Шерзод Пулатов: Медиаторлар одағын құру – қажеттілік

Шерзод Пулатов: Медиаторлар одағын құру – қажеттілік

Медиация мен медиатор – бізге ежелден таныс ұғым. Билер дала заңымен төрелік айтып, дауға нүкте қоятын. Қай қоғамда да «Би екеу болса, дау төртеу болады». Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асанов: «Медиация институтын жетілдіру жұмысы жүйеленбеген. Медиацияны қолдану тек соттың жұмысы деп түсінеміз. Дауды сотсыз шешу әдісін білмейміз. Келісімге келу мәдениетіміз төмен. Осы кемшіліктерді жою үшін аймақтарда Татуласу орталықтарын ашып жатырмыз. Тағы бір себеп, бізде сотқа жүгіну өте арзан. Мысалы, ажырасуға талап арыз беру үшін теңгемен санасақ, Беларусьте – 15 мың, Украинада – 19 мың, ал Қазақстанда небәрі – 72 теңге. Әрине, осылай болған соң көбісі медиаторға емес, бірден сотқа барғанды жөн көреді» деп медиацияны дамыту мәселесін қолға алды. Күні кеше Қазақстан халқы ассам­б­леясы Медиаторлар одағын құруды ұсынды. Егер одақ құрылса, құрылымы қандай болады, кімдер медиатор болуға лайық деген мәселе төңірегінде Қазақстан хал­қы ассамблеясы Төра­ғасының орынба­сары, кәсіби медиатор Шерзод Пулатовпен әңгімелестік.

– Медиаторлар одағы құрылса, қоғамда дау азайып, адамгершілік салтанат құра ма?

– Қоғамда дау-жанжал болмай тұрмайды. Келіспеушілік, кикіл­жің­нің соңында істің ақ-қарасын ажы­рату үшін азаматтар сотқа жүгінеді. Жанжалдың ауыр зардабы қоғамда, қала берді отбасында ынтымақ, береке мен бірлікті жояды. Сол үшін медиация институтын дамытуымыз керек. Дауды сотқа жеткізбей келі­сіммен шешу – дамыған елдерде бұ­рыннан бар әдіс. Халықтың та­ным-түсінігі, менталитетін ескере отырып, өзіміздің медиация мекте­бі­мізді дамытқанымыз жөн. Медиа­тор­лардың жұмысын дамытуға мем­лекет тарапынан қолдау ауадай қа­жет. Медиация орталықтарының жұ­­мы­сын қадағалайтын ұйым құру – қажет­ті­лік. Сондықтан бұл ұсынысты жай­дан-жай көтеріп отырғанымыз жоқ. Әріптестеріміз бізді қолдап отыр.

– Одақ құрылса, медиаторлардың жауапкершілігі күшейе ме?

– Медиатор болатын тұлғаның медиация курсын бітіргенін, заңгер­лік білімі болса, оны қашан бітіргенін анықтау қажет. Одақ құрылса, білімді медиаторларды үздіксіз дайындау мәселесі шешімін табады. Қазіргі күнде медиаторлардың білім деңгейі қажетті деңгейде емес. Жүйелі қада­ға­ланбаған соң білімі, тәжірибесі қай деңгейде екенін біле бермейміз. Қа­зір де медиаторлардың үстінен арыз-шағым бар. Сондықтан медиатор­лардың үстінен арыз-шағым көбей­мес үшін осындай кедергілердің ал­дын алған абзал. Сол себепті, медиа­тор­лардың кәсіби біліктілігін арт­тыру өте маңызды. Қазірден мұның алдын алмасақ, ертеңгі күні арыз-шағымға көміліп қаламыз.

– «Медиаторлардың кәсіби білік­тілігін арттыру қажет» дейсіз. Нақты қандай ұсыныстар айта аласыз?

– Салыстырмалы түрде айтсақ, мықты медиаторларымыз бар, жоқ емес. Қазір кәсіби медиаторлардың саны 800-ге таяу. Үш жарым мыңдай қоғамдық медиатор бар. Олардың кәсіби деңгейін көтеру керек. Қазір кәсіби және қоғамдық медиатордың айырмашылығын ажырата білген орынды. Кәсіби медиатор – екі тараптың дау-жанжалын істің барлық кезеңінде сатылап, қарастырып, шешетін тәуелсіз тұлға. Қоғамдық медиатор – ел арасында беделді, қоғамдағы дауларды шешетін тұлға.

Екеуінің де атқарар жұмысы бір болғанымен, кәсіби медиатор дауды заң аясында, жүйелі шешеді. Барлық деңгейдегі дауды шешудің жолдарын сатылап, талдап қарастырады. Қо­ғам­дық медиаторлар нақты анық­талған бір деңгейдегі дауды шешеді. Оларды кәсіби және қоғамдық ме­диа­торлар деп айтуымыз керек. Се­бебі, қазіргідей «кәсіби» және «кәсіби емес медиатор» десек, сол саланы білмейтін адамдай етіп көрсетеміз.

Қазақстандағы кәсіби медиатор­лар шетелден тәжірибе жинап, оқып келіп жатыр. Испания, Болгариядан шақырып, біздің мамандарды дайын­дау да жолға қойылған. Заң бойынша 25 жастан асқан азамат медиатор бола алады. Емтихан тапсырады. Қо­ғамдық медиаторларға ондай талап жоқ. Қоғамдық медиатор болу үшін жа­сы 40-тан асқан, заңды білетін, ел­ге сөзі өтетін азаматтар болуы қажет.

– Медиаторлардың мүддесін қорғау үшін не істеу керек?

– Егер Медиаторлар одағы құ­рылса, олардың жұмысы да жүйе­ленеді. Құқығы қорғалады. Қолдау да жүйелі жүргізіледі. Медиа­тор­лардың жауапкершілігі күшейеді. Мәселен, өзі шешкен дауды құпия ұстау керек. Егер оны қоғамға жа­риялап жіберсе, қаншама адамның тағдырына нем­құрайды қараған болып есе­п­теледі. Сол үшін ең әуелі медиация­ның мән-жайын мектептен бастап оқытқанымыз жөн. Оның қағидасы қандай, ме­диатордың көмегі, құқық­тық са­уаттылықты арттыру, осының бәрін балаға жастайынан үйреткен дұрыс. Есейе келе бала қоғамда заң­бұзу­шылықтарға жол бермейді. Заң­сыздыққа кез болса, заңды білмейтін замандасына жөн сілтейді. Сондық­тан «Медиация туралы» заңды қайта қарап, толықтырулар енгізген жөн. Жоғары оқу орындарына арнайы пән ретінде енгізсе, артық болмай­ды. Бұл салаға, әсіресе, жастарды тарту ке­рек. Тәжірибелі жастар озық ойымен өзінен кейінгілерге үлгі бола алады.

– Татуластыру орталықтары жү­йелі жұмыс істесе, соттардың қызметі жеңілдей ме?

– Толықтай демесек те, соттардың жұмысын жеңілдетуге, жұмыс жүкте­месін азайтуға септігін тигізеді. Әсі­ресе, азаматтық істерді бейбіт жол­мен шешуге оң ықпал ете алады.

Сотта шешім шыққанда әйтеуір бір тарап наразы болып шығады. Сот шешіміне наразы тараптардың дауы қайта шағымданумен ұзаққа созы­латынын практикада көріп жүрміз. Медиацияның ерекшелігі – екі тарап өздері келісе отырып, ортақ шешім шығарады. Сөзге тоқтаған халықпыз. Сөзге тоқтайтын адам өнбес дауды дауламайды.

Ең алдымен, медиаторлардың мүддесін қорғайтын ұйым құрылуы тиіс. Олардың жауапкершілігін тү­сіндіріп, бағыт-бағдар беріп, тәжі­рибе алмасады. Медиатордан ісі ше­ші­мін таппаса, ол іс сотқа жол­данады. Наразы екі тараптың айта­рын тыңдайды, кесімін сот айтады. Сондықтан қоғамдағы қылмыстың азаюына келеңсіздікті азайту арқылы ықпал ете аламыз.

– Әріптесіңіз Юсуп Келигов ме­диа­торларға қазынадан қаржы төлеу, олардың еңбекақысы жөнінде мәселе көтерді. Медиаторлардың айлық жалақысы қанша болуы керек?

– Медиатор болу оңай емес. Сон­дықтан адвокаттар секілді нақты еңбекақы заң шеңберінде белгіленуі тиіс.

– Медиация әдісімен дауды шешу дамыған елдерде бұрыннан бар. Бізде билер институты болған. Бізге қай­сысы тиімді?

– Кез келген шетелдік тәжірибені тұтас көшіріп алу – бізге жарамсыз. Себебі, дамыған мемлекеттермен, дамып келе жатқан елдердің ұста­ны­мын салыстыра алмайсыз. Заңдар да қоғамның қажетіне, экономиканың дамуына қарай толықтырылып отырады. Шет елдердің озық үлгісін халықтың пікірін ескере отырып, қолданысқа енгізсек, ұтамыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан
Майра ЖАНЫСБАЙ