Нұр-Сұлтан қаласында сәуірден бері атаулы әлеуметтік көмек 5 500 отбасыға беріліп отыр екен. Солай десе де, көпбалалы аналар әкімдікке әлі де наразы. Әлеуметтік жағдайының мәз емес екенін айтып, көмек сұрап келетіндер аз емес. Ішінде шын мұқтажы да, баласының көптігін желеу етіп жүргендер де баршылық деседі.
Атаулы әлеуметтік көмек алып отырған елордалық отбасылардағы адам саны – 33 000. Оның ішінде 3 114 отбасы көпбалалы санатына жатады. Осы ретте Нұр-Сұлтан қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожинадан аналардың қояр талабы туралы сұраған едік. Оның айтуынша, расымен көмекке мұқтаж жандар бүгінде көмек алып, жағдайын түзеп алған. «Әкімдікке келіп жүрген әйел азаматтардың ішіндегі негізгі ұйымдастырушылар қала әкімінің, орынбасарларының қабылдауында бірнеше рет болды. Біздің басқармаға да келіп тұрады. Қала әкімдігінің ғимаратынан арнайы азаматтарды қабылдау кабинеті ашылды. Оларға құқықтық консультациялар беріліп, мемлекеттен көмек алудың барлығы да түсіндірілді. Көмекке шын мұқтаж азаматтар да жоқ емес. Оларға заң аясында тиісті көмек көрсетілді. Азық-түлік алуға, балаларын киіндіруге, балабақшаға төлей алмағандарға жәрдем берілді. Сонымен қатар қабылдауға келген азаматтардың арасында атаулы әлеуметтік көмек бойынша ақпараттар жеткіліксіз деп өтініш айтқандар да болды. Біз жақында жәрдемақыны қалай алу керегін қалалық екі басылым – «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттеріне жарияладық. Ол жерде қадам-қадаммен инфографикалар арқылы түсіндірілді. Біз тізімде тұрған әлеуметтік жағынан аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылардың барлығына сол газеттерді тегін тараттық. Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі парақшаларымызда барлық ақпараттар орналастырылған. Әкімдік алдына келіп жүрген әйел азаматтардың ішінде негізсіз талап қойып, әкімдік қызметкерлерін заңсыз жолмен жеке бастарының мәселелерін шешуге итермелейтіндер бар. Нақты айтқанда, 14-15 әйел азамат бар. Олар 15-20 миллион теңге несиесін жауып беруін талап етеді. «Заңсыз жолмен баспана алып беріңдер» дейді. Қалада 40 мыңнан аса адам баспана кезегінде тұрғаны жиі айтылады. Әкімдікке келіп айғайлағанның бәріне пәтер беріле берсе, әділет қайда қалады? Біз құқықтық мемлекет емеспіз бе?! Заң бәріне ортақ. Осыларды айтып, мән-жайды қанша түсіндірсек те «Егер шешпесеңдер, біздің чаттарымызда әйелдер көп. Қажет болса 200-300 әйелді көшеге шығарамыз» дейді сол топтардың админдері. Яғни, жеке басының проблемаларын әкімдікті қорқытып-үркіту арқылы шешкісі келеді. Бұл – қылмыс, заңға қайшы деп білемін», – дейді басқарма басшысы.
Әкімдік алдына келіп жүрген әйел азаматтардың ішінде негізсіз талап қойып, әкімдік қызметкерлерін заңсыз жолмен жеке бастарының мәселелерін шешуге итермелейтіндер бар.
Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова көпбалалы аналардың несие жабу туралы өтініштері негізсіз болғанымен, баспана сұрағаны дұрыс дейді. «Несиені жабу әлеуметтік мәселені шешудің амалы емес, оның салдарымен күресудің көрінісі болатын. Мемлекет өз кезегінде шектеу қойып, қарыздың белгілі бір көлемі ғана кешірілетінін жеткізді. Әйтсе де, шектен тыс нәрсе талап ететіндер көп. Себебі, біздің қоғамда қарыз көлемі адамдардың табысынан біршама емес асып кеткен. Яғни, табыс көлемі аз болса да, одан бірнеше есе көп көлемде несие алып тастаған. Әсіресе, жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардың ахуалы осындай. Жалпы алғанда, мемлекет ешкімнің несиесін жауып беруге міндетті емес. Баспана мәселесіне келсек, елімізде көпбалалы отбасылардың пәтерлі болуын қамтамасыз ететін механизм жоқ. Осы тұрғыдан келгенде, аналардың «несиемді жауып бер» деген талабы орынсыз десек те, баспана сұрауы жөн деп ойлаймын. Әлбетте, бәрі заңды түрде жасалуы шарт. Мемдекет біреудің үйін тартып алып не болмаса табан астында бірнеше үй тауып бере алмайды. Алайда осы мәселені шешудің орынды механизмін ойластыруға болады. Бәлкім, әкімдікке барып әлденені талап еткенде көпбалалы аналар статусын желеу еткеннен емес, ашынғаннан барған болар. Өйткені жағдайлары нашар. Бірақ қанша жерден әлеуметтік төлемдер көлемін көбейтіп, көпбалалы болғаны үшін баспана бергеннен мәселе шешіле қоймайды. Бұл жерде үкімет тарапынан жүйелі жұмыстар атқарылып, көпбалалы аналарға арналған бағдарламалар қабылдануы тиіс. Мұның бір ұшы демографиялық ахуалмен байланысуы керек. Бұл жерде кейбірінің расымен статусын желеу етуі мүмкін екенін, енді бірі расымен мұқтаж болғасын сұрайтынын да ескермесек болмайды», – дейді Айсұлу Молдабекова.
Аналардың айтар шағымын жеке-жеке тыңдап шығып, әлеуметтік жағдайының шын мәнінде қандай екенін тексеру керек. Қалай дегенмен, мемлекеттің басты қозғаушы күші – келешек ұрпақ. Демографиялық ахуалдың өсуі, әлеуметтік мәселелердің орынды шешілуі болашақ үшін маңызды. Масылдық психологиямен күрес те, аналардың жағдайын жасау да қатар жүрсе жөн-ақ.