Сәуле Нұрғожина: Заңсыз жолмен баспана алғысы келетіндер бар
Сәуле Нұрғожина: Заңсыз жолмен баспана алғысы келетіндер бар
319
оқылды

Қазір Нұр-Сұлтан қаласында 5 мыңнан аса отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Бұл – мемлекет тарапынан табысы аз, көпбалалы, әлеуметтік ахуалы төмен және басқа да санаттағы азаматтарды қолдау шараларының бірі. Бұған қоса, көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Баспаналы болуға сертификат беріліп, жұмысқа орналасу, көпбалалы отбасылардың балаларын балабақшаға орналастыру, мектепте тегін тамақтандыру сияқты шаралар қолға алынды. Дегенмен "алғанның үстіне алсам" дейтін немесе масылдық психология қалыптасқан, тіпті көптің тілегін желеу етіп, өз пайдасын ойлайтын азаматтардың бар екені туралы айтыла бастады. Осыған орай Елорда Инфо Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожинаның азаматтарды қолдау шаралары туралы баяндап берген сұхбатын жариялады.

– Атаулы әлеуметтік көмек бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Елорда бойынша қанша отбасы әлеуметтік көмек алып отыр?

– Елорда бойынша сәуір айынан бері жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек 5 500 отбасыға берілуде. Ол 5 500 отбасында 33 000 мың адам бар. Соның ішіндегі 3 114 отбасы көпбалалылар санатына жатады. Ал көпбалалы отбасылардағы адам саны – 20 мыңға жуық. 8 наурызда 14 473 көпбалалы анаға бір реттік ақшалай жәрдемақы берілді. Қалалық әкімшілік тарапынан зейнеткерлерге, ҰОС ардагерлеріне, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға, көпбалалы және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға қоғамдық көлікте тегін жүру, «Инватакси» қызметін тегін пайдалану, көмір алуға, коммуналдық қызмет ақысын төлеуге жеңілдік беру, протез-ортопедиялық және тифло-сурдо құрылғылар, мүгедектер арбасы, тісті протездеу, шипажайда емделу және тағы да басқа көмектер қарастырылған. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты мекемелер қарттарға, кемтар жандарға, мүгедек балаларға арнайы әлеуметтік көмек көрсетеді. 

– Әлеуметтік жәрдемақылар төлене бастаса да, қалада әкімдіктің ғимаратына әйел адамдардың жиі баратынын байқаймыз. Бұл кісілердің талабы не, неге көңілі толмайды?

– Біріншіден, әкімдікке келіп жүрген әйел азаматтардың ішіндегі негізгі ұйымдастырушылар қала әкімінің, орынбасарларының қабылдауында бірнеше рет болды. Біздің басқармаға да келіп тұрады. Қала әкімдігінің ғимаратынан арнайы азаматтарды қабылдау кабинеті ашылды. Оларға құқықтық кеңестер беріліп, мемлекеттен көмек алудың барлық түрі түсіндірілді. Көмекке шын мұқтаж азаматтар да жоқ емес. Оларға заң аясында тиісті көмек көрсетілді. Азық-түлік алуға, балаларын киіндіруге, балабақшаға төлей алмағандарға жәрдем берілді. 

Сонымен қатар қабылдауға келген азаматтардың арасында атаулы әлеуметтік көмек бойынша ақпараттар жеткіліксіз деп өтініш айтқандар да болды. Біз жақында жәрдемақыны қалай алу керектігін қалалық екі газет «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттеріне жарияладық. Ол жерде қадам-қадаммен инфографикалар арқылы түсіндірілді. Біз тізімде тұрған әлеуметтік жағынан аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған, көпбалалы отбасылардың барлығына сол газеттерді тегін тараттық. Сондай-ақ, әлеуметтік желілердегі парақшаларымызда барлық ақпараттар орналастырылған.

Екіншіден, жыл басында әлеуметтік жәрдемақылар бойынша бірнеше талап қойылды. Көмекке шын мұқтаж азаматтар атаулы әлеуметтік көмектің арқасында тұрмыстық жағдайларының түзелгенін айтуда. Мемлекетке рахмет айтып жатқандар өте көп. Шындығын айтар болсақ, қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ болып отырған жайы бар. Шын мәнінде халықтың тұрмысына оң ықпалын тигізген көмек болды деп айтуға болады. 5 500 отбасы көмек алды.

Үшіншіден, Сіз айтып отырған әйел азаматтардың ішінде негізсіз талап қойып, әкімдік қызметкерлерін заңсыз жолмен жеке бастарының мәселелерін шешуге итермелейтіндер бар. Нақты айтқанда 14-15 әйел азамат бар. Олар 15-20 млн.теңге несиесін жауып беруін талап етеді. "Заңсыз жолмен баспана алып беріңдер" дейді. Өзіңіз білесіз, қалада 47099 адам баспана кезегінде тұр. Әкімдікке келіп айғайлағанның бәріне пәтер беріле берсе, әділет қайда қалады? Біз құқықтық мемлекет емеспіз бе?! Заң бәріне ортақ. Осыларды айтып, мән-жайды қанша түсіндірсек те «Егер шешпесеңдер, біздің чаттарымызда әйелдер көп. Қажет болса 200-300 әйелді көшеге шығарамыз», – дейді сол топтардың админдері. Яғни, жеке басының проблемаларын әкімдікті қорқытып-үркіту арқылы шешкісі келеді. Бұл – қылмыс, заңға қайшы деп білемін.

- Сұхбатыңызға рақмет.