бәрі жеткілікті. Мұнда тәулігіне 5 мезгіл тамақ беріледі. Күніне бір балаға жұмсалатын тамақтың шығыны – 10 мың теңге көлемінде.
– Бұл бөбекжай бақшасын барынша ойланып, барлық талапқа сай ашып отырмыз. Құрылтайшы Бейбіт Ыстыбаев та істің сапалы болуына мән берді. Осында ағылшын тілі, хореография (би), күрес, таэквандо, гимнастика үйірмелерін ашуды жоспарлап отыр. Өмірге бейімдеу сабағын да өткіземіз. Жоғары топтарға 15 минуттық сабақтар жүреді. Алдағы уақытта балабақша ауласына түрлі талдар мен гүлдер егіп, абаттандырамыз. Бізге келетін балаларға барлық жағдай жасап отырмыз, – дейді мекеменің меңгерушісі Айша Бердешқызы.
«Барыс» бөбекжай бақшасының ресми ашылуына Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев қатысып, лентасын қиды. Көпшілікке белгілі актер, «Алдараспан» театрының директоры Нұржан Төлендиев, қазақ эстрадасының жұлдызы Еркін Нұржанов келіп, өнер көрсетті. Алдағы уақытта 200 бала қабылдап, оларға жоғары деңгейде қызмет етуге «Барыс» бөбекжай бақшасының мүмкіндігі мол.
Тараз қаласы