Қазір бұрынғыдай аң аулау мәдениеті жоқ. Браконьерге бәрібір. Оңды-солды қыра береді. Аш қасқырдай алдына келгенін жаппай жайратады. Және де оны мұқтажына жаратса жақсы ғой, киіктің мүйізін шауып алып, өлексесін далаға тастап кетеді, ол ертең іріп-шіріп қоршаған ортаға залалын тигізетін ауру таратады. Ал балық аулаудан сән кетті. Браконьерлер суға ау салып, балықтарды қыру үстінде. Қармақпен аулаушылар азайып барады.
Ардагер фотограф Советбек Мағзұмов ағамыз кейінгі кезде жиілеп кеткен қайғылы оқиғаларға байланысты өзінің ішкі қыжылын айтқан еді: «Біз бала кезімізде, әке-ағаларымыздың аң аулағанына, оның ішінде түз тағысы киікке тұзақ құрғанына талай куә болдық. Ол кісілерде аяушылық, табиғатқа деген қамқорлық, аңшылық этика деген болатын. Мысалы, мен талай көрдім. Киік суға құлайтын жерлерге кеш бата қақпан құрылатын. Шаппасына тілерсекті шауып кетпесін деп шүберек байлап қоятын. Бірінші күні келгенде лағы түсіп қалатын. Оны босатып қоя береді. Келесі күні ұрғашысы түссе оны да бостандыққа жібереді. Тек текесі қақпанға ілінгенде ғана пышаққа іліндіретін. Оның өзінде қоңды болса. Міне, ол кісілердің адалдығы. Қазір қару асынғандар аңға ғана емес, адамға да оқ атады.
Иә, ағамыздың айтатын жөні бар. Қазіргі таңда табиғат ананы қорғау үшін жүрген қорықшылар браконьерден қорқатын заманға жетті. Керісінше, болу керек еді ғой? Жүйткіген жол таңдамайтын көлік мінгендерге жету қайда? Артынан қуған қорықшылар шаң қауып жатады. Жеткен күннің өзінде қорықшыға қарсы қару қолдану қайталанып келеді. Сөзге айғақ болар бір жылдағы екі бірдей қорықшының қазасы кімге болса да ауыр тисе керек. Неге бұлай? Заң жоқ па? Әлде заңға пысқырып та қарамайтындар көбейіп кетті ме?
Еліміз бойынша 250 мың бас киік бар екен. Маусым айында киік санағы жүргізіліп, сақтық шаралары күшейтілді. Жалпы, инспекторлар шамамен 123 миллион гектар алқапты бақылайды. Әрбіріне100 гектардан келеді. Бірақ бастан-аяқ жарақтанған аңшыларға қарсы тұру оңай емес. Осы жылдың наурыз айында Ақтөбе және Ақмола облыстарында жануарларды атқан браконьерлер қолға түскен болатын. Келтірілген шығын 1 миллиард теңгеден асып кеткен. Осы заңсыз аңшыларға тұсау салынар алдында, қаңтар айында Қарағанды облысының қорықшысы 53 жастағы Ерлан Нұрғалиев браконьерлердің оғынан қаза тапқан болатын. Сонда да браконьерлер ығар емес. Енді келіп, жақында адам өліміне әкелген қорықшылар үшін тағы да бір қаралы күн тіркелді. Жезқазғандықтар Ақмола облысы аумағында қандықол қарақшылардың оғынан дүние салған «Охотзоопром» РМҚК Орталық аймақтық филиалының инспекторы Қаныш Нұртазинды ақтық сапарға шығарып салды. Қаныш Нұртазинның отбасы мемлекет қамқорлығында болады. Ұлытау ауданының орталығындағы көшелердің бірі Қаныш Нұртазин есімімен аталмақ. Алайда бақиға аттанған адам қайтып келмейді.
Солтүстік Қазақстан облысында наурыз айында елік атқан 5 браконьер ұсталған болатын. Оларды полицейлер мен қорық қызметкерлері бірлесіп қолға түсірген. Тінту кезінде көліктен 9 еліктің еті табылды. Күдіктілер ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған. Егер кінәлері дәлелденсе, 12 млн теңге айыппұл төлейді немесе әрқайсысы 5 жылға сотталуы мүмкін. Оқиға орнынан 5 жұп аңшы шаңғысы мен 2 бірлік аңшы мылтығы тәркіленген. Бізде осылай ұсталу туралы төрт ай бұрын айтылса да, оларға қандай жаза қолданылғаны туралы ләм-мим сөз жоқ.
Браконьерлердің басынуы далада ғана емес өзен-көлдерде де орын алып жүр. Биыл 23 сәуірде Көкпекті орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі бөлімінің мемлекеттік инспекторлары балықтардың уылдырық шашу кезінде Шығыс Қазақстан облысы Зайсан көлінің Базарка аумағында рейд жүргізген. Рейд барысында бөлімнің екі инспекторына Тассай ауылының тұрғындары шабуыл жасады. Онда бес қайықтағы 10 адам инспекторларға күш көрсетіп, балағаттап, ескектермен қайықты ұрып-соғып, аударып жібермек болған.
Айтылған оқиғалар сайын даламыздағы қорықшыларға қарсы жасалған қылмыстың оннан бірі ғана. Жасырылып қалғаны қанша? Түйсігіңіз білсін.
«Қылмыскерлер ұсталды, оларға қандай жаза қолданылады?» деген сұрақ ел көкейінде. Ал енді айдың-күннің аманында қорықшы оққа ұшпау үшін не істеу керек? Заң күшейтілсе де, браконьерлер біршама уақыт өтсе тағы да қорықшыға қарсы қару көтермейтініне кім кепіл?
Заңды күшейтіп қана қоймай, орындалуын да халыққа ашық түрде жариялап отыру керек. Әйтпесе, ұстала қалса, айыппұл төлеп құтыла салатын браконьерлер басынып барады.