Шымкент қаласында халықтың жұмыспен қамтылуына көмектесу мақсатында «Атамекен қолдау орталығы» жұмыспен қамтудың мобильді орталығы іске қосылды.
«Мемлекеттік бағдарламаларды халыққа ашық форматта түсіндіру, жаппай кәсіпкерлікпен айналысуға үйрету, халыққа қолжетімді ақпарат ұсыну мақсатында қала әкімдігі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірге іс-шаралар жоспарын бекітті. Қаламыздағы 4 аудан әкімдігінде және Халыққа қызмет көрсету орталықтарында да мобильді орталық жұмыс істейді», – деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова.
Шымкент қаласында мұндай орталықтар блок-модульді павильондарда, халық жаппай жиналатын жерлерде – базарлар мен вокзалдар маңы, халық тығыз орналасқан аудандар, шеткі аудандар мен көшелерде ашылмақ. Шымкент қалалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев тұрғындарға бір көзден жан-жақты ақпарат беру, жұмыссыз жүрген азаматтардың дәрежесін анықтау басты мақсат екенін жеткізді.
«Бүгінгі таңда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен базалар интеграциясын жасап жатырмыз. Қай ауданда қанша адам жұмысқа мұқтаж, қай кәсіпорынға жұмысшы тапшы, осы тұрғыда қаламыздың әлеуметтік картасын жасап, нақтылайыз. Егер кәсіпкерлікке бейімділігі болса, ол азаматқа мүмкіндік көп. Қала бойынша 2 000-ға жуық азамат қысқамерзімді оқытудан өтті. Микроқаржы ұйымынан – 450 мың теңге, республикалық бюджеттен 4500 грант бөлініп отыр. Әлеуметтік қиын жағдайда жүрген азаматтардың бәрін оқытып, жұмыспен қамтымақпыз», – деді Нұрлан Қабыштаев.
Мобильдік орталықтардың бір ерекшелігі, мұнда енді жеке тұлғаны дамыту кеңесшілері де отырады. Ол әр адамның қандай жұмысқа бейімі бар екенін анықтайды.
Менеджерлер өтінім берушінің алған білімі мен кәсіби деңгейіне қарай жұмыс табу, жаңа мамандық алу (клиенттер 2 айдан 6 айға дейінгі қысқамерзімді оқу курстарына жазыла алады. Тыңдаушыларға шәкіртақы және ары қарай жұмысқа орналастыру мүмкіндігі қарастырылған). Ал «Жас кәсіпкер» жобасына қатысушылар (18-29 жас аралығында жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар) кәсіпкерлік негіздері курсына жазыла алады. «Бастау» жобасына қатысушылар (жас ерекшеліктеріне қарамастан өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыздар) бір ай ішінде бизнес жүргізудің негізгі дағдыларын үйренеді, шағын несие алуға, кәсіп ашып немесе қолдағы бизнесті кеңейтуге мүмкіндік алады. Орталықта кәсіп бастаушыларға осы және басқа да ақпараттарды алуға мүмкіндік бар.
Е.МҰРАТБЕК,
Шымкент қаласы