Nur Otan партиясы Талдықорған қалалық партия филиалында «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға арналған қабылдау ұйымдастырылды. Оған облыс орталығынан 30-ға жуық тұрғын қатысты.
Мемлекеттік органдардағы жауапты тұлғаларға үміт артып, қабылдауға келгендерді Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы
З.Ағыбетов, Талдықорған қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Г.Оспанова, «Даму» қоры АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Б.Ошақбаев, Талдықорған қаласының жер қатынастар бөлімінің басшысы Р.Бешімбеков қабылдады. Сондай-ақ кездесуде қалалық көпсалалы аурухананың дәрігері Г.Оразбаева, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің маманы М.Ақанов, арнайы әлеуметтік сараптамалық департаментінің бас маманы Л.Мұратбаева мен қалалық №1 және 2 емхана дәрігерлері де тұрғындар қойған сауалдарға жауап беріп, мәселелерді мүмкіндігінше шешуге тырысты.
– Партия бүгінгі күні әр азаматтың мәселесін аяқсыз қалдырмай, сауалдарына жауап алуына үлкен жауапкершілікпен қарап отыр. Осы орайда біз үнемі жауапты сала мамандарымен бірге көшпелі қабылдаулар өткіземіз және алдағы кезде бұл бағыттағы жұмыстарды барынша ширата түсеміз. Жедел желіге келіп түсетін өтініштердің бірде-бірі назардан тыс қалмайды. «Кедергісіз келешек» жобасы аясында өткен жылдың өзінде ғана 900-ге жуық өтініш шешімін тауып, азаматтарға қажетті ұсыныстар мен нұсқаулықтар берілді. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табады, – дейді облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Гүлнар Тойлыбаева.
Қазіргі кезде Талдықорған қаласы бойынша 4 752 мүгедек тіркеуде тұр. Сонымен бірге, облыс орталығында қарайтын туған-туысы немесе бала-шағасы жоқ 264 жалғызбасты қария тұрады. Олардың 18-і – көмекке мұқтаж мүгедектер санатында.
Қазіргі кезде қала бойынша ерекше күтімді қажет ететін жандардың қатардан қалмауына қажетті жағдайлар қарастырылып жатыр. Облыс орталығының адамдар жиі жүретін үлкен көшелерінің қиылыстары мен кісі көп шоғырланатын орындардың маңына 12 дыбыстық белгі беретін бағдаршамдар орнатылған. Жүріп-тұруы қиын, мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдайтын 10 арнайы автобус бар.
Облыс бойынша бір күнде тақырыптық қабылдауға 200-ге жуық тұрғын қатысып, өтініштері мен ұсыныстарын білдірді. Олардың барлығы заң талабына сай қаралып, тиісті шаралар қабылданды.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы