Медиация мен медиатор – бізге ежелден таныс ұғым. Билер дала заңымен төрелік айтып, дауға нүкте қоятын. Қай қоғамда да «Би екеу болса, дау төртеу болады». Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асанов: «Медиация институтын жетілдіру жұмысы жүйеленбеген. Медиацияны қолдану тек соттың жұмысы деп түсінеміз. Дауды сотсыз шешу әдісін білмейміз. Келісімге келу мәдениетіміз төмен. Осы кемшіліктерді жою үшін аймақтарда Татуласу орталықтарын ашып жатырмыз. Тағы бір себеп, бізде сотқа жүгіну өте арзан. Мысалы, ажырасуға талап арыз беру үшін теңгемен санасақ, Беларусьте – 15 мың, Украинада – 19 мың, ал Қазақстанда небәрі – 72 теңге. Әрине, осылай болған соң көбісі медиаторға емес, бірден сотқа барғанды жөн көреді» деп медиацияны дамыту мәселесін қолға алды. Күні кеше Қазақстан халқы ассамблеясы Медиаторлар одағын құруды ұсынды. Егер одақ құрылса, құрылымы қандай болады, кімдер медиатор болуға лайық деген мәселе төңірегінде Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының орынбасары, кәсіби медиатор Шерзод Пулатовпен әңгімелестік.
– Медиаторлар одағы құрылса, қоғамда дау азайып, адамгершілік салтанат құра ма?
– Қоғамда дау-жанжал болмай тұрмайды. Келіспеушілік, кикілжіңнің соңында істің ақ-қарасын ажырату үшін азаматтар сотқа жүгінеді. Жанжалдың ауыр зардабы қоғамда, қала берді отбасында ынтымақ, береке мен бірлікті жояды. Сол үшін медиация институтын дамытуымыз керек. Дауды сотқа жеткізбей келісіммен шешу – дамыған елдерде бұрыннан бар әдіс. Халықтың таным-түсінігі, менталитетін ескере отырып, өзіміздің медиация мектебімізді дамытқанымыз жөн. Медиаторлардың жұмысын дамытуға мемлекет тарапынан қолдау ауадай қажет. Медиация орталықтарының жұмысын қадағалайтын ұйым құру – қажеттілік. Сондықтан бұл ұсынысты жайдан-жай көтеріп отырғанымыз жоқ. Әріптестеріміз бізді қолдап отыр.
– Одақ құрылса, медиаторлардың жауапкершілігі күшейе ме?
– Медиатор болатын тұлғаның медиация курсын бітіргенін, заңгерлік білімі болса, оны қашан бітіргенін анықтау қажет. Одақ құрылса, білімді медиаторларды үздіксіз дайындау мәселесі шешімін табады. Қазіргі күнде медиаторлардың білім деңгейі қажетті деңгейде емес. Жүйелі қадағаланбаған соң білімі, тәжірибесі қай деңгейде екенін біле бермейміз. Қазір де медиаторлардың үстінен арыз-шағым бар. Сондықтан медиаторлардың үстінен арыз-шағым көбеймес үшін осындай кедергілердің алдын алған абзал. Сол себепті, медиаторлардың кәсіби біліктілігін арттыру өте маңызды. Қазірден мұның алдын алмасақ, ертеңгі күні арыз-шағымға көміліп қаламыз.
– «Медиаторлардың кәсіби біліктілігін арттыру қажет» дейсіз. Нақты қандай ұсыныстар айта аласыз?
– Салыстырмалы түрде айтсақ, мықты медиаторларымыз бар, жоқ емес. Қазір кәсіби медиаторлардың саны 800-ге таяу. Үш жарым мыңдай қоғамдық медиатор бар. Олардың кәсіби деңгейін көтеру керек. Қазір кәсіби және қоғамдық медиатордың айырмашылығын ажырата білген орынды. Кәсіби медиатор – екі тараптың дау-жанжалын істің барлық кезеңінде сатылап, қарастырып, шешетін тәуелсіз тұлға. Қоғамдық медиатор – ел арасында беделді, қоғамдағы дауларды шешетін тұлға.
Екеуінің де атқарар жұмысы бір болғанымен, кәсіби медиатор дауды заң аясында, жүйелі шешеді. Барлық деңгейдегі дауды шешудің жолдарын сатылап, талдап қарастырады. Қоғамдық медиаторлар нақты анықталған бір деңгейдегі дауды шешеді. Оларды кәсіби және қоғамдық медиаторлар деп айтуымыз керек. Себебі, қазіргідей «кәсіби» және «кәсіби емес медиатор» десек, сол саланы білмейтін адамдай етіп көрсетеміз.
Қазақстандағы кәсіби медиаторлар шетелден тәжірибе жинап, оқып келіп жатыр. Испания, Болгариядан шақырып, біздің мамандарды дайындау да жолға қойылған. Заң бойынша 25 жастан асқан азамат медиатор бола алады. Емтихан тапсырады. Қоғамдық медиаторларға ондай талап жоқ. Қоғамдық медиатор болу үшін жасы 40-тан асқан, заңды білетін, елге сөзі өтетін азаматтар болуы қажет.
– Медиаторлардың мүддесін қорғау үшін не істеу керек?
– Егер Медиаторлар одағы құрылса, олардың жұмысы да жүйеленеді. Құқығы қорғалады. Қолдау да жүйелі жүргізіледі. Медиаторлардың жауапкершілігі күшейеді. Мәселен, өзі шешкен дауды құпия ұстау керек. Егер оны қоғамға жариялап жіберсе, қаншама адамның тағдырына немқұрайды қараған болып есептеледі. Сол үшін ең әуелі медиацияның мән-жайын мектептен бастап оқытқанымыз жөн. Оның қағидасы қандай, медиатордың көмегі, құқықтық сауаттылықты арттыру, осының бәрін балаға жастайынан үйреткен дұрыс. Есейе келе бала қоғамда заңбұзушылықтарға жол бермейді. Заңсыздыққа кез болса, заңды білмейтін замандасына жөн сілтейді. Сондықтан «Медиация туралы» заңды қайта қарап, толықтырулар енгізген жөн. Жоғары оқу орындарына арнайы пән ретінде енгізсе, артық болмайды. Бұл салаға, әсіресе, жастарды тарту керек. Тәжірибелі жастар озық ойымен өзінен кейінгілерге үлгі бола алады.
– Татуластыру орталықтары жүйелі жұмыс істесе, соттардың қызметі жеңілдей ме?
– Толықтай демесек те, соттардың жұмысын жеңілдетуге, жұмыс жүктемесін азайтуға септігін тигізеді. Әсіресе, азаматтық істерді бейбіт жолмен шешуге оң ықпал ете алады.
Сотта шешім шыққанда әйтеуір бір тарап наразы болып шығады. Сот шешіміне наразы тараптардың дауы қайта шағымданумен ұзаққа созылатынын практикада көріп жүрміз. Медиацияның ерекшелігі – екі тарап өздері келісе отырып, ортақ шешім шығарады. Сөзге тоқтаған халықпыз. Сөзге тоқтайтын адам өнбес дауды дауламайды.
Ең алдымен, медиаторлардың мүддесін қорғайтын ұйым құрылуы тиіс. Олардың жауапкершілігін түсіндіріп, бағыт-бағдар беріп, тәжірибе алмасады. Медиатордан ісі шешімін таппаса, ол іс сотқа жолданады. Наразы екі тараптың айтарын тыңдайды, кесімін сот айтады. Сондықтан қоғамдағы қылмыстың азаюына келеңсіздікті азайту арқылы ықпал ете аламыз.
– Әріптесіңіз Юсуп Келигов медиаторларға қазынадан қаржы төлеу, олардың еңбекақысы жөнінде мәселе көтерді. Медиаторлардың айлық жалақысы қанша болуы керек?
– Медиатор болу оңай емес. Сондықтан адвокаттар секілді нақты еңбекақы заң шеңберінде белгіленуі тиіс.
– Медиация әдісімен дауды шешу дамыған елдерде бұрыннан бар. Бізде билер институты болған. Бізге қайсысы тиімді?
– Кез келген шетелдік тәжірибені тұтас көшіріп алу – бізге жарамсыз. Себебі, дамыған мемлекеттермен, дамып келе жатқан елдердің ұстанымын салыстыра алмайсыз. Заңдар да қоғамның қажетіне, экономиканың дамуына қарай толықтырылып отырады. Шет елдердің озық үлгісін халықтың пікірін ескере отырып, қолданысқа енгізсек, ұтамыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Майра ЖАНЫСБАЙ