Дертпен күресудің жаңа амалдары іске қосылды
Дертпен күресудің жаңа амалдары іске қосылды
234
оқылды
Бұл туралы Saryarqa те-ле­арнасындағы брифингте Ден­саулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев мә­лім­деді. – Біз жедел жәрдем шақыру­шылардың азайғанын көріп отырмыз. Егер бұрын бұл қыз­метке жүгінетіндер саны күніне екі мыңға жеткен болса, қазір әлдеқайда төмен. Сондай-ақ ауруханаға жатқызу да азайды. Бір ай бұрын  бізде науқастар саны өсті. Содан кейін шамамен бір деңгейдегі көр­сеткіштер тұрақты болды. Тәулігіне 500-ге жуық адам ауруханаға жатқызылды, – деді ол. Қазіргі уақытта пульмопровиз­ор­лық және инфекциялық ста­ционарлар 60%-ға толған. Өңірде барлығы 6 444 адам COVID-19 жұқтырған, күнделікті өсім 1,5%-ды құрайды. Қазір ста­ционарларда 2,5 мыңнан астам адам ем қабыл­дауда. Әлеуметтік медициналық сақтадыру қорында сақтан­дырылған COVID-19 және пнев­мониямен ауыратын науқастарға тиесілі тегін антибиотиктер апта соңына дейін Қарағанды облысының емханаларына түсуі тиіс. Сондай-ақ үстіміздегі жылдың қыркүйек айына дей­ін өңірде бес компьютерлік томо­графия кабинетін ашу жос­пар­лануда. Келесі аптада пневмония мен КВИ-дан үйде емделетіндер қажетті антибиотиктерді тегін ала алады. Облыс емханаларына 87 мың бірлік азитромицин және 100 мыңнан астам бірлік амоксициллин келіп түседі. Қа­жетті дәрі-дәрмекке рецептіні тіркеу орны бойынша емханаға жүгіну арқылы немесе DаmuMed қосымшасын пайдалану арқылы алуға болады. Облыста медициналық меке­мелерді техникамен қамтамасыз ету де жалғасуда. Қазір өңірде ӨЖЖ аппараттарымен жабдық­талған 150 реанимациялық төсек бар. Тағы 27 аппарат осы аптада ауру­ханаларға түседі. Осындай 100 құрылғыны сатып алуға бюджеттен ақша бөлінді. Облыстың меди­циналық мекемелерінде 200 от­тегі концентраты бар. Олар науқас­тардың қанында оттегінің қажетті деңгейін сақтауға көмектеседі. «Қазақмыс» корпорациясы мем­ле­кеттік-жекеменшік әріп­тестік бағдарламасы бойынша 200 аппа­рат сатып алады. Қарағанды облысының қала мен аудан әкімдері әлеуметтік желілерде жұмыс істеуді жалғас­тыруда. Енді әкімдіктер Facebook пен Instagram-да өз аккаунттарын жүргізуден басқа «Әкім сағаты» тікелей эфирін өткізеді. Бұл –  ел бойынша баламасы жоқ бастама. Пандемия кезінде халықпен тікелей байланыстың маңыздылығын облыс әкімі Жеңіс Қасымбек атап өтті. – Пандемия әкімдіктердің жұмысына өз түзетулерін ен­гізді, себебі жеке қабылдаулар өткізілмейді, халықпен жиындар мен кездесулер ұйымдастыруға болмайды. Алайда азаматтардың мәселелері, проблемалары, өтін­іштері көп және біз олар үшін қарапайым әрі тиімді механизм ұсынуымыз керек. Облыс тұрғын­дарының біздің облыста барлық деңгейдегі әкімдермен тікелей өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігі болуы тиіс. «Әкім сағаты» ауыл және қала тұрғындарының нақты мәселелерін шешу үшін тиімді алаң­ға айналады деп үміттенемін, – деді аймақ басшысы. Мұндай эфирлер аптасына екі рет өткізіледі: сейсенбі күні сағат 09.00-ден 10.00-ге дейін және жұма күні сағат 15.00-ден 16.00-ге дейін өткізіледі. Нұра ауданының әкімі сейсенбі және жұма күндері сағат 11.00-ден 12.00-ге дейін халықпен онлайн-жүздесулер өткізеді. Ұлытау ауданы да сол күндері 12:00-ден 13:00-ге дейін онлайн-кездесу ұйымдастырады. Онлайн режимінде қала және аудан әкімдері сұрақтарға жауап беріп, азаматтардың өтініштерін қабылдайтын болады. dariger Сондай-ақ, Қарағанды об­лысын­да «Дәрігер.онлайн» пилот­тық жобасы іске қосылды. Жаңа бастама Денсаулық сақ­тау басқармасының қолға алуымен жүзеге асырылды. Карантин жағдайында емханалар қашықтан жұмыс форматына көшті және пациенттермен қашықтан қарым-қатынас орна­ту нұсқаларын пайдаланады. Алғашқы көмек ұйымдарының әлеуметтік желілердегі жұмысы жандандырылды. Мамандар нақ­ты уақыт режимінде Instagram аккаунттарында науқастарға кеңес береді. 14 шілде күні облыстың барлық 46 емханасы тікелей эфир өткізді. Пациенттермен және жазылушылармен байланысқа бірінші басшылар шықты. Олар коронавирустық инфекцияның алдын алу және оны емдеу тә­сілдері туралы айтып, сұрақтарға жауап берді. – «Дәрігер.онлайн» мау­сым айында басталды. Біз па­ци­енттермен тікелей эфир арқы­лы осыған дейін де ара­ласқан болатынбыз. Алғыс айтып жа­зып жатқан пікірлерге қара­ғанда, мұндай байланыс адам­дарға өте қажет. Пандемия мен карантин алаңдаушылық тудырды. Интернет кеңістігінде тексерілмеген ақпарат­қа сүйен­бей, құзыретті мамандардан түсініктемелер алу маңызды, – дейді «Қалалық алғашқы меди­циналық-санитарлық көмек ор­та­лығы» ЖШС директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Светлана Витт. Оның айтуынша, жеке қарауды талап ететін жағдай­ларда сұрақтар жеке тәртіпте пысықталады. Мәселелердің басым бөлігі жоспарлы көмек көрсетуге, дәрі-дәрмекпен қамта­масыз етуге, диагностикаға, тар мамандардан кеңес алу мүмкін­дігіне қатысты болды. Сондай-ақ, емханаларда тем­пературасы жоғары пациенттерді қабылдайтын сүзгі бөлімшесі ұйымдастырылған. Шақыртулар бойынша үйге баратын дәрігерлер мен медбикелерден құралған мобильді бригадалар жұмыс іс­тейді. Әлеуметтік желілерде консуль­тациялар мен байланыс жалға­сады. Instagram-да пневмония ауруымен ауырғандар үшін тыныс алу гимнас­тикасы бойынша жадынамалар жарияланады. Ақ халаттылар ем­хана пациенттерімен онлайн-байланысқа әр апта сайын шығуға уәде берді.  

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы