«Пациент тест қорытындысын ұзақ күтпеуі керек» – Денсаулық сақтау министрінің кеңесшісі Жанар Сүлейменова
«Пациент тест қорытындысын ұзақ күтпеуі керек» – Денсаулық сақтау министрінің кеңесшісі Жанар Сүлейменова
523
оқылды
 – Жанар Нұрланқызы, ха­лықтың ПТР-тестіден өту жиілігін тәулігіне 40 мыңға жеткізу мүмкін бе? Себебі соңғы уақытта ПТР-тест тапсыруға қатысты сын жиі айтыл­ғаны есімізде... – Сіз айтқан сын маусым айы­ның ортасында айтылды. Осы тұста, сынаушылар зертханаларды тест жасай алмайды деп сынамас бұрын мына нәрсеге назар аударса екен деймін. Егер үш-төрт ай бұ­рын елдегі зертханалар тәулігіне 6 мыңнан астам тестілеу жасаса, бұл көлем бүгінде 30 мың тестке көбейді. Алғашқыда зерттеуді Ұлттық сараптама орталығы ғана жүргізді. Кейін қатарымызға «Олимп», «Инвиво», «Инвитро» сияқты жеке зертханалар қосылды. Медицина ұйымдары да өз тес­тілеуін бастады. Нәтижесінде бүгіндері республика бойынша 50-ден астам зертхана жұмыс істеп жатыр. Зертхана жұмысына кедергі келтіретін факторлар бар, мысалы үздіксіз қолданылып жатқан құ­ралдар тез ескіргендіктен, жұ­мысымызға кері ықпал етеді. Зауыт­тан жаңа құрал-жабдық алуға уақыт керек. Ал Президент жүктегендей, халықтың ПТР-тестіден өту жиілі­гін тәулігіне 40 мыңға жеткізу үшін әуелі зертханаларды техникалық жағынан жарақтандырып, жұ­мыс процесін автоматтандыру қажет. Бұл орайда, Үкімет орта­лық зертханаларын құрал-жабдық­тармен қамтамасыз ету үшін бюд­жеттен қаржы бөлгенін айтып өткім келеді. Бүгінгі таңда құрал-жабдықтар сатып алу кезеңінде, 3-4 аптада жеткізілуі керек. ПТР-тестін қабылдайтын зерт­ханаларды көбейтуге әкімдіктер де атсалысуда. Мысалы, каран­тин басында Нұр-Сұлтан қала­сында бір ғана зертхана жұмыс істесе, қазір 8-ге жетті. Бұл ба­ғыт­та меценаттардың да көмек­тесіп жатқанын айтуымыз ке­рек. Елордамызда карантин бас­тал­ғанда тәулігіне 300 тест қана жүр­гізілген, ал бүгін тәулігіне 5 мыңнан астам тест жасалады. Жуырда Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы жанынан жеке зертхана ашылды. Medical Partners Korea клиникасы да коронавирусты анықтайтын тағы бір тест орталығын іске қосты. «Нұрлы-Тау» мен Halyk Arena мо­бильді пункттері де жұмыс істеп тұр. – ПТР-тест бағасын екінің бі­рі­­нің қалтасы көтере бермейді. Ал мемлекеттік ұйымдарда ПТР-тестілеуден тегін өтетін мүмкіндік жасалды. Ол үшін қайда, кімге ха­барласу керек? – Тестілеудің екі түрі болады, бірі – профилак­тикалық мақсаттағы, екіншісі – эпидемиолог маманның жолдамасы бойынша тестілеу. Бұған қоса, диагностикалық тестілеу бар, ол медициналық көмек көрсету үшін жасалады. Мемлекеттік ұйымдардағы ақылы тестілеуге тыйым салынды, оның ақысы кепілдендірілген тегін ме­дициналық көмек есебінен төленеді. Егер клиникалық ауру белгісі пайда болса, өз емханасына, учаскелік дәрігеріне денсаулығы туралы хабарлауы керек, әрі қарай дәрігер қажет деп тапса, тегін тес­тілеуден өтеді. Коронавирус анықталған адаммен байланыста болғандар жетінші тәулікте те­гін тестілеуден өте алады. Ал стационарда жатқандар сол жер­де ПТР тапсырады. Себебі стацио­нардың барлығы тест қабылдайтын зертханалармен шарт жасасқан. Соңғы уақытта ПТР тапсыру бір жүйеге келді. Менің ойымша, тест тапсырудағы ажиотаж адамдардың елдегі эпиджағдайға алаңдап, жақындарын аман алып қалсам деген уайымынан туды. Уақыт өте халық ПТР-ды ауру белгісі пайда болғанда немесе коронавируспен ауырған адаммен байланысты болғанда ғана тапсыру керек еке­нін түсінді. – Сіз бір сұхбатыңызда коро­навирус инфекциясы күшей­ген­ге дейін ПТР-тестілеуге сұра­ныс аса көп болмағанын, сон­дық­тан бұл салада маман өте аз екенін айтыпсыз. Ал енді елімізде коро­навирус диагностикасын жа­сайтын зертханалар көбейгенде маман жеткілікті ме? – Ұлттық сараптама орталығы­ның қызмет­керлері коронавирус сынамаларын тәулік бойы зерт­теп жатыр. Коронавирусқа қа­тысты анализді өңдейтін ең қысқа уақыттың өзі 6-8 сағат жұмысты талап етеді. ПТР – жалпы қан ана­лизі емес, бұл нуклеин қыш­қы­лы­ның бөлінуін, вирустың гене­тикалық бөлігін ұстау үшін көшір­мелерін көбейтуді талап ететін қиын процесс. Ұйқысыз түндер мен үлкен жүктемені талап етеді. Қызметкерлеріміз вирус жұқтыру қаупі жоғары жерде күні-түні жұмыс істейді. Арасында вирус жұқтырып, емделіп, қай­тадан қатарға қосылып жатқан­дары да бар. Дозатормен жұ­мыс іс­тей алатын, тамшыны дұрыс та­мы­за­тын лаборантты аз уақыт­та даярлау қиын, бәріне тә­жірибе керек. Сон­дықтан диаг­нос­тика жүргізетін вирусоло­гия­лық зертханалардың 700-ден астам қызметкері осы жұмысқа тар­тылды. Сондай-ақ вирусоло­гиялық зертхана жұмы­сына кли­никалық диагностикалық зерт­ханаларда жұмыс істейтін ма­мандарды да тартамыз. Елі­мізде ПТР зертханасы бар 225 кли­никалық-диагоностикалық зертхана бар. COVID-19 талдау техникасымен таныс мамандар да жұмысқа тартылды. Олар елдің вирусологиялық зертханаларында дайындықтан өтіп, COVID-19 диагностикасы бойынша жұмыс істеуге рұқсат алады. Қазіргі күні зертхана қыз­меткерлерін тегін оқытатын мем­лекеттік тапсырыс бар. Өңірлердегі ден­саулық сақтау басқармалары жергілікті жерлерде коронавирус инфекциясына тестілеу жүргізетін зертхана мамандарын жұмысқа тартып жатыр. Мамандар арасында ауырып қалу қаупі жоғары екенін, форс-мажор жағдайын ескерсек, онда зертхана жұмысын 100 пайыз жұмыс істетеміз деп айтуға ерте. Коронавирус инфекциясын тес­тілейтін кез келген зертхана – мейлі ол коммерциялық зертхана не мемлекеттік зертхана болсын, өз қуатын өзі жоспарлауы керек. Олар техникалық жарақтануы мен кадрлық резервіне қарап жоспар құрса... Біз бұл туралы бірнеше рет айттық. Өткен аптада да, осы апта да ӘМСҚ-мен бірге өткізген жиналыста да тестілеу жүргізетін зертханалар жауапкершілігін сөз еттік. Зертханалар тестілеу қо­ры­тындысын уақытында ұсын­ғаны жөн. Классикалық ПТР нә­тижені 5-6 сағатта шығарады, бұл тестілеу жүргізетін зертхана үшін міндетті талап. Пациент тест қо­рытындысын ұзақ күтпеуі керек. Зертханалар жұмысы тест қоры­тындысын ары кеткенде 6-8 сағатта беруді ұйымдастыруы қажет. – Меніңше, 6-8 сағат та ұзақ. Жалпы, ПТР-тес­тілеуді жедел ат­қаратын әдіс пен диагностикалық тест түрі бар ма? Алдағы уақытта қандай да бір диагнос­тикалық әдістер қолдану жоспарда бар ма? – ПТР-тестілеуді жедел атқа­ратын әдіс бар. АҚШ-тың FDA ұйы­мы (Азық-түлік өнімдері мен ме­дикаменттерді қадағалау басқар­масы) сәуір айында коронавирус инфекциясын 45 минутта анық­тайтын тест түрін бекітті. Бұл тест түрін Калифорниядағы Cepheid компаниясы жасаған. Аталған тест жүйесімен жұмыс істеу үшін ар­найы дайындықтың қажеті жоқ – тест нәтижесін өңдеу үшін Cepheid GeneXpert жүйе­сіне кірсе болғаны. Көптеген елдің тәжірибесі бо­йынша, өндіру көлемі шек­теулі болғандықтан, бұл тест түрі ко­ронавирус жұқтырды де­ген кү­дікпен жедел түрде ауру­ханаға жатқызуды қажет ете­тін ауыр науқас­тарға ғана қолда­ны­лады. Ал біздің елде Cepheid GeneXpert жүйелерімен фти­зиопульмоно­логия және туберкулезге қарсы диспансерлердің зертханалары (кейбір алғашқы медициналық-санитарлық көмек мекемелерін қоса) қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта инфекциялық және уақытша ауруханалар осы мәліметтер базасында орна­лас­тырылғанын ескере отырып, осы сынақты біздің зертханаларда өткізуді ұсынамын және ол мүмкін деп санаймын. Себебі GeneXpert тестінің Қазақстанда тіркелгені туралы куәлігі бар. Сонымен қатар біз бүгінгі таңда ПТР-тестін қысқа мерзімде орындаудың жаңа әдісін қарас­тырып жатырмыз. Бас санитарлық дәрігердің қаулысы мен емдеу хат­тамасы бойынша ПТР-тес­тілеудің мамандандырылған тә­сілі болып қала бермек. Бірақ әлеу­меттік желілерде пневмония этиологиясына қатысты көптеген сұрақ туындағандықтан, сала министрлігінің бастамасымен пне­в­монияның беймәлім этиоло­­гия­сына қатысты зерттеу жүріп жатыр. Пневмонияны диаг­нос­тикалау кезінде қақырық сарап­тамасы жоғары нәтиже береді және ол дәлел­денген тәсіл. Сон­дықтан қа­зіргі уақытта қақырықты зерт­теу енгізіліп жатыр. Себебі вирус ты­ныс алу жолында ұзақ уақыт тұр­майды және пнев­мония туғызып төменгі тыныс алу жо­лына көшеді. Сонымен бірге зертханалық диагностиканың қосымша әдісі ретінде вирусқа қарсы антителаны анықтау да енгізілмек. Коронавирус инфекциясымен әлем халқы алғаш рет бетпе-бет келді. ПТР- тестерді өндіру жыл басында ғана қолға алынды. Пан­демияның төрт айынан бері тест өндірісі жетіле түсті, вирусты жедел анықтайтын тест түрлерінің енгізіле бастауы – соның мысалы. Себебі коронавирусты жедел анық­таудың маңызы өте зор болып отыр.  

Әңгімелескен Халима БҰҚАРҚЫЗЫ