Беларусь: сайлау алдында қудалау басталды
Беларусь: сайлау алдында қудалау басталды
245
оқылды
DW хабарлауынша, Беларусь президенттігіне үміткер ретінде 7 канди­дат құжаттарын тіркеуге ұсынған. Танымал блогер Сергей Тихановскийдің құжаты кері қайта­рылған. Блогердің жұбайы Свет­лананың кандидатурасын қолдау мақсатында қол жиналып жатқан тұста блогердің өзін қамауға алған. Екінші жағынан, президенттік кампанияның тағы бір өкілі «Белгазпром» басшысы Виктор Бабариконың кеңсесінде тінту жұмыстары жүргізіліп, басшыдан бастап көптеген қызметкері қамауға алынып отыр. Сарапшылардың пікірінше, Бе­ла­русьті 26 жылдан бері басқа­рып келе жатқан президент Алек­сандр Лукашенко өзінің негізгі қар­сыластарын жолдан тайдырған. 14 шілде күнгі қажетті құжаттарды тексеру барысында орта­лық сайлау комиссиясы Беларусь президенттігіне үміткер ретінде 5 адамды тіркеді. Олар – оппозициядағы блогер Сергей Тихановскийдің жары Светлана, бұрынғы депутат Анна Канопацкая, «Говори правду» кампаниясының көшбасшысы Андрей Дмитриев, «Беларусь социал-демократиялық Грамадасы» партиясының басшысы Сергей Черечнь және қазіргі мемлекет басшысы Александр Лукашенко. Бұл тұрғыдан негізгі үміткерлер бұрынғы банкир Виктор Бабарико мен саясаткер Валерий Цепкалоның құжаттарын Беларусь ОСК-сы тіркемей тастаған. Сарапшылар сайлау науқанының бар қызығы осымен аяқталды деген пікірде. Осындай заңсыздыққа наразы бол­ған жұрт көшеге шықты. Алайда жергілікті құқық қорғау органдары оларды қу­ғын­дауға кірісті. Еуро­парламентте Беларусьтегі сайлау қарсаңындағы жағдайға бай­ланысты дебаттар өтті.
– 9 тамызда өтетін президенттік сай­лау біздің ары қарайғы қарым-қатынасымызды анықтау үшін аса маңызды,  – деді ЕО-дағы сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкіл Жозеп Боррель. Дипломат Минскіні оппозициядан шыққан кандидаттарды қудалауды қойып, оның орнына олардың аза­маттық һәм саяси құқықтарын қорғауға мүмкіндік беруін сұрады.
Тәуелсіздік алғаннан бері ел тари­хында алтыншы рет өтетін кезекті президенттік сайлау жаңа есімдерге толы болды. Оның ішін­де елге сыйлы, саяси имиджі жо­ғары Бабарико мен Цепкалоның кан­дидатурасы сайлауалды науқанға бір серпіліс бергені анық. Десе де, оппозицияны жаппай қудалау мен қамауға алу фактілері Еуропарламент депутаттарының үлкен наразылығын туғызумен қатар, қатаң санкцияларды қолға алуды ұсынумен аяқталып отыр. Неміс басылымына сұхбат бер­ген еуродепутат Роберт Бедронь: «Виктор Бабариконы тіркеуден бас тарту мен қоғам белсенділеріне қарсы репрессиялар Минскідегі режимге қарсы санкциялар қолдануға негіз болады» деп жауап берген. Беларусь ОСК-ның шешімінен кейін көптеген азамат наразылық танытып көшеге шыққан. Сарапшылардың есебінше, алдағы сайлауда қазіргі президент 80 пайыздан астам дауыс жинайды. Ал оның кез келген қарсыласына 5 пайыздық дауысты беру жоспары да болуы мүмкін. ЕҚЫҰ-ның Демократиялық инсти­туттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы президенттік сайлауға байқау­шыларын жібермейді. Себебі Беларусь елінен тиісті шақыру жіберілмеген.  

Кәмшат АЙТБАЙҚЫЗЫ