Алматыда каршеринг қызметінің іске қосылғанына жылға жуық уақыт болып қалды.
Былтыр қазан айында Anytime өз жұмысын бастаған болатын. Бұл дегеніңіз – қаланың кез келген нүктесінен табыла кететін, ақысын төлеп тізгіндеуге болатын көліктер қызметі. Яғни, минутына бекітілген тариф құнын төлеп қалаған жеріңізге бара аласыз. Таксиге ақша шығындағанға қарағанда каршеринг қызметін тұтыну әлдеқайда тиімді дейді білетіндер.
50 мың адам қолданады
Каршеринг сөзі – көлікті жалға алып міну деген ұғымды білдіреді. Бұл ұғым Еуропа елдеріне аса таңсық емес. Мұндай тәжірибені Қазақстан Орта Азияда бірінші болып енгізіп отыр. Сервис қазіргі таңда Ресейдің бірнеше қаласында, Швейцария, Италия, Румыния, Армения, Белорусия сияқты бірқатар елдерде кең қолданысқа ие. Біздің елде де Volkswagen Polo маркалы 100 көлік жолға шыққан. Әр минутының құны – 19 теңге. Әрине, компания ұсынып отырған түрлі тарифтер бар. Сонымен қатар ақылы автотұраққа, сақтандыруға, техникалық қызмет көрсетуге және көлік тазалығына Anytime тікелей өзі жауап береді. Олар ұсынған дерек бойынша, қазір бұл қызметті шаһарда 50 мыңдай адам қолданады. Рас, жеке көлігі болғанын әркім армандайды. Бірақ оның да машақаты өз алдына бір төбе. Жуып-тазалау, күтіп-баптау, қажетті техникалық жабдықтарын ауыстыру сияқты толып жатқан міндеттемелері жетерлік. Ал каршерингті мінер болсаңыз, мұның бірде-біріне бас ауыртпайсыз. Тағы бір көлікті жалға беру қызметін ұсынатын DosCar компаниясының басшысы Асылбек Есеновтің айтуынша, Anytime көліктеріне қатысты проблемалар да баршылық.
– Иә, бұл көліктерге кез келген жерден отырып, кез келген нүктеге тастап кетуге болады. Бірақ іздеген кезде олар үнемі жақын маңнан табыла бермейді. Сондай-ақ бос автотұрақ орынын да іздеу керек. Әсіресе, күндіз қала ортасынан бос орын табу мүмкін емес. Бағалары да әрқилы. Мәселен, үй мен жұмыстың арасы – 9 шақырым. Әл-Фараби даңғылымен жүру тиімдірек. Эконом-класс таксилер уақытына байланысты 790-990 теңге аралығында болады. Күндіз аталған қашықтық кем дегенде 30-35 минутты алады. Anytime қызметі де күндіз шамамен 800 теңгеге жуықтайды. Бірақ кешкі уақытта қайтар кезде құн шарықтап кетеді: 1 760 теңге. Яғни, бұл қызмет көлік кептелісі кезінде тиімсіз, – дейді ол.
Мұны компания өкілдері де жоққа шығармайды. «Әр жағдайды жеке қарастыру керек. Мысалы, Назарбаев – әл-Фараби қиылысынан Ақсай-3 ықшамауданына дейін таксимен жету 1 350 теңге болады. Ал каршеринг арқылы таңғы уақытта 400 теңгеге жетуге болады. Күндіз – 800 теңге. Ал кешкі кептеліс кезінде бағаның 1 500, тіпті 2 000 теңгеге дейін жетуі қалыпты құбылыс» дейді олар.
Бұдан шығатын қорытынды – егер каршерингті үй мен жұмыс арасында қолдансаңыз ғана тиімді болмақ. Ал егер бірнеше нысанға соғып, біраз шаруаның басын қайырмақ болсаңыз, онда өз көлігіңіз ыңғайлы.
Артықшылығы – қолжетімді баға
Бұл қызметті бір емес бірнеше рет пайдаланған, артық-кем тұстарын саралаған қала тұрғындары түрлі пікір айтады. Бірі мақтаса, екіншісі оған қайшы көзқарасын жеткізеді. Ұлан Хангелдінің айтуынша, көлікті кез келген жерге қалдыру – каршеринг қызметінің басты кемшілігі.
– Бізде көпшілік адам өзінен кейінгі клиентке бас қатырмайды. Менен кейін «күл болмаса бүл болсын» деген ішкі ұстанымдары бар. Менталитет сондай. Көлікті қолжетімсіз алыс нүктелерге, шлагбаумның ішіне қалдырып кеткен жағдайлар көп кездесті. Әрине, одан соң көлікті табу қиынға түседі. Сенің алдыңдағы клиент ол көлікті өзі тұратын аулаға кіргізіп қойса, онда оны табу үшін біраз уақытыңды сарп етесің. Осы жағына компания баса көңіл аударуы керек, – дейді ол.
Ал Владимир есімді желі қолданушысы «Anytime – әлі шикі жоба» деген пікірмен келіспейді. «Алғаш рет «Алатау» метро бекетінің қасынан көріп, жалға алдым. Екі күн бұрын тіркелгем. Ол процесс екі сағаттай уақыт алды. Қала ішінде ешқандай кептеліссіз жұмысқа дейін 13 минутта жеттім. Базалық тариф бойынша осы үшін 572 теңге төледім. Салоны таза. Жүрісі жақсы. Менің көңілім толады» деп жазба қалдырыпты. Ал Серік есімді қолданушы болса «Жобаның әлі де жетілдіретін тұстары бар. Компания оның бәрін біртіндеп қолға алады деп ойлаймын. Артықшылығы – қолжетімді баға, қызық акциялар, жеңілдіктер, жаңа көліктер және керемет сервис. Ал кемшілігі – мобильді қосымша кейде істемей қалады. Бұл уақыт тұрғысынан кедергі», – дейді ол.
Қаланың кей тұрғындарының көлікке жауапкершілікпен қарамайтыны рас. Минуттық жалға алуға арналған қызметті сағаттап, тіпті тәулік бойы пайдаланатындар да бар екен. «Бір жолы клиенттің көлікті жалға алып, онымен базарға барып, толтырып жүк тиеп, сағаттап жоғалып кеткені бар. Бұл үшін келісімшартта арнайы айыппұл жазылғанына қарамастан, біз клиентке ауызша ескерту жасадық. Бірде клиент көлікті «күту» режиміне қойып, ұмытып кеткен. Ол үшін 50 мың теңге айыппұл төлеуі керек еді. Алайда біз мәселені қарап, клиент үшін тәуліктік пакетті қалпына келтірдік. Сөйтіп, қарызын кештік», – дейді компания.
Алматы – Anytime іске қосылған 13-қала атанды. Жалпы, сіздің елге осы жоба үшін 30 млн доллар инвестиция салынды. Биыл көлік санын 500-ге жеткізу ойда бар. Ал 2021 жылға таман паркте 1,5 мың автомобиль болады деп жоспарлануда.
Алматы – Anytime қосылған 13 қала
Каршеринг көліктерді тізгіндеп, жол апатына ұшыраған жағдайлар да жиі кездесті. Былтырдан бері бірнеше жағдай тіркелген. Соларға қысқаша шолу жасап өтелік. Осы жақында ғана Алматы – Қапшағай тасжолының бойында Volkswagen Multivan және Volkswagen Polo (каршеринг) көліктері соқтығысып, Polo-да отырған әйел адам көз жұмған. Одан өзге екі әйел адам, бір ер адам зардап шеккен.
2018 жылдың қазан айында жасөспірімдер Anytime көлігіне вандалдық шабуыл жасаған. Кадрдан көрінгендей олар көлікті Сайран көлінің жағасынан алып шықпақ болады. Олардың бірі тіпті көлік капотына мініп алған. Кейін компания көлікті жалға алған азаматтың айыппұл мен жауапкершіліктен жалтара алмайтынын мәлімдеді. Транспортты қолды қылуға әрекеттенген жас жігіт көлікті өзге адамның мәліметін пайдаланып жалға алыпты.
Тағы да былтыр, қараша айында каршеринг көлігі Жансүгіров пен Ақпаев көшелерінің қиылысында жол-көлік оқиғасына тап болды. Ақпаев көшесімен батыс бағытта кетіп бара жатқан Polo Жансүгіров көшесімен қиылыста Toyota Corolla көлігіне жол бермеген. Toyota жүргізушісі жағдайды бақылап үлгере алмай, каршеринг көлігін қапталынан соққан. Қатты соққыдан Polo жолдың қарсы бетіне өтіп кеткен. Оқиғадан бес адам зардап шеккен. Оның ішінде каршеринг жүргізушісі де бар.
2019 жылы ақпан айында Жандосов пен Шәймерденов көшелері қиылысында жаяу жүргіншілер жолағында аялдаған каршеринг көлігін жылдамдығын тежей алмаған Toyota Camry келіп соққан. Компания иелерінің айтуынша, Anytime көліктері аптасына 1-2 мәрте жол-көлік оқиғасына ұшырайды екен.
– Әлбетте, бәрі бірдей ауыр жол апаттары емес. Жай соғып өткен, сырып кеткен жағдайлар да есепке алынады. Ондай кезде біз көлікті дереу қалыпқа келтіреміз. Қандай жағдай болмасын, клиент төлейтін айыппұл мөлшері – 100-200 мың теңге аралығында. Каршеринг қатысуымен болған жол апаттарына статистикалық талдау жасаған соң барып біз төленуі керек шығын көлемін есептеп шығарамыз. Ал егер көлік иесі мас күйде болса, көлік тізгінін басқа адамға беріп апатқа ұшыраса онда жағдай жеке қарастырылады, – дейді компания өкілі.
Көлікті жалға алар сәтте клиент жасының 21-ден асқаны, екі жылдан астам көлік жүргізу тәжірибесінің бар-жоқ екені қатаң тексеріледі. «Кейбір клиенттеріміздің жауапсыздығына қарамастан, өз сервисімізді дамыта береміз. Қазақстандықтар біртіндеп жобаға үйреніседі деген үміт басым. Алматы – Anytime іске қосылған 13-қала атанды. Жалпы, сіздің елге осы жоба үшін 30 млн доллар инвестиция салынды. Биыл көлік санын 500-ге жеткізу ойда бар. Ал 2021 жылға таман паркте 1,5 мың автомобиль болады деп жоспарлануда», – дейді компания басшылығы.
Өте үнемді көлік
Каршеринг қызметін пайдаланар алдында көлік нөмірін арнайы мобильді қосымша арқылы смартфон камерасына түсіресіз. Содан кейін оның есігі ашылып, сізге рұқсат етіледі. Алғашқы 20 минут тегін. Көлік тізгініне отырғаннан кейін келесі талаптар қатаң сақталуы тиіс:
• Жылдамдықты асырмау;
• Компания қызмет көрсететін аумақтан тысқары шықпау;
• Рұқсат етілген орынға ғана көлікті қою;
• Көлік ішіндегі құжаттарға тиіспеу;
• Оқыс жағдай кезінде операторға хабарласу.
Ал неліктен каршеринг қызметі үшін Volkswagen Polo көлігі таңдап алынды. Біз бұл сауалды да компанияға қойдық.
– Бұл автомобиль бірнеше маңызды фактор бойынша таңдап алынды. Біріншіден, көліктің техникалық жабдықталуы жайлы жүріс үшін өте қолайлы. Екіншіден, өте үнемді көлік әрі габаритті емес. Қозғалысы өте күрделі Алматы сияқты қала ішінде жүруге, қозғалуға ыңғайлы. Осы көлікті таңдау арқылы клиенттеріміздің уақытты тиімді басқаруына әсер еткіміз келеді, – дейді маркетинг департаментінің директоры Бота Мұсатаева.
Түйін: