Шомылу маусымы басталған күннен бері елімізде 236 адам суға кеткен, оның ішінде 81 бала бар. Ажал құшқандардың 100 пайызы шомылуға тыйым салынған, шомылу құралдарымен жабдықталмаған және жедел құтқару жасағының құтқарушылары жоқ жерлерде суға түскен. Өткен аптада 24 адамды су жұтса, оның алтауы бала болған...
Осы қайғылы жағдайдың орын алуына өзіміз кінәліміз. Біз пендеміз. «Біздің үйдің басына қара бұлт үйірілмейді» дейміз де, балаларымызды қараусыз қалдырамыз. Соның нәтижесі – жыл басынан 81 бала суға батып, қаза болуы. Енді, сексен бір ана баласын құшағына алып, шашынан иіскеп мейірленбейді. Қылықтарына қарап мәз болмайды. Енді олар «Анашым, балалармен ойнап келейінші?» деп сұранбайды. «Маған нанға май жағып бере салыңызшы, анашым» деп еркелемейді. «Ұйқым келмей тұр, ертегі айтшы» деп назданбайды. Енді бұл балалардың тәтті қылықтары ана жүрегінде тек сағыныш болып қалады. «Балапанымды сақтай алмай қалдым. Бәріне кінәлі мен» деп зар жылайды. Далада баласымен жастыларды көргенде «Менің балам да осылар сияқты өсіп, мектепке барар еді-ау», «Жоғары оқу орнына түсіп қуантар еді-ау», деп жан жүрегі езілетін болады. Ал енді осыны болдырмау өз қолымызда емес пе еді?! Неге біз қарапайым шарттарды орындамаймыз? Оны тайға таңба басқандай қылып төтенше қызмет өкілдері «Адамдар ажалының негізгі себебі шомылуға арналмаған жерде суға түсу, балаларды қараусыз қалдыру...» деп түсіндіріп те жүр, айта да бермек. Құлықсызбыз. Басымызға түскенде ғана шырылдаймыз.
«Мас күйде шомылуға болмайды. Суға түсуге жабдықталмаған және тыйым салынған орындарға түспеңіздер. Шомылу барысында камера, доп, ағаштарды пайдаланбаңыздар. Олар желмен тез ағып кетуі мүмкін. Жүргінші және көлік көпірінен суға сүңгімеңіздер. Белгісіз жерлерде шомылмаңыздар. Балаларыңызды тек жандарыңызда ұстаңыздар, болмаса көзден таса қылмаңыздар. Суға батып барамын деп жалған сигнал бермеңіздер. Шынымен суға батып жатсаңыз, сізге сенбеуі мүмкін! Мүмкін қарапайым ережелер шығар, бірақ адам өмірін сақтауға арналғанын естен шығармайық. Ондай кезде ереженің ұсағы жоқ». Осылай деген Төтенше жағдай комитетінің қызметкерлері сақ болуға шақырып, қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін күнделікті рейд жүргізіп жүр. Осы ережені сақтасақ болмай ма? Жоқ, біз ондай ескертуге пысқырып та қарамаймыз. Өйткені біз батырмыз. Арақ ішкенде «Сырдың суы тіземізге жетпейді» деп мақтанып кетеміз. Мұның көбі қайғылы жағдайға әкелуде. Өйткені «Суда болатын қайғылы жағдайлардың 70%-ы ішімдік ішкеннің себебінен болады» дейді мамандар.
Тек қана бір күнде, яғни 23 шілдеде Атырау қаласы бойынша 2 қайғылы оқиға тіркелген. Ер адам мас күйінде, қауіпті аймақта суға түсіп, батып кеткен. Жасөспірім қыз құрбыларымен бірге шомылып жүріп жағаға шықпай қалды. Кейіннен қыздардың спирттік ішімдіктерді пайдаланғандары анықталған.
Синоптиктер болса 6-8 тамызға арналған «Еліміздің оңтүстік және оңтүстік шығысында күн райы ашық және 35…42°С-қа дейін қатты ыстық болады. 6 тамызда Иран аймағынан келетін жылы ауа массалары салдарынан батыс және солтүстік батыс өңірлерден басқа жерлерде, еліміздің басым бөлігінде қатты ыстық күтіледі, сонан соң Мурманск аймағынан салқын ауа массаларының ағынымен еліміздің солтүстік батысында, солтүстігінде және орталығында ауа температурасының күндіз 20-25 градусқа дейін біртіндеп төмендеуі күтіледі, кей жерлерде 30 градус жылы болады» деген ауа райы болжамын жария етті.
Міне, алда әлі ыстық күндер күтіп тұр, абай болайық, ағайын! «Суға батып бара жатқан адамды байқау қиындау. Ондай кезде ол бар күшімен ауамен демалуға ұмтылады, аузы қатты ашылып, басы артқа шалқайып кетеді. Ал балалар болса, басы керісінше алға қарай бағытталып, тұншыға бастайды. Шашы маңдайы мен көзін жауып кетеді, бір топ шомылып жүрген балалар арасынан суға батып бара жатқанды ажырату қиын. Дыбыс шығаруға уақыт та, шамасы да болмайды. Суға батқан адам қолын көтеріп көмекке де шақыра алмайды, үлкендер жүзуге тырысып қолдарын созып жан-жаққа сермейді, ал балалар қолдарын алға қарай созады. 20 секунд пен 60 секунд өмір үшін күреседі, одан ары адам су астына кетеді», – дейді. Егер осындай мезетте сол жердең табыла қалсаңыз, мүдірмей көмекке ұмтылыңыз. Мүмкін бір адамды ажалдан алып қаларсыз!
Ең дұрысы, мамандардың айтқанын орындап, белгіленген жерде ғана суға түсейік. Балаларымызды да соған үйретейік. Ажал айтып келмейді...