«Құтты мекен» құт әкеледі
«Құтты мекен» құт әкеледі
551
оқылды

Nur Otan партиясы жанындағы партиялық бақылау қызметінің басшылығы арнайы жұмыс сапарымен Көксу ауданында болып, аудан орталығы Балпық би ауылында салынып жатқан 50 және 20 пәтерлі тұрғын үй құрылысының барысымен танысты.

Рейдтік топ құрамында болған об­лыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ғ.Сарыбаев, облыстық филиалдың партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Э.Талданбаева, облыстық партия филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Е.Келемсейіт, Алматы облысы бойынша ішкі аудит департаменті басшысының орынбасары Р.Төрегелдиев, Көксу аудандық партия филиалы төрағасының және аудан әкімінің міндетін атқарушы Н.Кененбаев, аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Бейсенов, аудандық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы О.Нұртаевтар «Құтты мекен» партиялық жобасының игі мақсаттары туралы айтып, жекелеген ұсыныстарын ортаға салды.

Құрылыс алаңында «Құтты мекен» жобасының Жетісу өңірінде жүзеге асырылуымен таныстыру мақсатында облыстағы маңызды нысандар мен құрылыстар жайлы егжей-тегжейлі ақпараттар қамтылған арнайы билбордтар мен ақпараттық тақтайшалар орнатылған. Айта кетейік, жобаның мақсаты – жергілікті жерлерде инфраструктураны нығайту, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, газ, су құбыры, электрмен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізу және кіші, моно қалаларды дамыту жұмыстарын жалғастыру.

– Жоба аясында арнайы жұмысшы топ жасақталып, «Жол картасы» әзірленді. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар аясында облыстың депутаттық фракциясы жанындағы тұрақты бес комиссияның мүшелері, Елбасының Бес әлеуметтік бастамасы аясында құрылған қоғамдық кеңестің, облыстық филиалдың партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың тиімді пайдалануына бақылау жүргізетін болады. Ел игілігін көздеген кез келген жобаның, бағдарламаның талапқа сай орындалуы халықтың әл-ауқатының артуына, тұрмысының жақсаруына, еліміздің өркендеуіне жол ашатынын есте ұстай отырып, өзімізге жүктелген міндетті халық көңілінен шығатындай етіп жүзеге асыруға тыры­самыз, – дейді облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Төлендіұлы.

Көпқабатты үйлердің құрылысына жауапты мамандардың мәліметінше, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағ­дарламасы бойынша құрылыс бөлімі ар­қылы Көксу ауданы аумағында 2019 жыл­дан бастап 2025 жылға дейін жоспарланған.  

– Биылғы ақпан мен наурыз айла­рында біз 50 пәтерлі үйдің құрылысына мемлекеттік сатып алу конкурсын өткіз­дік. Мердігерлер анықталды. Құрылыс жұмыстары 15 сәуірде басталды. Амандық болса, осы жылдың қазанында пайда­лануға береміз деп отырмыз. Бұл үйде үш және екі бөлмелі пәтерлер болады және бірінші кезекте баспана көпбалалы от­ба­сыларға беріледі. Құрылыс-құрастыру жұмыстарына 456 миллион 950 мың теңге қарастырылған. Сонымен бірге, өткен маусымда 20 пәтерлі үйдің де құрылысы басталды. Ондағы жұмыстар да ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр, – деп атап өтті Көксу аудандық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Орынхан Нұртаев.

Облыстық партия филиалы жанын­дағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ермек Келемсейіт нысанда қызмет ететін жұмысшылардың жеткілік­сіздігі нысанның белгіленген мерзімнен кеш берілуіне кедергі келтіретінін айтты. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарының құжаттарына қатысты сын-ескертпелер де айтылды. Комиссия мүшелері нысан­дарға қайта бір келіп, құрылыс барысын қадағалайтындарын жеткізді.

Шара соңында аудандағы көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың тізімі анық­талып, партиялық бақылау комиссия­сының қадағалауы алдағы уақытта да жіті назарда болатыны айтылды.


Болат АБАҒАН,
Алматы облысы