Мұсылманның бас сапары басталды
Мұсылманның бас сапары басталды
479
оқылды

Бүкіл әлем мұсылман­дарының басы қосылып, бірліктің керемет көрінісіне куә ететін қажылық айы басталды. Қажылардың алғашқы тобы 30 шілдеде сапарға аттанған болатын. Парызын өтеушілер Қазақстанға 17-23 тамыз аралығында оралады. Биыл отандастарымызға жалпы саны 3 200 квота бөлінген.

Қажылық маусымында қазақ­стан­дықтарға отандық Scat пен Сауд Ара­бияның Flynas әуекомпаниясы қызмет көрсетеді. Қос әуекомпаниясына квота теңдей бөлінген. Яғни, Scat 290 және 149 орындық бортпен 4 рейс жасайды. Әуе кемелері Шымкенттен – 5, Ақтау­дан – 2, Нұр-Сұлтаннан – 1 , Алматыдан 1 рейс жасап, 1 600 отандасымызды жал­­пы 9 рейс жасау арқылы Сауд Ара­биясына 30 шілде мен 5 тамыз аралы­ғында алып барып, 19-23-тамыз аралы­ғында алып келеді. Flynas әуе ком­па­ниясы 400 орын­ды бортпен 4 рейс жасайды. 2-5 тамыз аралығында алып барып, 17-20 тамызда әкеледі деп жоспарланып отыр.

Жоғарыда атап өткеніміздей, қа­жылар төрт қаладан аттанады. Санына келер болсақ, Алматыдан – 1 890, Шым­­кенттен – 730, Нұр-Сұлтаннан – 290 және Ақтаудан 290 адам жолға шықты. Елге қайту жағына келсек, 2 800 қажы Жидда арқылы барып, Мәдина арқылы қайтса, қалған 400-і Мәдина арқылы барып, Жидда арқылы елге оралады.

Қажылыққа дайындықты әр адам іштей бастайтыны анық. Киелі са­пардың маусымдық жұмыстарына кірісу осы жыл­дың қаңтарында бас­талған. Қа­зақстан Мұсылмандары діни басқармасы мен Сауд Арабиясының Қажылық ми­нистр­лігі сол кезде ке­лісімшарт жасасқан еді. Нәтижесінде, 3 200 квота алынған. Ол конкурс негі­зінде қажылықты мой­нына алатын фирмаларға бөлінеді. Биыл 18 туристік компанияға сенім артылып отыр. Атап айтқанда, Tawap travel, Waqyp travel, «Қызмет саяхат», Qazaq travel, «Яссауи», «Атлас туризм», «Ордабасы НЖ», «әл-Маруа», «Мина-тур», «Сем­бекова и К», Hikmet travel, «Ансар круиз», «Нұр-Қазақстан», «Робинзон», «Хидаят-Нұр», «Иман трэвел», Sanabil, Delta travel туристік агенттеріне жүк­телген. Бір айта кетерлігі, белгілі бір ту­ристік компанияларға квоталар үлес­тірілмес бұрын ҚМДБ Ғұламалар кеңесі мү­шелері мен Діни басқарманың бөлім бас­шылары конкурс өткізеді. Талап­­тар­ға сай келгендері ғана іріктеледі. ­Се­бебі, отандастарымыздың қауіпсіз­дігі – толықтай солардың мойнында.

Турфирмалар иелегіне берілген квота санына қарай эконом, стандарт және люкс пакеттерін ұсынады. Яғни, әркім қал­тасына қарай таңдауға құқылы. ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділла Бекжігітовтің айтуынша, та­лап күшейіп, талғам өскен жерде қажы­лық бағасының қымбат болуы – заң­ды­лық. «Бұл жерде басты айтатын мәселе – қай санатта болсын қажылық жасаушы­дан компания шамамен 50 мың теңгеге жуық пайда көреді. Қажылық жасау­шы­дан алынған қалған қаражат қажының шығында­рына жұмсалады. Егер қажы­лық жа­саушыдан компания өкілдері 50-60 мың теңгеден астам пайда көздей­тін болса сапалы қызмет көрсете ал­май­ды. Яғни, талғамы жоғары Қазақстандық қажыларға тиісті деңгейде қызмет көрсе­тілмесе, дұрыс қонақүй, жаңа автобус, Мина мен Арафатта жайлы шатырлар алынбаса отандық қажылар­дың нара­зылығын тудырады. Шынды­ғында көршілес елдермен салыстыр­ғанда біздегі қажылықтың құны 1 000-1 500 АҚШ долларына жоғары. Бі­рақ осы қаражатты отандық компа­ния­лар қалтасына басып жатыр деу қисынсыз. Керісінше, әрбір төленген артық қара­жатқа сай олар да сапалы қызмет көрсетіп жатыр. Өйткені кей мемлекеттерде баға арзан болғанымен, қасиетті орынға барғанда тамақ, жатын орын, тасымал жағы тым төмен екені байқалады. Биыл­ғы қажылық маусы­мында қызмет көрсе­тетін 18 туристік фирманың алтауы ғана қажыларға VIP пакет түрлерін ұсынады. Осы озық үлгіде қызмет көрсететін ту­ристік фирмаларға адамдар қажылық мау­сымы ашылмай тұрып, ондағы қажы­лықтың бағасына қарамай жазылып қояды. Яғни, мұндай құны да, сапасы да жоғары туристік фирмалармен бару кез келген қажыға бұйыра бермейді. Орын­дары шектеулі туристік фирма­лармен барғысы келетін жоғары тал­ғам­ды талап ететін қажы өте көп. Ал эконом түрінде пакет ұсынған туристік фирмалар әлі күнге дейін адам жинап отыр. Бұл үрдіс виза берудің соңғы күніне дейін жал­ғасады. Ақиқатында, қажылыққа ниет еткен адам кемінде екі ай бұрын өзіне ыңғайлы фирмаға құжат өткізіп, ұлы сапарға дайындалғаны абзал. Ел аузында жүрген көршілес елдердегі қажылық құнымен отандық туристік фирмаларда пакет түрлерін ұсына алады. Бірақ ондай арзан баға­дағы пакет түрлеріне жалпы барушылар арасында сұраныс аз. Алла Тағаланың қажылық сапарын қаржылай мүмкін­шілігі жететін пендесіне парыз еткені ақиқат. Сол жақтағы уақыптардың (қа­йырымдылық мекемелері) тегін қо­нақүйлерінде жататын көрші елдердегі қажылық құнын мысал қылып, мәселені сырттан іздегіміз келеді. АҚШ пен Еуро­паның бірқатар елінен келетін қажы­лар­дың жоғары сапаны талап ету себебінен 20-30 мың АҚШ долларын қиналмай тө­лейтінін айта кетуіміз керек. Сапа та­лап етілген жерде қажылықтың құны тө­мен болуы мүмкін емес» дейді ол.

Негізгі жұмысты Сауд Арабиясында Қажылық министрлігіне қарасты ме­кеме жүргізеді. Бұл мекеме бұрын ­эко­ном қызмет түрімен келген қа­жы­лардан ақы алмайтын. Бүгінде эконом паке­ті­мен келгендердің әрқайсысы­нан 300 АҚШ доллары көлемінде баға белгіледі. Ал стандарт пакетінде баға 2 есе өсті. Олар мұны осыдан 3 жыл бұ­рын өздерінің ішкі заңдарына өзге­рістер енгізу арқылы негіздеп алған. Сонымен бірге, бағаның қымбат бо­луына тікелей тасымалдау жүйесі жолға қойылғаны да себеп болып отыр. Мәселен, бұрын қажылар Стамбұл, Шардж, Дубай арқылы сапар шексе, бүгінде еліміздің Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент сияқты ірі қалаларынан тіке­лей чартерлік рейстер ашылған. Қажы­ларды апарған соң қайтарда және алып келерде борт бос болады. Бұл да бағаға әсер етеді. Сонымен бірге, қонақүйге жет­кізу, қала ішінде, Мина және Мұз­далифаға тасымалдау бағасы 3 есе артқан. Тиісінше, сапа да артты деседі.

Биыл 18 туристік компанияға сенім артылып отыр. Атап айтқанда, Tawap travel, Waqyp travel, «Қызмет саяхат», Qazaq travel, «Яссауи», «Атлас туризм», «Ордабасы НЖ», «әл-Маруа», «Мина-тур», «Сем­бекова и К», Hikmet travel, «Ансар круиз», «Нұр-Қазақстан», «Робинзон», «Хидаят-Нұр», «Иман трэвел», Sanabil, Delta travel туристік агенттеріне жүк­телген. 

ҚМДБ Қажылық бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, Қырғыз елі бірта­лай жылдан бері, Сауд Арабиясының уақыптар қорының тегін қонақүйлерін пайдаланып келеді. Олардың орналас­қан жері әл-Харамнан (Қағба) өте алыс жерде. Өзбекстандағы бағаны да бізден арзан деуге келмейді. Қазақстанда орташа баға 4 500-5 000 АҚШ доллары болса, Өзбекстанда да осымен шамалас. Ал Ресей қажылары да қазақстандық қажылар талап ететін қызмет сапасын талап етпейді. Сондықтан едәуір арзан қонақүй алады, чартерлік рейстен 400-500 АҚШ долларына арзан рейстік әуе ұшақтарымен тасымалданады. Қазақ­стан қажылық миссиясының негізгі құрамында 12 кісі бар. Оның ішіне басшылық құрам, уағызшы-имамдар, пәтуашы-ғалымдар, журналистер мен дәрігерлер кіреді. Миссия жұмысы ұйым­дастырушылық, уағыз-насихат, ақ­парат және алғашқы дәрігерлік көмек бағыттары бойынша жүзеге асырылады.

«31 шілдеден бастап Меккедеміз. Қажыларымыздың соңғы легі 5 тамызда келіп, жалпы саны 3 200 қазақстан­дықтың табаны қасиетті жерге тиді. Үлкен қажылық 9-11 аралығында өтеді. Ал оған дейін Умра, яғни кіші қажылық өтейміз. Қажыларымыздың жағдайын білу үшін қонақүйлерді аралап келдік. Іші қалай, тамағы жақсы ма, неше мезгіл ауқат­та­нады, қажыларға жағдай жасалу деңгейі қандай екенін жіті бақылауда ұстаймыз. Сонымен бірге, байланыс құралдары, ин­тернеттің барын да қарадық. Себебі, отандас­тарымызды таппай қалмас үшін бәрін қадағалау қажет. Санитарлық та­лап­тар да маңызды. Міне, осының бәрі – Қазақ­стан қажылық миссиясының ба­қылауында. Бұл – үлкен сапар. Қиын­дығы көп. Сондықтан қажыларымызға сабыр тілейміз. Көбі бірінші рет келіп жатыр. Ыстыққа шыдау оңай емес. Суық су ішкеннен не болмаса желдеткіштің астында ұзақ отырып қалғаннан кейбірі ауырып қалуы мүмкін. Әр туристік компанияның дәрігерлері бар. Оларда дәрілердің жеткілікті болуын да назарда ұстаймыз. Мұнда көп жағдайда қан қы­сымы көтеріліп жатады. Сол кезде тиісті құралдардың болуы шарт. Оны да тек­серіп шықтық. Қажылық компанияла­рының қызмет көрсету сапасы көңіл­ден шықпаса, келесі жылы квотасын азайту мәселесін қарастырамыз. Өйткені адам­­дар 5 мың доллар төлеген соң, сапалы қызмет алуы керек. Адам­ның көптігінен әл-Харамда тіптен ыстық. Біздің жақпен салыстыруға келмейді. Қонақүйлердің арақашық­тығы – шамамен 2 шақырым­дай. Алда Мина, Мұздалифада түнейтін күндер бар. Баршамызға Алла жеңілдігін берсін!» дейді ҚМДБ наиб-мүфтиі, Қазақстан қажылық миссиясының төра­ғасы Алау Әділбаев.

Мақаланы өткен жылы қажылыққа барған Ағабек Қонарбайұлы айтып берген мынадай әңгімемен түйіндесек. «Кувейттік шейх Омар Халифа аш-Шайиджи әлеуметтік желіде ғибратты мысалмен бөлісіпті. Ғалым кран құлап, дүние салған мысырлық мұсылман жайлы әңгімелейді. Ол ұзақ жылдар бойы қажылыққа қаржы жинайды. Ұлы сапарға шығу үшін барлық мүлкін сатуға мәжбүр болыпты. Тіпті өмір бойы жиған-тергеніне сатып алған жер телімін де саудалауға шешім қабыл­дайды. Адам­дар «Бәрін сатып бітірдің, енді қызыңа неңді қалдырып бара жатсың» дегенде: «Оған Алланы қал­дырып бара жатырмын. Ол – Жарыл­қаушы, бәрінен Ұлы» депті. Мысырлық қажы қасиетті мекен – Мек­кеде жан тапсыруды армандапты және қайтыс болған жағдайда сол жерде жер­леуді өтінген. Алла аузына салды ма, шы­найы қалады ма, әйтеуір тілегі орын­далып, қасиетті жерде қайтыс болғандар арасында әлгі адам да болған. Сауд Ара­бия Корольдігі үстіне кран құлап, мерт болғандардың туыстарына 2 мил­лион фунт өтемақы төледі. Қайтыс болған мы­сырлық қажының қызы да осы қар­жы­ны алыпты. «Ол Аллаға әділ болды. Алла да оған әділ болды» деп жазды кувейттік ғалым. Иә, өзінің өлімі арқылы өнеге қалдырды. Раббымыз рақымына бөлесін дейміз. Отбасын, қызметін, көлігін, мал-мүлкін тастап, Мекке мен Мәдинаны бетке алып, Жаратушының шақыртуын қабыл алған пенде екі құлаш матаға оранып, Алланың алдында күнә­лары үшін жарылқау тілейді, өкінген күйде кешірім сұрайды, іштей есеп бе­ріп, онымен сырласады. Қате-кемші­ліктер мен жасаған күнәларың үшін өзіңді жеп қоя жаздайсың, ұялған түрде алақан жайып, дұға етесің. Оны қайталамауға уәде бересің. Ал жасаған жақсылық­та­рың мен ізгі амалдарың үшін Жарат­қаннан жарылқау тілейсің. Қажылық Алла мен адамның арасындағы сырлы сұхбат іспетті. Осылайша, қажылықтан қайтқан адам өмірге қайта келгендей күй кешеді...